– Дайындықтың бəрі ойдағыдай өтті, тас түйін əзір болдым. Финалдық белдесуге дейін бар күшімді сарқа күрестім. Соңғы асуға келгенде қайратымды көрсете алмағаным өкінішті. Бұған дейін де Әлем чемпионатының финалында белдестім. Азия біріншілігі, басқа да халықаралық сайыстарда жығылсаң, өкініш аса қатты қыса қоймайды. Ал, Олимпиаданың дуы, мысы мүлде бөлек екен. Тегеурінді палуандарды жығып, финалға жеткеннен-ақ жанкүйерлер Олимпиада чемпионы деп қабылдап қойды ғой деймін. Өзімнің ішкі буырқанысымды басқара алмай қалдым. Марапаттау кезінде «Жапонияның туы орнында біздің көк байрағымыз желбіреуге тиіс еді ғой» деген өкініш өзегімді өртегенде, ішім алай-дүлей болды. Бірақ, күміс медаль бұйырған екен, бұған да шүкіршілік етемін. Қазақ еліне алтын медаль тарту еткім келіп еді, амал қанша», – деді Демеу.
Жалпы, Жадыраев Жетісу облысының Жаркент өңірінде дүниеге келген. Үшаралдың ұшқыны 13 жасынан бастап білікті бапкер Жұмахан Тұрғанбектің қол астында жаттығады. Баланың бойында бұла күштің бұғып жатқанын байқаған ауылдың қарапайым бапкері арада бес жыл өткенде шәкіртін Алматыда еңбек етіп жүрген Боранбек Қоңыратовқа сеніп тапсырған. Уақыт өте шеберлігі шыңдала түскен ол бүгінде еліміздің белді палуандарының біріне айналып үлгерді. Əуелі, 66 мен 72 килограмм салмақта сайысқа түскен Демеу кейіннен 77 килограмға ауысты. Өзінің спорттық жолындағы ең маңызды жеңісіне де дəл осы салмақ дəрежесінде қол жеткізді.
Жасыратын несі бар, 2017 жылы Париждегі Әлем чемпионатында күміс медальді иеленгеннен кейін көп көзге түспеген Демеудің төртжылдықтың басты бәсекесінде жеңіс тұғырына көтеріледі деп ешкім де ойлаған жоқ. Тек шəкіртінің əлеуеті мен қарым-қабілетін өте жақсы білетін жеке бапкері Боранбек одан күдерін үзген жоқ. Иə, көпті көрген Қоңыратовтың ішкі түйсігі алдамаған екен. Жадыраев алғашқы айналымда колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен ұтты. Келесі кездесуде атағынан ат үркетін, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, əлемнің екі жəне құрлықтың үш дүркін чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмұдовпен күш сынасты. Күресу мәнері керемет Оштың тумасы біздің жігітке есе жіберді. Жартылай финалда Демеудің жолы 2021 мен 2023 жылдары Әлем чемпионатының финалында күресіп, 2020 жылы Еуропа чемпионы атанған Санан Сулеймановпен қиысты. Əзербайжанның азулы палуаны да Үшаралдың ұланын тоқтата алған жоқ. Есеп – 6:1. Жадыраев ақтық сынға жолдама алды.
Жалпы, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын үшінші мəрте қолына алған Мырзағали Айтжанов Парижге жүрер алдында үш медаль (1 алтын, 1 күміс, 1 қола) олжалауға барын салатынын айтқан еді. Бірақ, Олимпиадалық 7 салмақта өнер көрсеткен жеті жампоздың алты оғланы жартылай финалға жетпей қалды. Жеті жігіттің тек біреуі ғана сенімге селкеу түсірмей үмітті ақтады. Естеріңізде болса, 2012 жылы Лондон жəне 2016 жылы Рио жазғы Олимпия ойындарында отандасымыз Əділбек Ниязымбетов (81 килограмм) екі мəрте күміс медаль алған еді. Арада 8 жыл өткенде егіздің сыңары Нұрбек Оралбай олқы тұсымызды бүтіндеп, бұйырмай тұрған күмісті тарту етті. Өзінің алғашқы Олимпиадасына ат байлаған саңлақ бірінші жекпе-жегінде аустралиялық Каллум Питерсті айқын ұтты. Ширек финалда Әзербайжан боксшысы Мұрат Аллахбердиевті жолынан ығыстырса, жартылай финалда доминикандық Кристиан Пианлесті 2:3 есебімен еңсерді. Ал, ақтық сында украиналық Александр Хижнякқа есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Айта кетейік, Хижнякті 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпия ойындарының финалында бразилиялық Консесаон сұлатып түсірмегенде Саша сол тұста-ақ Олимпиада чемпионы атанар еді. Одан бері олқылығын бүтіндеп, қателігін түзеген оның қанжығасында жазғы Олимпия ойындарының күмісі мен алтыны бар.
Енді өзге де спорт түрлері жөнінде бірер сөз. Өкінішке қарай, еркін күрес палуандары Олимпиада додасын сəтсіз бастады. Әлем чемпионатының жүлдегері Азамат Дəулетбеков (86 килограмм) алғашқы айналымда америкалық Аарон Бруксқа 3:4 есебімен жол берді. Ал, Мейрамбек Қартбай (57 килограмм) қырғыз палуаны Бекзат Алмасұлынан айласын асыра алмай, жеңіліс тапты. Франциядағы кезекті жарыс күнінде додаға қосылған велоспортшы Андрей Чугай мен таэквондашы Самирхон Абабакиров (58 килограмм) іріктеуден өте алмады. Бұл күні велотректен спринт бағдарламасында іріктеу додасына қосылған Андрей Чугай 30-сатыға орнығып, қою шаңның ішінде қалды. Ал, осы сындағы жеребе Самирхон үшін қолайсыз түскендей. Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда-ақ Токио жазғы Олимпия ойындарының чемпионы, əлем біріншілігінің жеңімпазы əйгілі италиялық Вито Делльаквилға есе жіберді. Байдарка мен каноэде ескек есуде əзірге еншімізге медаль бұйырмай тұр. 1000 метрге жарыс жолына шыққан Сергей Емельянов өз тобында 4-орынды қанағат тұтты. Бекарыс Раматулла (байдарка) іріктеуде жоғары нəтижеге қол жеткізе алмады. Сонымен, біздің спортшылар Париждегі жазғы Олимпия ойындарынан әзірге 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль олжалап, жалпы есепте 28-сатыға орнықты.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тиісті жұмыстар жүргізіледі
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді