Жиында ең әуелі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында орналасқан су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізіліп, сұранысқа сай тіршілік нәрі шаруаларға рет-ретімен берілуде.
– Қазір республикалық меншіктегі су қоймаларында 783, облыстағы 113 су қоймасында 99,8 миллион текшеметр су жиналды. Бұл күнде жамбылдық шаруалармен суармалы жерлерге 3 мыңнан астам келісімшарт жасалып, биыл су беру жоспары 595 миллион текшеметрді құрап отыр. Ал, 1 шілде күніндегі мәлімет бойынша, берілген судың көлемі 200 миллион текшеметрге тең. Осы айдың соңына дейін тағы 250 миллион текшеметр су беру жоспарда бар. Жалпы, осы айда Байзақ ауданында – 25, Жамбылда – 21, Таласта – 5, Меркіде – 11 және Шуда – 32, Жуалыда – 4,8, Сарысуда ауданында 3 текшеметр су берілді. Бұдан бөлек, Қордай ауданында судың жетіспеушілігі бір текшеметрді құраса, Мойынқұмдағы бөгеттерді ағын су жуып-шайып кеткеніне байланысты су берілмеді, – деді филиал басшысы.
Атап өту керек, 2026 жылға дейін облыс аумағында 12 су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар қолға алынуда. Ал, халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен бірқатар аудандағы су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша 2 жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артқан. Осынау жоба аясында тиісті жұмыстар Қордай ауданында толығымен аяқталса, Жуалыда пайдалануға беру жұмыстары атқарылуда. Бұдан бөлек, Жамбыл және Қордай аудандарындағы ұзындығы 117,2 шақырымды құрайтын 44 канал қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 10 мың гектар алқаптың сумен қамтылу деңгейі жақсарды. Сондай-ақ, жыл соңына бүгінге дейін Жамбыл мен Меркідегі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Ал, Байзақ ауданындағы каналдарды жөндеу жұмыстары 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін аяқталады деп жоспарланған.
Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев вегетациялық кезеңнің маңызына тоқталып, шаруалар су тапшылығының зардабын тартпауы үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі ірі су қоймалары мен иесі жоқ каналдарды түгендеу, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайту, егістікті әртараптандыру мәселелеріне көңіл бөліп, лазерлік тегістеу инновациялық технологиясының мүмкіндіктерін қарастыруды қатаң тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет екендігін атап өтті. Алдағы уақытта су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэффициентін арттырып, жер асты суларын ұңғыма қазу арқылы мейлінше тиімді пайдалануымыз қажет. Өйткені, су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, басқосуда күн тәртібіне сәйкес су тасқынының алдын алу шаралары да талқыға түсті. Бұл ретте сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Орынбеков тиісті іс-шаралар жоспарын ұсынды. Облыс әкімі жауаптыларға кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертіп, бұған дейін орын алған төтенше жағдайлардың себеп-салдарын жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді