ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР НЕЛІКТЕН ПАРАДҚА ТҮГЕЛ ҚАТЫСПАДЫ?
Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы сапынан 80 саңлақ қатысатыны анық. Десе де, бұл спортшыларымыздың барлығы дерлік күні кеше өткен ашылу салтанатына қатысқан жоқ. Өйткені, әр спорт түрі бойынша сайыстың өту мерзімі де әр күнге жоспарланған. Мәселен, 26 шілдеге дейін Франция астанасына бірнеше спорт түрлерінен өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгерді. Атап айтқанда, бұл саңлақтар академиялық ескек есу, садақ ату, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорттан сынға түседі. Олардың саны – 47 спортшы ғана.
Ал, жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз екі күннен кейін Парижге аттанады. Алайда, Ольга Сафранова салтанатты шеруде ту ұстайтын болғандықтан, әріптестерінен бірнеше күн бұрын ерте барды. Боз кілемде бақ сынайтын еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана жол жүрсе, брейкингтен сынға түсетін Әмір Закиров 8 тамызда француздардың атамекеніне табан тіремек. Сонымен, кері бағытта яғни, 4 тамыз күні ең әуелі академиялық ескек есу мен дзюдо шеберлері елге оралады деп күтілуде.
25 СПОРТ ТҮРІНЕН 92 ЖОЛДАМА БАР
Париж Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін аты аңызға айналған әйгілі боксшы Геннадий Головкин тізгінін ұстаған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті қорытынды шығарғаны ел есінде. Нәтижесінде еліміздің олимпиадалық құрамының сапына спорттың 25 түрінен 92 жолдаманы жеңіп алған 80 спортшы енгені белгілі болды. Иә, бұл цифр бұған дейінгі Олимпия ойындарының қатысушыларымен салыстырғанда айтарлықтай аз. Нақтылай түссек, Тынық мұхит аралдарында орналасқан күншығыс елі – Жапония астанасы Токио төрінде өткен Олимпиадада 96 отандасымыз бақ сынаған еді. Өкінішке қарай, сол сында су добынан жарысқа түскен ерлер құрамасы командалық сайыс түрінен жодаманы иемдене алмады. Ал, Олимпиада ойындарына қатысудың ең жоғары көрсеткіші 16 жыл бұрын Бейжіңде тіркелді. Ол тұста 130 спортшымыз ел намысын қорғаған еді. Әйтсе де, бұл жылы командалық гандбол мен волейболдан 27 отандасымыз ғана өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл саннан гөрі сапаға ерекше мән берілгенін айтады.
– Біздің басты мақсатымыз – Токио Олимпиадасында көрсеткен нәтижені жақсарту. Бұл жерде мынаны ұғыну керек. 10500 спортшы қатысатын дүбірлі додаға кіл мықтылар жиналады. Сол себепті, біз спортшыларымызды тек физикалық тұрғыдан дайындап қана қоймай, психологиялық жағынан да жұмыс істедік. Париж Олимпиадасына дайындық үшін арнайы топ құрдық. Азия ойындарынан кейін күрделеніп қалған бірнеше мәселемен жұмыс істедік. Енді жоғары нәтиже күтеміз, – деді ведомство басшысы.
МОЛ ТӘЖІРИБЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Жалпы, сіз бен біз үшін әр Олимпиада бір сабақ. Айтулы сында тек спортшыларымыз ғана емес, жанкүйерлер де мол тәжірибені жинайтыны анық. Ендеше, мол тәжірибе жарқын жеңістерге жол ашатыны айтпаса да түсінікті. Әйткенмен, әр Олимпиада сайын жеңіл атлеттеріміздің саны қысқарып келе жатқаны ащы шындық. Айталық, осы жылы ең көп жүлде үлестірілетін жеңіл атлетикада небәрі 7 спортшымыз 8 ғана жолдаманы місе тұтты. Ал, оның екеуі Шығыс Африкада орналасқан Кения елінің азаматтары. Бұл күнде Нора Жеруто және Дейзи Жепкемей есімді қос спортшы да Қазақстан азаматтығын алған. Нора екі жыл бұрын АҚШ-та өткен әлем чемпионатында 3000 метрге кедергімен жүгіруде белгіленген қашықтықты 8:53.02 уақытпен еңсеріп, біздің елге тұңғыш рет алтын жүлде алып берген еді. Бірақ, 2023 жылы допинг дауына байланысты бір жылдай ресми жарыстарда бой көрсетпей, тек 2024 жылғы АҚШ-тағы USATF Los Angeles Grand Prix турнирінде 9:22.45 нəтижесімен жолдаманы иеленді. Бұл – өте нашар көрсеткіш. Париж Олимпиадасында желаяғымыз қалпына келсе, чемпиондыққа басты үміткер болмақ. Ауыр атлетикадан алғаш рет Қазақстан жүлдеге араласа алмайды. Естеріңізде болса, Токио Олимпиадасында допингке байланысты бір-бір ер мен əйелге қатысуға рұқсат беріліп, Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола жүлдегер атанған еді. 2022 жылы Колумбия астанасы Боготадағы əлем чемпионатында 73 килограмм салмақта Алексей Чуркин мен 96 килограмм салмақта Нұрғиса Əділетұлы жүлдегерлер тұғырынан көрініп, əжептəуір үміт сыйлады. Алайда, 2022 жылдан бері 34 ауыр атлетіміз допингке байланысты спорттан шеттетілді. Күрес түрлерінен небəрі 8 жолдамаға иелік етті. Ал, теннистен 5 спортшымыз қатысып отыр. Солардың арасында чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі ретінде 2022 жылғы «Уимблдон» бəсекесінің чемпионы, əлемдік рейтингте 4-орында тұрған Елена Рыбакинаға сенім артылған еді. Бірақ, Олимпиадаға бір күн қалғанда теннистегі басты фавориттердің бірі, нәзік жанды аруымыз Францияға бара алмайтынын айтты. Айтуынша, бұған денсаулығының жарамауы себеп болған.
– Уимблдон турнирінен кейін мен өткір бронхитке шалдықтым. Жаттығуға қайта оралуға қанша тырысқаныммен, ағзам сол күйі қалыпқа келмеді. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салып отыр. Париж Олимпиадасында ұлттық құраманың намысын қорғап, сіздердің үміттеріңізді ақтай алмайтыным өкінішті. Токиода жүлдеге бір табан жақын болып едім, содан кейін Париждегі ойындарда Қазақстанға алтын сыйлаймын деп жоспарладым. Өкінішке қарай, ауруым бұл жоспарымды жүзеге асырмады. Қазақстан спортшыларына Парижде сәттілік серік болсын. Біздің барлық атлетке жанкүйер боламын. Олар Қазақстан намысын абыроймен қорғайтынына сенемін. Алға Қазақстан!», – деді Рыбакина.
Атап өту керек, Токио Олимпиадасының жартылай финалисі Елена кейінгі үш жылда «Уимблдонда» үш жыл қатарынан ширек финал, 2024 жылы «Australian Open» жарысында финалға, «Roland Garros» үлкен дулығасында ширек финалға дейін жетті. Бүгінде мамандардың пайымдауынша, Елена Рыбакина – чемпион атануы мүмкін спортшылардың тізімінде болатын. Юлия Путинцева мен Александр Бублик те биылғы маусымды өте сəтті өткеріп, жеке рейтингте рекордтарын жаңартты. Ал, дзюдошыларда 8 жолдама бар. Басты үміт – бүгін Париж төрінде татамиге шығатын 48 килограмдағы əлем чемпионатының екі мəрте қола жүлдегері Əбиба Əбужақынова мен 60 килограмм салмақта өнер көрсететін Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовте. Осы тұста айта кетсек, Париж Олимпиадасында тұңғыш рет ерлер мен əйелдердің үлессалмағы 50/50 пайызды құрайды. Алайда, еліміздегі 80 спортшының 54-і ерлерден құралса, тек 26-сы ғана əйелдерді қамтиды. Қазақстан өз тарихында жазғы Олимпиада ойындарында 71 жүлде алса, оның тек 18-ін нəзікжандылар жеңіп алған. Əйелдер арасынан алғашқы жүлдені 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 100 метрге кедергімен жүгіру сайысынан Ольга Шишигина иеленді. Ең көп медальды үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова алды.
БОКСШЫЛАР БАБЫНДА МА?
Өзгесін айтпағанда, біздің ел күрзі жұдырықты боксшыларымызға зор сенім артады. Қуанарлығы, биыл ерлер құрамасы үшінші мəрте Олимпиадаға толық құрамда барады. Былтыр спортшыларымыз Өзбек елінің астанасы Ташкентте өткен əлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс алғаннан кейін жанкүйерлер де тек жоғары орындарды талап етуде. Бірақ соқыр жеребе болғандықтан, барлығы бақ пен төрешілердің де шешіміне тікелей қатысты. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, боксшылар 1 алтын, 1 күміс жəне 1 қола медаль алуды меже етіп отыр. Париж Олимпиадасына баратын спортшылардың ішінде боксшылардан кейін саны жағынан нысана көздеушілер екінші орында тұр.
15 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын бəсекеде 9 отандасымыз жүлдеге таласады. Ұмытпасаңыздар, Токио Олимпиадасында небəрі үш ғана спортшымыз өнер көрсеткен еді. Бұл сайыста сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында винтовкамен атудан Сергей Беляев пен Владимир Вохмянин жүлдегерлердің қатарына кірді. Семсерлесу спортынан ерлер құрамасы іріктеу кезеңінде өте жақсы өнер көрсетіп, 2023 жылы Түркиядағы əлем Кубогінің кезеңінде командалық сайыстан чемпион атанса, Италиядағы əлем чемпионатында Руслан Құрбанов қола жүлдеге қол созды. Командалық сайыста 8 ғана мемлекет қатысатындықтан, жүлдегерлер қатарына ену мүмкіндігі жоғары.
Биыл жеке сайыста 35 спортшының арасынан үш жерлесіміз жүлдеге ұмтылады. Спорттық гимнастикадан Милад Каримидің бір өзі ең көп, 7 сайыста бақ сынайды. 2023 жылы Милад Бельгиядағы əлем чемпионатында көпсайыстан қола жүлде алғандықтан, одан да күтетініміз мол. Ат снарядындағы жаттығудан əлем Кубогінің кезеңдерінде топ жарып жүрген Нариман Құрбанов та Париж төрінде аянып қалмасы анық.
ШЫМБЕРГЕНОВТІҢ ШЫҢЫ: АСЛАНБЕК АЛТЫННАН ҮМІТТІ
Париж олимпиадасында жұдырықтасатын боксшылардың ішіндегі ең тәжірибелісі әрі жасы үлкені – Асланбек Шымбергенов. Талай жылдар бойы тасада қалып жүрген жерлесіміз өзінің алғашқы Олимпиадасында өнер көрсетеді. Бастысы, ұлттық құрама капитаны алтынға үміткер боксшылардың қатарында. Ендеше, қоржынына Олимпиада алтыны ғана жетіспейтін Асланбек Париж төрінде барын салатыны анық. Жалпы, Қазақстан құрамасы бокстан екі алтын алуы мүмкін. Соның біреуін Сәкен Бибосынов алады десек, екіншісін дәл осы Асланбек иеленуге тиіс. Әрине, оның да себептері жоқ емес. Өйткені, бұл салмақтағы басты фаворит – Шымбергенов. Асланбек Париж төрінде сынға түсетін біраз спортшылармен жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Дегенмен, отандасымызға тегеуірін көрсетіп, қарымды қарсылас бола алатын мықтылар да жетерлік. Солардың ішіндегі ең қауіптісі әрі қарымдысы ретінде жапониялық Сэвон Окадзава мен өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаевты ерекше атауға болады. Жамбылдық оғлан екеуімен де жұдырықтасқан, екеуінің де әлеуетін жақсы біледі. Тіпті, өзбек боксшысын Азия ойындарында үш рет нокдаунға жіберіп, әбден сабаған еді. Негізінде, оның жапон боксшысын да ұтқанын күллі жанкүйерлер көрді. Бірақ, төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің құрбаны болып, қып-қызыл әділетсіздікке ұшыраған еді. Асланбек сол жекпе-жекте Окадзаваны екінші рет ұтқан болатын. Айта кетейік, ол бұған дейін жапониялық жампозбен жұдырықтасып, «Елорда кубогінде» басым түсті.
Жалпы, Асланбек пен Окадзава Париж төрінде өнер көрсететін біраз боксшылармен осы уақытқа дейін жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Шымбергенов Париж Олимпиадасында сынға түсетін 5 боксшыны жеңсе, Сэвон 7 боксшыдан басым түскен. 2021 жылғы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Окадзава Омари Джонс, Асадхужа Муйдинхужаев, Зейяд Ишаиш, Нишант Дев, Вахид Аббасов сынды жүлдеден үмітті мықтылардың мысын басқанымен, Асланбек үшін ыңғайлы қарсылас. Сэвон аяқта қимыл-қозғалысы жылдам және екінші нөмірмен жақсы жұдырықтасатын боксшы болса да, біздің жігіттің стиліне қарсы қаруы жоқ екені байқалады. Егер қос спортшының Парижде жолы түйіссе, отандасымыздың мысы басым болатынына кәміл сенеміз.
Өзбек елінің ақ үміті Асадхужа Муйдинхужаев та – жүлдеден үміткерлердің бірі. Дегенмен, ол осы уақытқа дейін 67 килограмда бақ сынап, атой салып жүрді. Париж Олимпиадасы қарсаңында ғана салмағын ауыстырып, өз елінде 71 килограмда көшбасшысы атанды. Әйтсе де, Өзбекстанның ішкі іріктеуінде ұлты қазақ боксшы Аман Қонысбековпен жекпе-жегін көрген жанкүйерлер Асадхужаның қалай жеңілгенінен хабардар. Асадхужа Париж Олимпиадасында өнер көрсететін үш боксшымен ғана жекпе-жекке шыққан. Нәтижесінде соның екеуінен ұтылып қалса, тек иорданиялық Зейяд Ишаиштан ғана басым түскен. Асланбектің осы уақытқа дейін өзбек боксшыларынан жеңілмегенін ескерсек, бұл жолы да білгенінен жаңылмауға тиіс. Асадхужадан бөлек, жоғарыда аталған боксшылар да Асланбекке тегеурін көрсете алатын, қарымды қарсыластар саналады. Токио Олимпиадасының қатысушысы, иорданиялық Зейяд Ишаиш пен 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Нишант Девке қарсы қалай жұдырықтасу керек екенін Асланбек жақсы біледі. Зейядпен екі рет жекпе-жекке шығып, екеуінде де айқын жеңсе, Нишантты әлем чемпионатының жартылай финалында сан соқтырды. Мамандардың айтуынша, бұл боксшыларға қарағанда Асланбек үшін америкалық Омари Джонс пен Сербия елінің намысын қорғайтын Вахид Аббасов әлдеқайда қауіптірек болуы мүмкін. Өйткені, отандасымыз бұрын-соңды бұл боксшылармен жұдырықтаспаған. Дегенмен, Омари да, Вахид та Сэвонның осал тұсын таба алмай, дал болған. Ал, Асланбек жапон жампозынан екі рет басым болғанын ескергеніміз жөн.
Осы тұста Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, ирландиялық Эйдан Уолшты да есепке алу маңызды. Токио төрінде жұдырықтасқан боксшылардан Окадзава мен осы Уолш қана Париждегі дүрмекке қатысу мүмкіндігіне ие болды. Токиода тұғырда тұрған Уолш осы жолы да сол биіктен түспеуді көздейтіні айдан анық. Тіпті, оның қола жүлдені алтынға алмастыру үшін барын салатыны сөзсіз. Бірақ, Уолштың Асланбекке қаншалықты тегеурін көрсете алатынын дөп басып айту қиын. Қазір ирландиялық былғары қолғап шеберінің деңгейі шарықтау шегінен өтіп бара жатыр. Ол Париждегі сайыстың өзіне жолдаманы әупірімдеп жүріп алды. Сондықтан, Асланбек Уолштың осал тұсын оңай табуға тиіс. Айтпақшы, 2023 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазы, даниялық Николай Тертерян мен қола жүлдегері Макан Траоре де отандасымыз үшін қауіпті қарсылас саналады. Әсіресе, Еуропа ойындарында қарсылас шақ келтірмеген, талантты жас боксшы Николай Тертерянды ерекше атап өтуге болады. Дегенмен, Николай әлі Асланбек сияқты тәжірибелі, сақа спортшылармен жұдырықтасып көрген жоқ. Отандасымыз бұл спортшыны тәжірибесінің арқасында жеңуі қажет. Париж Олимпиадасындағы фавориттердің бірі – Сэвон Окадзаваны ұтқан Асланбек болса, екіншісі – француз боксшысы Макан Траоре. Әйтсе де, Сэвонды сан соқтырған Макан Асланбектен айласын асыра алмай, жеңіліске ұшыраған еді. Қорыта айтқанда, Франция елінде Асланбек үшін аса қауіпті, отандасымыздан тәжірибесі де, деңгейі де бір бас жоғары боксшыны көріп тұрғанымыз жоқ. Париж Олимпиадасы – Шымбергеновтің шығатын шыңы. Бастысы, жерлесіміздің бабы мен бағы қатар шапса болғаны.
ҚАНША ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАМПОЗ БАҚ СЫНАЙДЫ?
Олимпиада ойындары елімізде өңірлердегі спорттың көрсеткіші ретінде есептелетіні белгілі. Өкінішке қарай, биыл Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан бірде-бір спортшыға Парижге бару бұйырмады. Ал, біздің өңірден ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясын 5 спортшымыз иемденді. Олардың бірегейі – Париж төрінде Қазақстан туын ұстап шығатын Асланбек Шымбергенов. Бұл тізімде Рио де Женейро және Токио Олимпиадасының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионатында екі рет қола жүлде иеленген Елдос Сметов те бар. Бәлкім, осы жолы ел тілегі орындалып, білікті бапкер Ғалымжан Жылгелдиевтің сүйікті шәкірті тұғыр биігіне көтерілер.
Болашағынан зор үміт күттіретін еркін күрес шебері Әлішер Ерғали да француздардың елінде сынға түсетін саңлақ. Токио Олимпидасында бақ сынған 25 жасар оғланымыз бұған дейін U23 Әлем чемпионатында қола жүлде иеленсе, Бішкек қаласында өткен U23 Азия чемпионатында жеңімпаз атанған еді. Ал, 73 килограмда өнер көрсететін Данияр Шамшаев екі жыл бұрын Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатының жеңімпазы. Сондай-ақ, ол «Grand Slam» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері. Бұдан бөлек, қазіргі бессайыстан бақ сынайтын Георгий Борода-Дудочкин төрт жылдың бәсекеге қатысушы ең жас спортшылардың бірі. Ол Азия чемпионаттарының жүлдегері әрі жеңімпазы.
Бірер күн бұрын аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Париж Олимпиадасының маңыздылығына тоқталып, жерлестеріне сәттілік тілеген еді. Облыс әкімі төрткүл дүние көз тіккен доданың салтанатты ашылуы рәсімінде еліміздің көк байрағын ұстап шығу құрметі, жерлес боксшы Асланбек Шымбергеновке сеніп тапсырылуы – үлкен жауапкершілік әрі бұл жамбылдықтардың мерейін асырғанын жеткізді.
– Бұған дейін Олимпиадаға жолдама алған спортшыларымызбен кездесіп, облыс тұрғындарының атынан ақ жол тілеген болатынмын. Тағы бір қуантарлық жайт, Париж Олимпиадасының салтанатты ашылуы рәсімінде еліміздің көк байрағын ұстап шығу құрметі жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асланбек Шымбергеновке сеніп тапсырылды. Бұл үлкен жауапкершілік жамбылдықтардың мерейін асырды. Ал, XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына Нұрдаулет Жұмағали мен Зульфия Габидуллина (пара жүзу), Өмірәлі Нышан (пара таеквондо) және Салтанат Әбілхасымқызы (пара жеңіл атлетика) жолдама алып отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Олимпиада ойындарында жамбылдық спортшылар 10 медалға ие болды. Биыл да кәсіби спортшыларымыз қалыптасқан дәстүрді жоғалтпай, ел қоржынын толтыруға үлес қосады деген сенімдеміз. Айтулы додада спортшыларымыз қазақстандықтардың үмітін ақтап, көк туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатсын! Барша спортшыға жарыс жолында сәттілік пен үлкен жеңістер тілеймін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
ТҮЙІН:
Бірнеше ай бойы дүбірлі жарысқа тыңғылықты дайындалған спортшыларымыздың бабы нашар дей алмаймыз. Ал, спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапса, жоғары нəтижеге қол жеткіземіз деген үміт мол. Бастысы, отандастарымыз білгенінен жаңылмасын дейміз. Осынау сында тек Жамбыл жұрты ғана емес, бүкіл қазақ халқы сенім артқан Асланбек Шымбергеновтің айы оңынан туса игі. Олай болған күнде, ежелгі Элла елінде өткен Олимпиада ойындарына беймәлім боксшы санатында аттанған Бақтияр Артаевтың ерлігі қайталанар еді. Артаевтың асығы алшысынан түскен Афинадағы дүбірлі доданың өткеніне де биыл табандай жиырма жыл уақыт өтіпті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді