Облыста буллингтің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан 2 пилоттық жобаның бірі «Komek Stop Bullying» телеграм каналына 400- ден астам хабарлама түскен. Оның 270-і жазбаша хабарлама болған. Олардың 14-і буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, 2-уі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы. Ал, 20- сы мұғалімдерге, 7-уі ата-аналарға шағымданған, 33-і көңіл-күйлерін білдіру түріндегі жазбалар, 171-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар. Облыс әкімдігінің білім басқармасының Қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбековтің айтуынша, буллинг, бопсалау, тиісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұғалімдер мен ата-аналарға шағымдану жөніндегі 66 шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланған. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралыпты. 37 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілген.
–Үкіметтің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысына сәйкес, 2023 жылдың қараша айында Жамбыл облысында «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленген. Жол картасының 8-тармағына сәйкес, балаларды жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі финдік KiVa бағдарламасын облыстағы 3 мектепте сынақтан өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, олар – Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі, Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі, Сарысу ауданындағы Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебі. Еліміздің Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ұйымдарында «KiVa» буллингке қарсы бағдарламасын сынақтан өткізудің кейбір мәселелері туралы» 2024 жылғы 15 мамырдағы №105 бұйрығымен бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, KiVa буллингке қарсы бағдарламасы бойынша осы мектептердің педагогтері алдағы 13-16 тамыз аралығында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында оқыту курстарынан өтеді. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу жөніндегі «ДосболLIKE» бағдарламасын сынақтан өткізудің кейбір мәселелері туралы» 2024 жылғы 1 наурыздағы №52 бұйрығына сәйкес, облыстың 5 мектебінде аталған бағдарламаны сынақтан өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Яғни, Байзақ ауданында Қосақ негізгі мектебі, Сарысуда Абылай хан атындағы мектеп-лицейі, Тараз қаласында №25, №35, №42 орта мектептерде «ДосболLIKE» бағдарламасы сынақтан өткізіледі. Оқу-ағарту министрінің «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығын орындау шеңберінде мектептерде 1020 әңгімелесулер, 822 құқықтық оқыту, 1581 сынып сағаттары, 711 сыныптан тыс іс-шаралар, 467 семинар тренинг, 114 шеберлік сыныбы, 318 коучинг, 109 конференция, 63 форум, 239 панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Баланы жәбірлеуге (буллингке) жол берілмейтіндігі туралы 168408 оқушы, 85020 ата-ана хабардар етілді. Тағы да айта кетерлік іс – облыста буллингтің алдын алу бойынша 2 пилоттық жоба – «Komek Stop Bullying» және «Психологиялық қызмет HR+» іске асырылуда. Өткен 2023-2024 оқу жылының қыркүйек айынан бері облыста оқушылар мен колледж студенттері арасында буллингтің алдын алу және психологиялық көмекті қажет ететін балаларға дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying» жобасы жүргізіліп келеді. Өткен жылдың 28 тамызында «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы ашылып, ақпараттық жүйесінің QR кодтары білім мекемелеріне орнатылды, – дейді Мұхтар Амангелдіұлы.
Буллингті болдырмау үшін жүргізіліп жатқан жобаның тағы бірі – «Бестерек». Бұл білім басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыс мектептерінде өткен жылдан бері «тәуекел» тобындағы балаларды анықтап, олармен профилактикалық алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Жобаның бірінші кезеңінде 634 жауапты білім мекемелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарымен қамтылса, екінші кезеңде 15 қаңтардан бастап 638 педагог-психологтар мен 445 мектеп директорларына арналған оқыту курстары ұйымдастырылыпты. Осы жобамен биыл жүргізілген диагностикалаудың нәтижесінде жасыл аймақтағы 52162 оқушы, сары аймақтағы 511 оқушы және қызыл аймақтағы 20 оқушы анықталып, олармен түзету жұмыстары қазір де жалғасып жатыр.
– Сонымен қатар, «Бестерек» жобасы бойынша 12 проблемаға ұшыраған 55784 оқушы анықталып, тіркеуге алынды. «Бестерек» жобасы шеңберінде құқық бұзушылыққа, агрессияға бейім 2210 оқушы анықталып, олармен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Бұл оқушылардың 306-сы Байзақ, 94-і Жамбыл, 68-і Жуалы, 292- сі Қордай, 75-і Мерке, 85-і Мойынқұм, 86-сы Талас, 163-і Т.Рысқұлов, 74-і Сарысу, 202-сі Шу аудандарынан болса, тек Тараз қаласынан 765 оқушы анықталды. Оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу мақсатында республикалық «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы және облыстық «109» диспетчерлік қызметі жұмыс істейтінін айта кеткім келеді. «Komek Stop Bullying» жобасы туралы ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда, – деген Мұхтар Керімбековтің сөзіне қарағанда жасөспірімдерді буллингтен қорғауда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық.
Алайда, бұл іске мекеме қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да жауапты болса, бала үшін қауіпсіз қоғам құру әлдеқайда жеңілдер еді. Осы оймен біз баланың буллингке ұшырағанын ата-ана неден байқауы керек және нені ескеруі тиістігін психолог маманнан сұрадық.
– Әдетте буллингке тұйық, момын, көнгіш балалар жиі ұшырайды. Себебі, интроверт балаларды басқару, ұрып-соғу оңай әрі олар ата-анасына жиі шағымдана бермейді. Одан бөлек, оқу үлгерімі жоғары оқушылар да, бет әлпетінде, дене бітімінде қандай да бір ерекшелік бар, мысалы бетінде меңі бар немесе көзілдірік тағатындар да, отбасылық жағдайы төмен балалар да жиі буллингтің құрбаны болады. Оқушылар бір-біріне қалай қысым көрсетеді? Ақша талап етеді, ұрлық жасауға еріксіз итермелейді, топтасып көздеген оқушыны аяусыз ұрып, соққыға жығады. Жағымсыз әдеттерді жасауға күштейді, мәселен шылым шегу, кәмелет жасқа толмай ішімдік ішу деген секілді немесе буллингке ұшыраған оқушының жекеменшік заттарын иемденіп, күштеп тартып алады. Отбасындағы адамдарды да кемсітіп, зиян келтіреді. Сатылымға тыйым салынған заттарды заңсыз сатып алуға итермелейді. «Буллингке ұшыраған балаға не болады?» дегенге келсек, біріншіден – психологиялық тұрғыдан әрдайым қорқынышта жүреді. Сабақ үлгерімі нашарлайды, мектепке бармау үшін жиі сылтау айта бастайды, сабаққа жиі кешігеді. Сондай-ақ, бұл балалар үзіліс кезінде емін-еркін жүре бермейді және үнемі күйзелісте, қорқынышта жүрген балада көптеген созылмалы ауру пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, тәбеті күннен-күнге нашарлайды. Ұйқы режимі бұзылып, тұрақсыз бола түседі. Адамдардан оқшауланып, көпшілік ортадан тез кетуге тырысады. Баланың бойындағы агрессия мөлшері жылдам артып, ата-анаға немесе өзгелерге қол көтеріп, жиі шу шығарады. Жиі өтірік айтуды әдетке айналдырады. Түр-әлпетіне, киім-кешегіне мұқият бола бастайды. Киімдерін өзі жуып, ешкімге көрсетпеуі мүмкін. Мектептен әртүрлі қысымды көрген бала бұл жайында ата-анасына айтуға, шағымдануға батылы жетпейді. Сол себепті ата-ана өз мансабына емес, бала тәрбиесіне, оның күнделікті көңіл-күйіне мән беруі қажет. Бала буллингке ұшыраған жағдайда ата-анасы баламен тыныштықта сөйлесіп, арнайы психолог мамандардың көмегіне, кеңесіне жүгінгені абзал, – деген психолог Марал Исакулова кәсіби көмегіне жүгініп келген балалардың ішінде буллингке тап болғандар жиі кездескенін айтты.
– Соңғы айларда біз жүргізген коррекциялық жұмыстардағы бірер жағдаятты айта кетейін. Бір бала ішкі қорқынышқа байланысты психологиялық көмекке жүгініп келді. Бойында агрессия басым болып, үйінде өзінің кішкентай бауырларына күш көрсететін жағдайға жеткен. Оның себебін, жөнге салу жолдарын ата-анасы анықтай алмай, алып келді. Әуелі баланың агрессиясын анықтауға арналған түрлі әдістемелер жүргізіп, содан соң арт-терапиялық жұмыстар жүргізгенде бойындағы өзгерістің өз қатарластарына қатысты орын алғанын білдік. Сұхбаттасу барысында өзіне дос санағандар оған әлімжеттік көрсетіп, түрлі жағымсыз сөздер айту арқылы жігерін мұқатып, тіпті ақша талап ете бастаған. Соның салдарынан бала мектепке бармаймын деп қиғылық салған. Осыларды анықтағаннан кейін, баланың психикасын қалыпқа келтіруге біраз жұмыстар жүргіздік. Ата-анасы да мектебін ауыстырды. Өзі де жаңа достар тауып, психикасы да қалыпқа келді. Ондағы тағы бір мәселе – қорқыныштың салдарынан бала энурез ауруына шалдыққан, яғни ұйықтағанда төсекке кіші дәретін жіберіп қоятын болған. Шүкір, жүргізілген жұмыстардың көмегімен баланың жағдайы жақсарды. Барлық ата-аналарға айтарымыз – егер балаңыз іні-қарындастарына күш көрсетіп, жиі ашуланып, мектепке барудан бас тартса, оның салдары буллинг болуы мүмкін, – дейді психолог Марал Хантөреқызы.
Ел болашағы жарқын болуы үшін балалар мен жасөспірімдердің бүгіні бақытты әрі кемел тәлім алғаны аса маңызды. Қорқып-үрку мен өтірікке бейімділікті бойға сіңіру толыққанды дамыған тұлға қалыптастыруға мүлдем кереғар. Осыны естен шығармай, келешегіміздің бақыты үшін бүгінгімізге мұқият болайық дегіміз келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА,
журналист
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді