Мемлекет басшысының Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым» деген сөзі көңілімізге қанат бітірген болатын. Мемлекет басшысының бұл салаға назар аударуы қуантады. Дегенмен, аудандық және ауылдық кітапханаларда шешімін табуы тиіс мәселелер аз емес.
Әуелі айтарымыз, Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапхананың Аmanat партиясының аудандық филиалының ғимаратында ұзақ жылдан бері отыруы. Президенттің оң көзқарасы әсер етті ме, әлде осынау қордаланған мәселенің шешілер сәті жетті ме, қазіргі таңда аталған ауданның орталығы Аса ауылының кіреберісінде заман талабына сай аудандық орталықтандырылған кітапхана салынып жатыр. Бұйырса, келесі жылы құрылысы аяқталады деген жоспар бар. Бұл туралы бізге Аmanat партиясының аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков:
«Рухани қазынамыз саналған аудандық кітапхананың жеке ғимараты болмауы жанымызға батып жүруші еді. Ұзақ жыл осындай қиындықты кешіп келген көршілес мекеменің жайлы ғимаратқа көшетініне қуанып отырмыз», – деді. Ал, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жансая Оспанова: «Жасыратын несі бар, отыз жылдан астам уақыт аудандық кітапхананың жағдайы мәз болған жоқ. Балабақшаның ғимаратын да уақытша паналады. Ойға барды, қырға барды. Кейінгі жылдары Аmanat партиясының филиалында жалданып отыр. Бірақ «ештен кеш жақсы» дегендей, аудан әкімінің қолдауымен кітапхана үшін арнайы ғимарат салынуда. Аса ауылында кітапхана ғимаратының құрылысын салу үшін 390 миллион 425 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған. Мердігер «Каз Монтаж Альянс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып анықталған. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Осы жылдың аяғына дейін толық бітеді деп күтілуде», – деді.
Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханасы да Аmanat партиясының аудандық филиалымен бір ғимаратта отыр. Аудандық кітапхананың директоры Қайсар Асылбеков:
«Біз орналасқан екі қабаттан тұратын ғимараттың астыңғы қабаты толық біздің теңгерімімізде.
Ал, үстіндегі қабат Аmanat партиясының аудандық филиалының теңгерімінде. Екінші қабатта аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясы орналасқан. Редакция аманаттықтарға жалданып отырғаны үшін төлем төлейді, – деп мәселені түсіндірді.
Ал, Аmanat партиясының Жуалы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбетов: «Бұл мәселе күні бүгін шыққан жоқ. Ұзақ жылдан бері жағдай осылай. Дегенмен, редакция жалға алып отырған бөлмелеріне төменгі мөлшерде ақы төлейді», – деді.
Бұл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі жағдай. Ал, кейбір аудандағы ауылдық кітапханалардың мәселесі сын көтермейді. Мәселен, Шу ауданындағы Қорағаты ауылдық округіне қарасты ауылдар саны үшеу болса, соның біреуінде ғана кітапхана бар. Қалған Жиенбет, Еңбек елді мекенінің оқырмандары округтің маңдайына біткен Мойынқұм ауылындағы жалғыз кітапханаға қатынауға мәжбүр. Сонда округ орталығындағы кітапханаға 7-8 шақырым қашықтықтағы Еңбектен, 3 шақырым жердегі Жиенбеттен тұрғындар келіп кітап алып оқиды деуге сену қиын. Еңбек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Бақытжан Ризашбеков:
«Біздің елді мекенде кезінде 42 түтін болған. Жұрт тіршілік қамымен жан-жаққа көшіп, қазір 32-33 шаңырақ қалды. Мұнда кітапхана ешқашан болмаған. Ал, білім ошағынан бастауыш мектеп ғана бар. Бастауыш болған соң, ондағы шағын кітапхана бастауыш сыныптың оқулығын таратумен ғана шектеледі. 33 шаңырақта шамамен 150-160 адам бар. Кітап оқығысы келетін зейнеткерлер де баршылық. Бірақ, ондай мүмкіндік әзірге болмай тұр. Ал, Жиенбет ауылында 1 мыңға жуық тұрғын бар. Ол жерде де кітапхана жоқ», – дейді.
Біз бұл мәселе туралы Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Дәулетханқызына хабарласқан едік. Ол:
«Кітапхана ашылуының да заңдылықтары бар. Кемінде 2 мың тұрғыны, 600 оқырманы бар ауылға бір кітапханашы бірлігі беріледі. Сондықтан, әзірге Жиенбет пен Еңбекте кітапхана жоқ. Оқырмандардың мәселесін түсініп отырмыз. Алайда, аталған ауылдардың мәселесін шешу біздің құзырымызда емес», – деді.
Бұрын Жиенбет ауылында кітапхана болған екен. Ал, біз 1 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға жарты бірлік штатпен болса да, неге кітапханашы ұстамасқа деп ойладық. Ауыл тұрғындары да осыған алаң. Сонымен қатар, біз хабарласқан Шу, Байзақ, Қордай аудандарында ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында, мектепте орналасқан ауылдық кітапханалар саны аз емес екен. Мәселен, Қордай ауданындағы Ноғайбай ауылдық кітапханасы Рза Қунақова атындағы орта мектептің екінші қабатында орналасқан. Яғни, аты дардай ауылдың кітапханасы аядай жерде орналасқан екен. Осы ауылдағы ұстаз Сәуле Нақысбекова:
«Бұл кітапхананың мектепте орналасқаны ауыл тұрғындары үшін қиындық туғызатыны анық. Мектептің өзінің де кітапханасы бар. Сондықтан, ауылдық кітапхананың орны басқа ғимаратта болуы тиіс», – дейді.
Сонымен қатар Қордай ауданы, Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылдық кітапханасы да мектептің бір бөлмесін паналап отыр. Бұл туралы Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Әйгерім Қылышбекова:
«Қызылсай ауылында кітапхана ғимараты жоғы рас. Тұрғындардың реніш тудыратындай жөні бар. Ол жақтағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда кітапхана мәселесі күрделене түсті. Бір үйді кітапхана үшін жалға алып берейік десек, ондай ыңғайлы үй де шықпай тұр. Аудандық кітапхананың өзі мәдениет үйінің ғимаратында отырмыз. Ал, ауылдардан кітапхана үшін ғимарат беріліп жатса, тек қуанамыз. Бірақ, ондай мүмкіндікке қашан жетеріміз белгісіз», – дейді.
Қорыта айтқанда, бірқатар аудандардың кітапханаларындағы өзекті мәселелерді айтып өттік. Басқа-басқа аталған бағытты жақсартамын десе Қордай, Шу, Байзақ аудандарының бюджеті көтереді деген ойдамыз. Бәлкім, Жамбыл ауданында жарқыраған жаңа кітапхана ғимаратының тұсауы кесілген күні басқа аудандар да ойланып, оң шешім қабылдар деген сенімдеміз. Ал, оған дейін сала мамандарының күрделі жағдайда жұмыс істей беруіне тура келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді