«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бала – ата-ананың айнасы

Бала – ата-ананың айнасы
Ашық дереккөз
Ілгеріде Құдай қосқан екі көрші болыпты. Екеуі де бір ауылдан шыққан, жас аралықтары да құралпылас замандастар екен. Балалары да бір мектепке барып, үйдің алдындағы кішкентай аулада бірге ойнайды.

Бірақ, әлгі көршілердің біреуі баласына үнемі:

«Балам, ойыншығыңды ешкімге бермей өзің ойна. Олар бекерге сындырып тастайды», « Балам, мынаны ешкімге көрсетпей жеп ал», «Балам, оларға есеп шығарып берме. Шаршап қаласың», дей береді екен. Ал екінші көршісі керісінше жеті жастағы ұлына үнемі: «Балам, мектепте тамақ сатып алсаң, қасыңдағы досыңа да бөліп бер. Кішкентай болса да жесін. Саған қарап қызығып қалмасын. Кезектесіп ойнаңдар. Ойыншықтарыңды өзің ғана ойнай бермей анда-санда қасыңдағыларға да беріп тұр. Ол саған қарап тұра ма? Түскі ас алар кезде достарыңның ақшасы жетпей қалса, сен бере сал», – дейді екен.

Содан жылдар жылжып, әлгі екі көршінің балалары есейіп, өз қолдары өз ауыздарына жететін уақыт келіпті. Екеуі де оқу бітіріп бір-бір әулетке еге болады. Қызметке тұрады. Балам, «қасыңдағыларға қарайлас» деп үйреткен әкенің баласы айналасына сіңімді, туыс-туғанына қайырымы мол, жұғымды жігіт болады. Әріптестері елгезектігі, мәрттігі, кішіпейілдігі үшін сыйлайды. Ал әлгі «Балам, ешкімге көрсетпей жеп ал» деп тәрбиелеген әкенің баласы қара басының қамын күйттегіш, ешкімге пайдасы жоқ, сараң, әр нәрсеге сынғыш, күйгелек болып өседі.

Біз бұл мысалдан нені аңғарамыз? Бала – біздің айнамыз. Біреудің бүгінгі бейнесі – кешегі үйіндегі тәрбиенің жемісі. Біз қоғамды өзіміз жасаймыз. Сондықтан болашағының баянды болуын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына мән бергені жөн. Өз балаңызға сәл ғана көңіл бөлуіңіз бен оң тәрбиеңіз болашақта мол жемісін беруі мүмкін.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар