«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Хабарландыру

Хабарландыру
Ашық дереккөз
Жамбыл облысы әкімінің «Тіл жанашыры» жүлдесін тағайындау тәртібі туралы ереже

1.Жамбыл облысы әкімінің «Тіл жанашыры» жүлдесі (бұдан әрі – Жүлде) мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамыту мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу және оларға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады.

2.Облыс әкімінің Жүлдесі 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында табыс етіледі.

3. Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту мен насихаттауға тікелей үлес қосқан тұлғалар Жүлдеге үміткерлер ретінде келесі номинациялар бойынша қатыса алады:

«Тіл майталманы» номинациясы (облыста тіл саясатын насихаттау бағытында ұзақ жылдар жемісті еңбек сіңірген, өңірдің тілдік ахуалын көтеру мақсатында іс-шараларда, игі бастамаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан, мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейтудегі тәжірибесі бүгінгі жастарға үлгі болатын республика, облыс көлеміне танымал тіл жанашыры);

«Тіл тірегі» номинациясы (мемлекеттік тілді тез меңгеруге, емле ережелерін түсіндіріп, мемлекеттік тілді үйрету мақсатында заманауи инновацияларды пайдалана отырып, тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізуге өте ыңғайлы бейнесабақтар топтамасын әзірлеген автор);

«Тіл сақшысы» номинациясы (көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығын қадағалап, өз тарапынан түзету жұмыстарына ықпал ету, жарнамалардағы кемшіліктер мен қателерді жою бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізу. Ұйымдастырылған іс-шаралар мен олардың қорытындылары туралы нақты ақпараттар мен фото, видеоларды, әлеуметтік желілерде жариялап, тіл сауаттылығын арттыруға үлес қосқан облыс тұрғыны);

«Тіл мерейі» номинациясы (мемлекеттік тілді жетік меңгерген, отбасында мемлекеттік тілді қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланатын, тіл мерейін арттыруға бағытталған шараларда белсенділік танытып, қазақ тілін меңгеру арқылы жетістікке жеткен этнос өкілі қатысады);

«Тіл – қазына» номинациясы: (сөйлеу тілінің қазақ тілінде шығуына, қазақ тілінде шешен сөйлеп дағдылануына өзіндік заманауи әдіс-тәсіл қолданып, қазақтілді контент әзірлеп, БАҚ-та, әлуеметтік желіде тұрақты түрде жариялап, көпшіліктің назарына ұсынылған бағдарлама авторы);

«Тіл білгірі» номинациясы (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерімен қатар кемінде 6 тілді жетік меңгерген, шеттілін меңгеру арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытында насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытып жүрген полиглот).

4. Номинацияға қатысу үшін қажетті құжаттар:

1) Түйіндеме, өмірбаян, мекемеден ұсыныс-мінездеме;

2) 1 фотосурет (өлшемі 9х12);

3) Жеке куәлік көшірмесі;

4) Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласында жеткен жетістіктерін, қосқан үлестерін растайтын құжаттардың және материалдардың көшірмелері (грамоталар, дипломдар, алғысхаттар, сертификаттар, мақалалар, жарияланымдар, тақырыптық телехабарлар, бағдарламаларға қатысқанын растайтын олардың CD/DVD көшірмелері). Құжаттар 2022-2024 жылдары атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша ұсынылуы тиіс;

5) Құжаттар 2024 жылғы 25 тамызға дейін қабылданады. Құжаттарды облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына (Тараз қаласы, Төле би 35, №516 кабинет) тапсыру қажет.

5. Жүлдеге үміткер тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады, сонымен қатар Жүлде лауреатының құжаттары үш жыл көлемінде қайта қабылданбайды.

6. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін материалдар қабылданбайды. Үміткерлер ұсынған құжаттар қайтарылмайды, пікір берілмейді.

7. Жүлдені тағайындау тәртібі туралы ереже жергілікті баспа басылымдарында және облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ресми сайты мен әлеуметтік парақшаларында жарияланады.

8. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы комиссияның жұмысшы органы (одан әрі – Жұмысшы орган) болып табылады.

9. Жұмысшы орган өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес:

1) Жүлдеге ұсынылған үміткерлердің конкурстық құжаттарын қабылдап, алдын ала қарастырады;

2) комиссияның қарауына конкурстық құжаттарды ұсынады;

3) жүлде лауреаттарының дипломдарын, сыйақы куәліктерін ресімдейді.

10. Құрамы облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бұйрығымен бекітілген комиссия мүшелері Жүлде лауреаттарын іріктейді. Қажет болған жағдайда комиссия жеке мәселелер бойынша кеңесшілерді, сарапшыларды тартуға құқылы.

11. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес:

1) лауреаттарды іріктейді және номинацияға қатысуға жіберу бойынша ұсыныстар енгізеді;

2) комиссияға түскен материалдар мен құжаттарды қарастырып, зерделейді;

12. Комиссияны төраға басқарады:

13. Комиссия төрағасы:

1) комиссия қызметін ұйымдастырады және басқарады;

2) комиссия отырысын өткізеді және оған төрағалық етеді.

14. Комиссия хатшысы:

1) комиссия отырысының өткізілуін қамтамасыз етеді;

2) комиссия отырысының күн тәртібін белгілейді, комиссия мүшелеріне комиссия отырысының күн тәртібі, өтетін орны мен уақыты туралы хабарлайды;

3) комиссия мүшелеріне келіп түскен құжаттарды ұсынады;

4) Жүлдеге ұсынылған үміткерлер бойынша комиссия мүшелерінің дауыс беруін ұйымдастырады;

5) үміткерлердің жұмысын қарау нәтижесі бойынша хаттама ресімдейді.

15. Жүлде тағайындау туралы ұсыныс Комиссия мүшелерінің ашық және көпшілік дауысымен әрбір үміткер бойынша жеке-жеке қабылданып, хаттамамен ресімделеді.

16. Комиссия хаттамасы негізінде Жүлде тағайындалады.

17. Комиссия отырысы, егер оған комиссия құрамының 2/3 кем емес мүшесі қатысқан жағдайда, заңды болып саналады.

18. Комиссия мүшесі өз жұмысын Жүлде үміткері ретінде ұсынуға құқығы жоқ.

19. Жүлденің сыйақы көлемі бюджетте қарастырылған қаражат есебінен төленеді.

Ұқсас жаңалықтар