Үшкемпіровтен Сметовке Дейін

Үшкемпіровтен Сметовке Дейін
Ашық дереккөз
Спорт – жұмбақ әлем. Оның бар құпиясын ашатын да, бар құдіретін танытатын да тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана. Ал уақыт көшіне тірі жан ілесе алған ба?! Сондықтан да бұл екінің бірі қалпақпен ұрып алатын тақырып емес. Бұл спорт тақырыбын «арбаған бір сиқыр» деп өнер биігіне көтерген Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз еді. Егер Сейдағаң осы спорт өнерін қазақ әдебиеті мен баспасөзінің жан сүйсінерлік тақырыбына айналдырып, спорт пен спортшы туралы жазылған дүниелерді бүкіл қазақ жастары жата-жастана, таласып оқитын деңгейге жеткізбесе, осыншама еліктіріп, елітіп қойған құдірет, күш-жігер, ұмтылыстар болар ма еді?!

Сәуірбек Бақбергенов, Қалдарбек Найманбаев, Тельман Жанұзақов, Серік Әбдірайымовтай жазушылар,Тұманбай Молдағалиевтай ақындар, тіптен Ғабит Мүсіреповтай ұлы суреткерлер де спортшылардың алуан түрлі қырларын ашып, қазақ балаларын намыс өнеріне баулу туралы өшпес шығармалар жазған жоқ па?

Аға ұрпақ осылай тәрбиеленді.

Мәселен, қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің әрбір сөзі алтын, әрбір қадамы күміс, жүрген жолы өнегелі деп халық қалай мақтаныш етсе, сол хақ сөздің қадіріне жетіп аялаған журналистер әуелі. Кейінгі жылдары тіптен белгілі жазушы қарындасымыз Сәуле Досжанова Жақсылық аға туралы «Біртуар» деген деректі кітап жазып, таңғалдырды. Бұл кітапта бұрын айтылмаған тың деректер мен ойлар бар.

Бұл күндері сағынышты Жақсылық ағаның 1980 жылдан кейін армандап өткен ең жарқын сөзін, «менің спорттағы ерлігімді бір қазақ палуаны қайталап тұрғанын көрсем, шіркін!» деген арманын 44 жылдан кейін әлемдік деңгейдегі дзюдошы, өзінің нағыз ізін қуған інісі, ауылдас бауыры Елдос Сметовтың 31 жастан асқан шағында керемет жеңіспен орындағанын жарыса жазып жатырмыз. Жақаң да 29 жасында ХХІІ Мәскеу Олимпиадасында жеңіске жетіп, Халықаралық Олимпиада комитетінің жылнамасына «қазақ» деген ұлтты 67-ші ретпен жаздырған еді.

Елдос ұрпағы болса, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асырып, жазғы Олимпиаданың үш кезеңінде алтын, күміс және қола медалін иеленген тұңғыш қазақ спортшысы болып тарихқа енді. Бұл қасиетті жеңістердің рухы еліміздің көк туын бес құрлықтың спортшылары бас қосқан Олимпиада төрінде желбіретті.

Қазақтың байтақ өлкесі Әулиеатадан шыққан шарболат спортшылардың ерліктері қалай-қалай сәйкес келеді, ә?!

Жақсылық Үшкемпіровтен Елдос Сметовқа дейін!

Тарих бедерінде Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибрайымов, Ислам Байрамуков, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаровтар олимпиадалық ойындарда жұлдыздай жарқырап, атой салған жоқ па?!

«Жақсылық ағаның арманын орындадым!» деді Елдос! Мың алғыс!

Кеше Несіп Жүнісбайұлы ағасы «Қуаныштан жыла!» деп тебіренді. Ерен талант Қыдырбек Рысбек қазақ спортының жарқын жылдарынан тамаша эссе жазды.

Сол ағалар. Сол журналистер. Сөз құдіреті қандай!

Жеңімпаздар тарихында Сейдағаң мен Несіп ағадай сырлы, қазақы бояуы қанық, мүсінші қолынан шыққан құймадай бейнелі шығармаларымен танымал көрнекті спорт журналистерінің ағалық жолы да әрдайым жүректерде тұруы керек деп ойлаймыз.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

Ұқсас жаңалықтар