Өзің асыға күтетін газет-журналдың кешігуі де дұрыс емес. Үнемі қауышып жүрген газетінің қай күні шығып, қай мезгілде қолына тиетінін бұлжытпай білетін оқырмандар бар. Баспасөзбен «ауыратын» ондай азаматтардың көңіл күйін былайғы көпшілік түсіне бермеуі де мүмкін. Сондай азаматтардың бірқатары редакцияға хабарласып, өз аяқтарымен барып жазылған газеттерінің үйлеріне уақтылы келмейтінін айтып шағымданған соң, «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалына барып, мән-жайды білмек болдық. Әуелі хат тасушы – курьерлер отыратын орынға бас сұқтық. Неге екенін қайдам, мұндағы мамандар өздерінің аты-жөндерін айтудан бас тартты. Тек аталған филиалдың жедел курьерлік қызметінің басшысы Жамбыл Сапибек: «Бір апта жұмыс күнінің ішінде жазбаша хат арқылы жауап береміз», – деп әңгімені қысқаша қайырғысы келді. Сонда БАҚ өкілдеріне тоң-теріс жауап беріп тұрған жауапты маманның қарапайым тұрғындарға қалай сөйлейтінін көз алдымызға елестеттік. Бұл қызметкерлермен сөзіміздің жараспайтынын түсініп, филиалының әкімшілік бөліміне бет алдық. «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы сату бөлімінің бас маманы Жанат Әшірімбетова:
«Қазір көпшілік қауым жазылымға қатысты жағымсыз жағдайдың барлығын «Қазпошта» қызметінен көреді. Бірақ бізден бөлек тендерге қатысып жүрген «Тараз-Пресс», «Қыран-Пресс» және тағы да басқа жекеменшік құрылымдар бар. Олардың жауапсыздығын да бізге таңатындар аз емес. Сондай кезде қолындағы түбіртегін өзіне көрсетіп: «Бұл мекеме «Тараз –Пресс» емес деп қайтарамыз. Біздің саланың қызметін беталды ғайбаттай беретіндер де көбейді», – дейді.
Айтпақшы, редакцияға Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесі, №157 үйде тұратын Шәріпжан Мәзболдиев деген кісі шағымданған болатын.
«Газет 65 жыл бойғы серігім. Мерзімді басылымды оқымай ішкен асым бойыма дарымайды. Облыстық «Aq jol» газетінің де 60 жылдан бері тұрақты оқырманымын. Бір ай болды, жазылған газеттерім үйге келмейді. «Қазпоштаның» облыстық филиалынан өзім барып алып жүрмін. Ылғи бара беруге шамам жетпейді, жасым келген адаммын. Маған «Aq jol» газетінің үш нөмірін жинап, әр аптаның жұма күні әкеліп берсе де ризамын», – деді ол.
Бұл мақаланы жазуымызға міне осындай шағымдар түрткі болды.
Ал, біз іздеп жүрген мерзімді басылымдарды жеткізу жұмысымен аталған филиалдың пошта, логистика, өндіріс бөлімінің басшысы Гүлмағиза Кервенова айналысады екен. Біз Тараз қаласының Ыбырайым Сүлейменов көшесіне соңғы апталарда мүлдем газет таратылмағанын жеткіздік. Ол сыңайымызды білген соң аталған көшеге жауапты бөлімшенің жетекшісіне қоңырау шалып, жауапсыздықтың салдарын анықтауды жедел тапсырды.
Сөйтсек, Ы.Сүлейменов секілді үлкен көшеге жалақысы аз, жұмысы ауыр болғандықтан, газет таратушы маман (курьер) шақ келмейді екен. Шамамен бір-екі айда ауысып тұратын көрінеді. Жұмысын жақында тастап кеткен маман да бар болғаны бір ай ғана жұмыс істепті. Негізі курьерлердің жалақысы әр көшені жаяу аралап, табандарын тоздырған еңбектеріне татымайды. Оның өзі атқарған жұмыстарына қарай белгіленеді. Мәселен, біз айтып отырған Ы.Сүлейменов көшесіне газет, хат, хабар тарататын маманның жалақысы 50 мың теңге. Әр жақтан түрлі хаттар жолданатын мекемесі көп Тараз қаласының орталық көшелеріне қызмет ететін курьерлердің табысы одан жоғары. Жоғары дегенде 80 мың теңге көлемінде. Әрине, бұл мөлшерді де жоғары жалақы деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймас.
Біз Тараз қаласының Сәтбаев көшесі аумағында 20 жылдан бері хат тасушы курьер болып еңбек етіп жүрген Жамбыл Убиғалиевпен хабарластық. Ол: «Әуелі таңдаған мамандығымыз болған соң, табан аудармай еңбек етіп келемін. Жалақым әр мекенжайға жеткізген хат пен газеттің санына байланысты. Әр хатқа 85 теңге, әр газетке 12 теңге төленеді. Жалпы, бір күндік табысымыз 2500 теңгені құрайды. Ұзақ жыл еңбек еткендіктен, жұмыс орным құрметтеп тұрады. «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының Құрмет грамотасы мен сыйлықтарын әр жылдары алып жүрмін», деді.
Ал, Тараз қаласы, Төле би көшесі, №47 үйде тұратын белгілі айтыс ақыны Ербол Қамбатыр: «Мерзімді басылымдарсыз өзімізді елестете алмаймыз. Жұбайым екеуміз он түрлі газет-журналға жазылғанбыз. Ауламызға пошта жәшігін де жасап қойдық. Біздің көшеге хат тасушы курьер Оля Глушинконың еңбегін жоғары бағалаймын. Аптасына төрт рет газет әкеледі. Жауапкершілігі жоғары жан. Өзі орта жасқа келіп қалған. Әйтпесе, жеке секторға газет тарату деген оңай шаруа емес. Айлығы, шамамен 80-90 мың теңге болар. Мүмкін одан да аз. Мұндай жалақыға күнделікті соншама шақырым жаяу жүру деген – нағыз ерлік. Осы хат тасушы кісілерді нағыз еңбеккерлер деп ойлаймын», деп таңданыс білдірді.
Біз аудан, ауылдарға да хабарластық. «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жуалы аудандық филиалы басшысының орынбасары Алуа Мамаева: «Пошта саласының жұмысы жеңіл емес. Әсіресе, газет, хат таратушы курьерлердің еңбегі ауқымды. Бірақ, жалақылары аса жоғары емес. Кәріқорған ауылының хат тасушысы Қанайым Атанбаева 43 жылдан бері осы жұмыстың ыстық-суығына төзіп келеді. Қарасаз ауылының хат тасушы маманы Надежда Буринаға 27, Б.Момышұлы ауылының хат тасушысы Бану Дулатбаеваға 20 жыл болған. Міне, осындай өз ісіне жауапты мамандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», деді.
Талас ауданы, Ойық ауылдық округі пошта бөлімшесінің басшысы Индира Тұрарова: «Біздің округ бойынша 2900 тұрғын бар. Поштаға 500-ден аса газет-журнал данасы келеді. Республикалық, облыстық газеттерге жазылушылар саны басым. Басылымды, хаттарды таратумен Жеңіскүл Шекерова деген бір ғана маман айналысады. Ол кісінің міндеті мекемелерге жеткізу. Негізі жеке жазылушылар өздері поштадан келіп алып тұрады. Жалақысы өте аз. Айтуға татымайды» деді.
Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы: «Округ бойынша бір пошта торабы бар. Қарасаз әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Бір меңгеруші және үш газет таратушысы бар. Газет таратушылардың айлығы, әрине, аз. Сондықтан бұл орынға жұмыс атқаруға ешкім құлшына қоймайды. Қарасаз ауылдық округі бойынша бес елді мекен бар. Барлығына газеттерді мерзімінде таратуға мүмкіндік жасап отырмыз», – дейді.
Осылайша, бірқатар азаматтардың шағымының негізінде зерделеу жүргізіп, бірталай жағдайға көз жеткіздік. Түсінгенім, қазіргі жалақыны есептеу тәртібі бойынша мерзімді басылым мен хат көбейген сайын хат тасушылардың да жалақысы арта түседі. Бірақ күннің аязы мен ыстығына, жауыны мен боранына қарамай әр көше, әр үйге мерзімді басылым мен хат таратып жүрген курьер мамандардың еңбегі – нағыз еңбек. Осындай ауыр еңбек бағалауға татиды. Хат тасушылардың мәселесі шешілсе, басылымдар да әр үйге кешікпей жетер еді...
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді