Облыстың 80 жылдығы қарсаңында салынған этно-мәдени кешен аумағында өңірдің мәдени әлеуетін айшықтайтын сегіз нысан бар. Олардың барлығы да өткенімізді тірілткен ғажайып сәулет туындылары саналады. Десе де кешеннің кіреберіс тұсында орналасқан ойын-сауық бағытындағы арнайы көлік құрылғыларын тізгіндегендер тарихи мекеннің тынышын ұрлаған. Соның салдарынан аумақтағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері қисайып, ғимараттардың қасбетіндегі тақтайшалар талқандалған. Бұл әсіресе, «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңында көп орын алады дейді мұндағылар.
– Тарихи нысан тұрғындарға жаяу жүріп серуендеуге арналған. Алайда, мұнда кешкі уақытта арбалар мен скутерлер қаптап кетеді. Олардың жылдамдығы сағатына 40 шақырымға дейін жетіп, айнала орналасқан ғимараттарды соғып, қиратып тынды. Бұдан бөлек, ретсіз қозғалыстар жаяу жүргіншілердің өміріне де қатер төндіріп отыр. Соның салдарынан жүргіншілерді қаққан, бір-бірімен соғысқан оқиғалар жиілеп кетті. «Көне Тараз» этно-мәдени кешені өзге қалалардан келген туристер үшін де ең маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Қалаға саяхаттап келгендер әуелі осында келеді. Бірақ біз осы рухани демалыс орнын сауық-сайран орталығына, аттракциондар аймағына айналдырып алдық. Сол себепті бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып, аттракциондар мен оларды жалға берушілер үшін өзге орын белгіленгені дұрыс, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев.
Мұндай келеңсіз оқиғалар мекеме күзетшілерін де әбден әбігерге салған. Аталған орталықтың күзетшісі Бақытжан Орынбасарұлының айтуынша, кешкі уақыттарда басталған дүрбелең түн ортасына дейін созылатын көрінеді. Ең сорақысы, жүгенсіздікті жастар ғана емес, жасамыс жандар да көп жасайды. Оның себебі де түсінікті, тіршілігінде техника тізгіндеп көрмеген жасөспірімдердің бірден бұған бой үйрете қоймайтыны белгілі. Сондай-ақ, кешендегі тас төсеніштердің, баспалдақтардың да бар екендігін ескерсек, жоғары жылдамдықтағы жүргізушілердің тепе-теңдік сақтауы қиын екені анық. Мұндай басбұзарларға күзетшілердің қой-қойлап, өз аумағын қорудан басқа құзыреті жоқ. Ал, полициялық пунктегілер әкімшілік хаттама толтырудан басқа амалы жоқтығын айтатын көрінеді. Ең бастысы, жалға берушілердің бұл іс-әрекетін жүзеге асыруға қай мекеменің рұқсатнама бергендігін білмекке Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен байланыстық.
– Кәсіпкерлік құқықты іске асырудың арнайы қағидаттары бар. Соған сәйкес, лицензиялар беріледі. Ал мопед, скутерлер сынды арнайы техника түрлерін жалға беру бұл санатқа жатпайды. Сол себепті бұл мәселе біздің тараппен реттелмейді. Сонымен қатар, мұнда тағы бір ескеретін жайт, қандай да бір нысан аумағындағы кәсіптік іс-қимыл сол нысан басшылығымен келісіледі. Жеке кәсіпкерлік аумақ болса, екі тарап өзара уағдаластық арқылы іске асады. Ал, мемлекеттік маңызындағы нысандар қай мекеменің теңгерімінде болса, солар жауапты, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Баймұратов.
«Көне Тараз» тарихи кешенінің аумағында құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты нысан бүгінде қала әкімдігінің құрылыс бөліміне өткен. Алайда, мұндағы мамандар аталған бөлім тек құрылыс жұмыстарына жауапты екендігін жеткізді.
– Құрылыс бөлімі ешқандай нысанды өз қарамағына алмайды. Тек уақытша ғана аралық мерзімде жауаптылық танытады. Яғни, құрылыс жұмыстары біткенше ғана теңгерімінде сақтайды. Оның себебі, біз өзіміз жұмыс жасағалы отырған нысанды уақытша алмайынша, қаражат бөле алмаймыз. Қазіргі таңда кешен аумағы арқылы жылу желісі тартылып жатқанын білесіздер. Сондықтан жылу маусымы басталғанға дейін бұл жұмыстар аяқталған сәтте біз нысанды заңды теңгеріміне тапсырамыз, – деді Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің маманы Төлеген Бибосынов.
Алайда, кешеннің бұған дейін қай бөлімге тиесілі болғандығын анықтау мүмкін болмады. Құрылыс бөлімі өзі жұмыс істеп жатқан нысанның қайдан қабылдап алғанын білмеді ме, әлде өзге де себептері бар ма, онысы түсініксіз. Тек жедел ақпарат алудың сәті түспеді. Сонда да рухани мекеннің қалпына келтіру жұмыстары мен тазалығына «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің жауапты екендігін анықтай алдық. Аталған мекеме тарапынан «Арбат-1», «Арбат-2» жаяу жүргіншілер аймағында вандалистік әрекеттер туралы реакциямызға бұған дейін де шағымдар түскен. Бұл мәселе тұрғысында газетіміздің 8 маусымдағы нысанда жарияланған антивандалистік тақырыптағы «Есімің жердің бетінде, желдің өтінде емес, елдің есінде қалсын» атты мақаламызда көтерген едік. Осы желеуді жалау етіп, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен байланыстық. Бірақ, мұндағылар да «Көне Тараздың» бөлім теңгерімінде бар яки жоқтығын білмейтін болып шықты. Бөлімнің бас маманы Абылай Толайбек «Жасыл Ел – Тараз» мекемесі бөлімге қарасты болғанымен, теңгерімнен тыс аумақтарда да өз жұмысын жүргізе беретіндігін айтты.
Сайып келгенде облыс әкімдігінің бөлімдері тарихи аумақтың кімге тиесілі екендігін дөп басып айта алмады. Дегенмен, бірі аталған аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізсе, бірі қайта қалпына келтіру ісіне жауапты. Осы жайт көптің көкейіне күмән ұялатары сөзсіз. Сонда қала әкімдерінің бөлімдері тарихи нысанды кімнен, қайдан қабылдап алған?! Ондағы ойын-сауықтық кәсіптік нысандарды орналастыруға кімдер жауапты? Оларға арнайы рұқсатнаманы кім берді? Міне, осындай сансыз сауалдар мәдени мекенде майшаммен қарайтын мәселердің мол екендігін тағы да аңғартты. Ең өкініштісі, мұнда сегіз бірдей ғимараттан бөлек, кешен іргесінде еліміздегі ең көне мешіттің, моншалар мен қорымның, ежелгі қаланың қаңқасы орналасқан. Сол жәдігерлердің бәріне барар жол осы арбат арқылы өтеді. Сондықтан теңдессіз тарихи мекеннің қадірін құнттап, тағылымын тереңнен түсінсек игі еді?!
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді