Менің әкем Ұзақ Ахметов Жуалы ауданының Күреңбел ауылында 1924 жылы дүниеге келген. 1941 жылдан бастап Украина, Белоруссия мен Ресей жерінде, тіпті Еуропа мемлекеттерін де қиян-кескі сұрапыл соғыс оты шарпып жатты. Өрімдей жас жігіттерден бастап қолына қару ұстай алатын ер азаматтардың барлығы сол соғыста ерлікпен шайқасып, ата жұрты үшін кескілескен соғыстың қақ ортасында ерлік пен өр рухтың үлгісін көрсетті. Сол бес жыл елдің берекесін қашырған майданнан аман-есен келгендері саусақпен санарлықтай болғанын біз тарихтан білеміз. Менің әкем де сол аждаһадай алапат соғыстан 1945 жылы 15 қазанда әскер қатарынан елге аман-есен оралды. Бірнеше мәрте жараланған кездері де болды. Госпитальде емделіп, шайқасқа қайта қосылып, жауды кері шегіндірген кеңестік әскерлердің сапында жүріп, жеңіске өз үлесін қосты. Майданнан аман-есен оралған әкем Ұзақ Ахметов «Отан соғысы» орденімен, еңбектегі және майдандағы ерліктері үшін әртүрлі 9 медальмен марапатталған. Өкініштісі, Жеңістің 50 жылдығын көре алмай өмірден ертерек озды. Алайда, анам Мәлике екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Анамыз Мәлике Шекенқызы 2015 жылы 22 қарашада өмірден озды. Артынан 30 немересі, 25 шөбересі, 1 шөпшек өсіп келеді.
Баласы Керімқұл Ұзақұлы Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінде шекарада болған Даманск оқиғасында (алақандай арал үшін Қытай мен Кеңес одағының қарулы қақтығысы) әскери борышын өтеп, байланысшы міндетін атқарған. Керімқұл да күрделі қақтығыс кезінде әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік айбыны үшін», «Батыр шапағаты – Бауыржан Момышұлы» медальдарымен марапатталды. Осылайша бейбіт күнде Ұзақ атаның баласы Керімқұл да Қытай мен Ресейдің ортасында тұтанған қанды ұрысқа қатысып, отбасына аман-есен оралып, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешті. Ол 2018 жылы дүниеден озды.
Қалай десек те Ұзақ әкеміздің 8 ұл-қыздары мәуелі бәйтерекке айналғанымызға шүкіршілік дейміз. Үлкен әпкеміз Айкүміс Ахметова «Білім беру ісінің үздігі» құрметті атағымен марапатталған, Тараз қаласындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында ұстаз болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Келіні Ғазиза Ахметова «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған, Тараз қаласындағы №33 балабақшасында логопед. Мен білім саласында жастарды драма үйірмесінде өнерге баулыдым. Сахна – балғындарға өнегелі тағылым ұялататын киелі орын. Оның құдіреті өнер арқылы адам болмысының жағымсыз тұстарынан жирендіріп, ізгілікке баулиды, салиқалы ой тастайды. Ұлттық патриотизмді насихаттап, ұлттық құндылықтарымыздың жақсылығын жарқырата көрсетеді. Сіңілім Құралай Ахметова Тараз қаласындағы №47 орта мектебінде бірнеше жылдар бойы медбикелік жұмысты атқарды. Әке өмірінің жалғасы болған бауырларым Сайын және Рысқұлбек, Сабек пен Алмас Ахметовтер әрқайсысы бір-бір отбасының иесі.
Әкем Ұзақ Ахметов тарихтың шырғалаңында шыңдалып, соғыстан кейінгі өмірде де жан-жақты білгірлігімен аянбай еңбек етті. Партия қатарында болып, қаржы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Қорыта айтқанда, әкеміз бен анамызды қандай болса да қадірлеу керектігін ұрпаққа сіңіріп отыруға тиіспіз. Сонда ғана біз қазақ халқының болмысын, қадір-қасиетін сақтап қаламыз, бабалар салып кеткен ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпайтын жолға бағыттаймыз. Бұл біздің халқымыздың ғасырлар бойы жоғалтпаған асыл болмысы деп білемін. Сол асыл болмысымызға сызат түсірмейтін ұрпақ тәрбиелеу аға буынның міндеті.
Кульсин ҰЗАҚҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді