«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата кәсіпті жалғастырған Алмаз

Ата кәсіпті жалғастырған Алмаз
Ашық дереккөз
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дейтін қазақ халқы өз бойындағы асыл қасиетін келер ұрпақтың бойына сіңіруге күш салған. Әсіресе, біздің жұрт ертеден-ақ, жас балаларын түрлі кәсіпке баулып, кез келген істің тетігін табуға үйреткен. Мәселен, кейбір әулеттің үлкендері ырысы мен берекесі мол мал шаруашалығын дамытуға ден қойса, өзгесі перзенттерін қолөнерге баулыған. Бұл күнде дәл осындай ата кәсіпті жалғастыруға ниетті жандардың бірі – Алмаз Балтабаев.

 

Ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дәріптейтін жас шебер Сарысу ауданының тумасы. Болашағынан зор үміт күттіретін бұл азамат әйгілі «Аққу» домбырасының авторы Балтабай Дәуірбековтің немересі. Алмаздың әкесі Жарас өмірден ерте өткен соң, атасының тәлім-тәрбиесінде ержеткен кейіпкеріміздің бойында бала күнінен- ақ, қазақтың қасиетті қара домбырасына деген ерекше ықылас болған. Осылайша, Игілік ауылының ұланы 18 жасынан бастап бұл іске білек сыбана кіріседі.

– Туған ауылымдағы Шоқай Датқа мектебінде 9 сыныпты бітірген соң, Тараз қаласындағы Абай гуманитарлық колледжінде білім алдым. Мамандығым – қылқобызшы. Атам Балтабайдан әкем Жарасқа қонған құтты өнер маған да дарыды. Бала күнімде домбыра жасау өнеріне аса қатты қызыға қойғаным жоқ. Алайда, уақыт өте келе бұл іске бел шеше кірістім. Бүгінгі күнге дейін орта есеппен 150-ден астам домбыра жасадым. Ал, домбыраның бағасы 45-50 мың теңгеден басталып, 400-500 мыңға дейін барады. Бұл Үнді елінің қызыл, Африканың эбень, граб және Ресейдің қайың ағашынан жасалатын дүниелерге қатысты баға. Ал, өзімізде өсетін қарағайдан жасалған домбыраның құны 35 мың теңгеден жоғары. Қарапайым халыққа қолайлы болуы үшін осындай қадамға бардық, – деген Алмаз өзге өңірлерден арнайы тапсырыстар жиі түсетінін айтты.

Атап өту керек, жас шебер бұл күнде тек домбыра жасаумен ғана емес, жетіген, қоссаз, қылқобыз, сыбызғы, сылдырмақ, тоқылдақ, сазсырнай сынды аспаптарды да жасауды меңгеріп үлгерген. Бұл ретте шертпе күйдің шебері Дәулет Мықтыбаевтан дәріс алып, бүгінде есімі аңызға айналған атасы Балтабай немересінің кемшілігін түзетіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. Сондықтан болар, оның туындыларына Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистермен қатар Ақтау мен Атырау қалаларынан да сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, көршілес Өзбек елінің астанасы Ташкент шаһарынан жиі тапсырыс түссе, Қытайдың Үрімші және Хуан Джу аймағындағы қандастардың да ол жасаған дүниелерге қызығушылығы ерекше.

Шын мәнінде, Алмаз айналысатын кәсіптің машақаты көп. Шанақты суға салып иіп, көлеңкеде кептіру, қатты ағашты тұз тұмбасына салып, икемге келтіру айтуға ғана оңай. Оның үстіне, кәсібімді кеңейтемін деп несие алып, кейін тозығы жеткен электр сымдарының салдарынан шеберханаң түгелдей өртке оранса, «жығылғанға жұдырық» деген осы болар. Бұл жас шебердің алдынан кездескен оқыс оқиғалардың бірсыпырасы. Ол 2019 жылы «Бизнес Бастау» жобасы аясында 1,5 миллион теңгеге тең грантты ұтып алады. Арада біраз уақыт өткенде жоғарыда айтқан келеңсіз жағдайға тап болады. Кейінірек сот шешімінің негізінде оның барлық есеп шоттары бұғатталған. Бұл жағдайдан шығудың ретін таппаған шебер өзі секілді кәсіп бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығына налитынын жасырмады.

Қорыта айтқанда, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жар салуға машықтанғанбыз. Әсіресе, Ұлттық домбыра күні шеберлердің қолынан шыққан домбыраны сөз жүзінде дәріптеуде алдымызға жан салмаймыз. Ал, сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін осынау аспапты жасайтын талантты жастардың осы кәсіппен түбегейлі айналысуына жағдай жасап, қаржылай қолдау көрсетуге келгенде енжарлық танытатынымыз қалай? Бәлкім, жақын болашақта жергілікті билік өкілдері мен жомарт жүректі кәсіпкерлер Алмаздай хас шеберге қол ұшын созар. Біздің міндет – айту, жеткізу. Ал, оны іске асыру атқамінерлердің өз еркінде.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар