Ауданда бұл бағытта қолға алынған жобаның бірі – Жетібай ауылындағы «Али» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен ашылған металлочерепица цехы. Жылдық қуаттылығы 2000 шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы өндіріс орны арнайы қондырғыларын Қытайдан алған. Бүгінде мұнда аталған өнімнің екі түрі шығарылады.
– Қолға алынған кәсіп бүгінде тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие құрылыс материалдарын өндіреді. Мұнда шатыр жабу үшін пайдаланатын қысқа өлшемді металл жабындыдан бөлек, профнастил түрлері де жасалады. Тұтынушылар сұранысына қарай әртүрлі өлшемде, әртүрлі қалыңдықта өнім шығарамыз. Жоба аясында кәсіпке қажетті 13 миллион теңгеге екі қондырғы алдық. Соның нәтижесінде бүгінде бәсекеге қабілетті, нарықтық бағадан арзан өнім өндіреміз. Өндіріске қажетті шикізаттар Алматы қаласынан жеткізілді. Жалпы облысқа мұндай құрылыс материалдары шет өңірлерден келетіндіктен, аталған кәсіп бүгінде өз тиімділігін танытып отыр. Жақын аумақтағы елді мекендерде жер алып, үй салушылардың қатары да артып отырған соң, сұраныс еселене түсуде. Алдағы уақытта өндірісімізді кеңейтіп, әртараптандыруға басымдық бермекпіз, – дейді «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырған кәсіпкер Ғанибек Жұмасаев.
Бұдан соң вице-премьер Кеңес ауылындағы мал бордақылау алаңы мен «Кеңес-23» кооперативінің жұмысымен танысты. Күмісбек Самыков басшылық ететін «Күмісбек» жеке кәсіпкерлігі бұған дейін де мал шаруашылығымен айналысып келген. Былтырдан бастап мемлекеттік қолдауға өтінім беріп, өтініші қанағаттандырылған соң, мал бордақылау ісіне ден қойған. Бүгінде мұнда жеті бас мүйізді ірі қара мен сүтті бағытта жеті бас құлынды бие бар.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Бұл әсіресе, ауыл тұрғындары үшін тиімді жоба екендігіне көзіміз жетіп келеді. Мұнда бір жылдық демалыс кезеңі қарастырылып, несиені жылына екі мәрте бөліп төлеу арқылы шаруалар өз ісін дамытуға мүмкіндік алуда.
Бүгінде өз сиырларымыздан күніне 40 литр шамасында сүт аламыз. Биелерден де сол шамада сүт шығады. Оларды құрт, май күйінде ауыл халқына, жақын дүкендерге өткіземіз. Қыс айларында сұраныстың өсуіне байланысты мал бордақылаумен айналысамыз, – дейді кәсіпкер.
Ал, төрт кәсіпкерліктен құралған «Кеңес-23» кооперативі жоба аясында жалпы сомасы 48,8 миллион теңгеге кәсіпкерлік нысанға қажетті техникалар сатып алған. Оның қатарында отандық тракторға 30 пайыздық субсидия мемлекеттік қолдау қарастырылған. Ауданға жұмыс сапарының соңында көлік жуу мен монша кәсібінің жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездескен вице-премьер Тамара Дүйсенова мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалана білген кәсіпкерлер алдағы уақытта өз кәсіптерін әртараптандыруға баса күш салу керектігін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Егер ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартамыз десек, «Ауыл аманаты» жобасымен қатар, жастарға берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер, «Ауыл – ел бесігі», субсидияланатын жұмыс орындары секілді қолдау шараларын бірлесе қолданған жөн. Бұл ретте облыс әкімдігі мен мүдделі орталық мемлекеттік органдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмысы қажет. Сондай-ақ, кәсіпкерлер дәстүрлі ауыл шаруашылығымен айналысқан жағдайда кәсібін әртүрлі салада дамытуға бейімделу керек. Өйткені, барлығына қолжетімді кәсіп түрлерінде бәсекелестік күн сайын арта беретіні сөзсіз. Сол себепті мұнда жаңа технологияларға басымдық беріп, жаңа инновацияларды енгізуге қызығушылық таныту аса маңызды. Сонда ғана жоба халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы тиімділігін таныта алады, – деді Премьер министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Айта кету қажет, биыл жоба аясында облыс әкімдігі тарапынан қосымша кәсіпкерлік бағытында іске асырылатын 11,5 миллиард теңгеге 1476 жоба тізімі нақтыланған. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді