«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кішкентай оқырмандар 3 миллионнан асқан

Кішкентай оқырмандар 3 миллионнан асқан
Ашық дереккөз
Бүгінде кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, оқырман ақпарат алатын, бірлесе жұмыс істейтін, ойын, білім, ғаламторды ұштастырған заманауи тағылым алаңына айналуда. Кітапхана өмірі сырт көзге біліне бермейтін ағысы баяу орын болып көрінгенімен, ХХІ ғасырдағы білім ордасы – кітапханаға оқырман тарту, кітап сөрелеріндегі кітаптарды оқырман қолына жеткізу бағытында түрлі жабдықтармен қамтылып келеді.

Өткен ғасырда кітапхананы «кітап ғибадатханасы» деп атаған. Өйткені кітапханалар тек кітап, газет-журнал сынды басылымдарды сақтау, оларды оқырманға уақытша пайдалануға ұсыну орталығы ғана болды. Ал қазіргі таңда жастарды білімге баулып, оқулықтарға деген сұранысты арттыру мақсатында оқырман үшін түрлі жабдықтармен қатар ыңғайлы жағдайлар жасалған.

Сонымен қатар, заманауи кітапхананың ұтымдылығы – уақытты тиімді пайдалану. 2005 жылы «РАБИС» бағдарламасын сатып алуға байланысты кітапханалық процесстерді автоматтандыру, кітапхана жұмысын түбегейлі өзгертті. Кітапхана қорына ағымдағы түсімдер туралы ақпарат енгізуде электрондық каталогты қалыптастыру бар қарқынмен жүргізілді. Қазіргі уақытта кітапханада 68 автоматтандырылған жұмыс орны бар. Халқымыздың тұрмыс салтын, дәстүрін, мәдениетін, әдет-ғұрпын өскелең ұрпаққа барынша толық насихаттауда кітапхана жанынан «Қаламгер», «Дәстүр», «Жас саясаткер», «Tower» клубтары жұмыс істейді.

Жалпы, қазақ кітаптың қадірін білген халық. Сондықтан Мемлекет басшысынан бастап, қарапайым жұртшылыққа дейін кітап оқудың маңызы жиі айтылып жүр. Естеріңізде болса, Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп айтқан еді.

Бүгінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Президенттің айтуынша, енді күндіз-түні оқырманға есігі ашық тұратын кітапхана Алматы мен Астанада ашылмақ. Бұл да кітапсүйер қауым үшін зор жаңалық болып отыр. Жақында бұл бастама Қызылорда облысында қолға алына бастады. Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырғаны есімізде. Еліміздің Оқу-ағарту министрілігі әзірлеген «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі де жасақталды. Бұл тізімге қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма еніпті. Хәкім Абайдан бастап, Ахмет Байтұрсынұлы, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев және Эрнест Хемингуэй, Джек Лондон қатарлы әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдері де бар. Осындай іргелі бастаманың нәтижесінде былтыр кітап оқитын балалар саны 3,2 миллионға жетті. Ал кітап қоры 137 миллионға артқан.

Енді кітапханаларды жаңғырту және цифрландыру жұмысы қолға алынып отыр. Сонымен қатар, кітапханаға тұрақты келушілер санын 2 миллион адамға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл дегеніңіз – «Заманауи кітапхана: заманауи кітапханашы» қағидасының өміршеңдігін көрсетіп, кітапханашылардың жауапкершілігін де еселейді деген сөз.

 

Жазира БАЗАРБАЕВА

Ш.Уалиханов атындағы

облыстық әмбебап ғылыми

кітапхананың ақпараттық

-библиографиялық қамтамасыз

ету бөлімінің меңгерушісі

Ұқсас жаңалықтар