Субсидия алып, арамшөп еккен

Субсидия алып, арамшөп еккен
Ашық дереккөз
Ел билігі ауыл шаруашылығын дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен су ресурстарын пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, дақыл түрін көбейтіп, егіннің өнімділігін арттыруда еңбек ететін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін айтқан болатын. Негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданатын облысымызда Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйткенмен, сапалы тұқым өндіретін шаруашылықтарда кемшілік көп көрінеді.

ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БЕЙБЕРЕКЕТ ТІРЛІК ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?

Масақты дәнді дақылдардың жоғары сапалы тұқымын өндіру мен тұқым ауыстыру саласындағы олқылықтарды ғалым-агроном, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Аманбаев айтып берді. Облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі ретінде алқаптарға барып, карантиндік өсімдіктерді кездестіргенін мамандарға да көрсеткен екен. Аманжол Дүйсенбекұлының айтуынша, орын алған кемшіліктердің салдарынан 2020-2023 жылдары облыста масақты дақылдардың өнімділігі орташа көрсеткіштен аспаған.

Дәнді егіс алқаптары көбіне тәлімді жерде орналастырылатындықтан ауа райына тәуелділігінің де тигізер әсері бар. Алайда, гектар қайтарымының жоғары болуына себілетін тұқым  сапасы мен агротехникалық шараларды қолдану деңгейінің де шешуші рөл атқаратынын ескерген жөн.

– Қазір бұрыннан қалыптасқан, жақсы нәтижелерге қол жеткізген жүйе сақталып отыр деп айтуға мүлдем келмейді. Ол жүйенің артықшылықтарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында агрономдық қызмет атқарып, істің басы-қасында жүрген маман ретінде сан мәрте көз жеткізген едім. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, нарықтық қатынастарға көшудің өтпелі қиын кезеңінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ең әуелі қатаң есеп жұмысын қолға алып, облыстағы әрбір ауыл шаруашылығы құрылымы бойынша дәнді масақты дақылдар қандай тұқыммен себілгендігін, сортын, репродукциялылығын, түсімі қандай болғанын біліп, тиісті ұсыныстар жасап отырды.

Мұның нәтижесі де жаман болмады. Тұқым шаруашылығын қайта жаңғыртып, дәнді дақылдардың түсімін арттыра алдық. Бұрыннан-ақ ғалымдармен бірлесіп өткізіліп келе жатқан «Егінжай» күндері жаңа мазмұн мен түрге ие болды. Сол жылдары академик Рахым Оразалиев басқарған Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бидай мен арпаның аудандастырылған және болашағы зор сорттарын енгізу бойынша ұзақ мерзімді әріптестік туралы келісім жасасқанымыздың да көмегі көп тиген еді. Ал, қазір ше? Бүгінде облыста 10 шаруашылық элиталы тұқым өндіріп, сатумен айналысады деп саналады. Бірақ, олардың көпшілігінің осындай мәртебеге сай келуі күмән туғызады. Өйткені, шаруашылық басшыларының араларында айлық төлеп, білікті агроном ұстауға құлық танытпайтындар ұшырасады. Осының салдарынан шаруашылық алқаптарында ауыспалы егіс жүйесі сақталмайды. Сонымен қатар, қожалықтарда тұқым шаруашылығына қажетті техника жоқтың қасы, – дейді Аманжол Аманбев.

Ардагер агроном тізбектеп айтқан себептердің салдарынан және басқа да жағдайлармен масақты дақылдардың тұқым жүйесі бұзылған. Осыған қарамастан өңірімізде элиталы, 1-репродукциялы тұқым өндіретін біраз шаруашылықтар өздерінің құзырына жатпайтын іспен айналысып, яғни суперэлита тұқымын өсіріп, оны басқа шаруашылықтарға сатып отырған. Бұған дәлелді түрде көз жеткізген ғалым-агрономның сөзіне сүйенсек, 2022 жылы «ЛКЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 300 гектарға жаздық арпаның қайдан алынғаны белгісіз суперэлита тұқымын сепкен. Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» серіктестігі 2021 жылы жаздық арпаның «Арна» сортының 45 тонна тұқымын сепсе, «Стекловидная-24» сортты күздік бидайдың қайдан алынғаны белгісіз суперэлита тұқымын өсіріпті. Осы жылы 500 тонна суперэлита тұқымы дайындалып, 300 тоннасы сатылыпты.

– Тұқым өсіруде бәрін бақылауда ұстауды, құжатқа мұқият болуды Қордай ауданындағы «Благовещенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегілер де керек етпеген. 2020 жылы аталған шаруашылық «Стекловидная-24» сортты күздік бидайдың 538 тонна элита тұқымын сатып, 41 964000 теңге субсидия алған. Суперэлита тұқымды қайдан алғандығын айғақтайтын құжаттары жоқ. Мәлімет бойынша Шу және Қордай аудандарында бір жылдық екпе шөптер 2021 жылы 33300 гектарға, 2022 жылы 27125 гектарға, 2023 жылы 27932 гектар алқапқа орналастырылғаны көрсетілген. Ал, тұқымды қайдан алғандықтары туралы құжаттары жоқ. Осыдан барып екпе шөптердің қандай түрлері өсірілгені, тұқымның қайдан алынғаны белгісіз болып отыр. Бос жатқан жерді «бір жылдық екпе шөптер өсіріп, пайдаланып жатырмыз» деп жалған ақпарат беру сияқты айла-шарғыға бару – нағыз көзбояушылық, мемлекетті алдау, – дейді облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі Аманжол Аманбаев.

Алқаптарға арнайы барып , зерттегенінде егістікте элита тұқымды шаруашылығына сай келмейтін карантиндік арамшөптер мен қара бидайдың қаптап кетуіне жол берген шаруашылықтар да кездесіпті. Т.Рысқұлов ауданындағы «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Шалқар» шаруа қожалығында осындай жағдай орын алған. Осыған байланысты, облыс әкімінің 2023 жылдың 9 наурызында шығарған «облыс аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу туралы» №38 Қаулысына сәйкес, аталған екі шаруашылықтың да аттестаттау куәліктерінің қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылуы керек еді. Бұл олардың егістік алқаптарында карантиндік арамшөп болғандықтан тұқым өндіру мен өткізу қызметін атқаруға рұқсат етілмейтіндігін, қатаң тыйым салынатындығын білдіреді. Бірақ, «Шалқар» шаруа қожалығына қолданылған осы жазадан «ҚайнарАгро» серіктестігі тыс қалған.

– Бір аудандағы екі шаруашылықта да кекіре барын көзбен көріп, қолмен ұстадық. Осы кемшіліктерді  құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, орынбасары, тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы және басқарма жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы, яғни мен кірген комиссияның өткен жылғы маусымда жүргізген тексеру барысында анықтадық. Осы тексеріс қорытындысына сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі басшысының 6 маусымдағы №68 бұйрығымен «Шалқар» шаруа қожалығының аттестаттау куәлігінің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал, дәл сондай кемшілікке жол берген «ҚайнарАгро» серіктестігіне мұндай жаза қолданылмады. Неге?

«ҚайнарАгро» серіктестігі 2021 жылы «Одесская-257» сортты күздік бидайдың 476,8 тонна 1-репродукциясын сатып, субсидия алған. 2022 жылы да осы сорттағы күздік бидайдың 401 тонна 1-репродукциясын сатып, 21 миллион 453 мың 500 теңге субсидияны тағы алған. Бірақ, элиталық тұқым сатып алғаны жөнінде құжаттары жоқ. Яғни, бұл дегеніңіз – шаруашылықтың осындай тұқым өндіріп, сату мәліметтері шындыққа сай келмейді деген сөз.

Сапалы тұқым өсіретін алқаптарында карантиндік арамшөп табылғандықтан аттестаттау куәлігінің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған «Шалқар» шаруа қожалығынан 305 гектар ғана жері анықталса, дәл осындай кемшілік табылса да жазаланбаған «ҚайнарАгро» серіктестігінде 1800 гектары бар. Жазадан құтылған бұл серіктестік өндірген өнімінде карантиндік арамшөп болғанына қарамастан, сапасыз тұқым өсіруді жүзеге асырған. Нақты мөлшері – 599 тонна. Аттестаттау куәлігінің қолданылу мерзімі «Шалқар» шаруа қожалығымен бірге тоқтатылуы тиіс «ҚайнарАгро» серіктестігінің сапасыз тұқым өндіруді заңсыз жалғастыруы, оны сатуы, сол тұқымды алған өзге шаруашылықтарда өнімнің талап деңгейінде өндірілмеуіне жеткізеді. Мұның облыс экономикасына кері әсерін тигізетіні неге ескерілмеген? Серіктестік басшылығы аттестаттау куәлігінің мерзімі 2023 жылдың 5 шілдесінде аяқталғанын алға тартады. Бірақ, бұл уақытта болары болып, бояуы сіңіп қойған еді.

Тағы бір айта кететін мәселе – «ҚайнарАгро» серіктестігінің сапалы тұқым өсіруге арналған жер көлемі 2360 гектар болса, оның ауыспалы егіс болуы міндетті. Басқа шаруашылықтарға тұқым сатарда егіс алқабын 16052 гектар деп көрсеткен. Жарайды, басқалардан жерді жалға алды дейік, бірақ талап бойынша олай етуге болмайды. Сонда 13692 гектар қайдан шықты? Яғни, бұл ауыспалы егісінің жоқтығын дәлелдейді, – деген Аманжол Дүйсенбекұлы сөзін дәлелдейтін құжаттарды бізге жайып салды.

Қызығы сол - аттестаттау куәлігінің мерзімі 2023 жылдың 5 шілдесінде аяқталған «ҚайнарАгро» серіктестігі дәл сол жылы шілденің 6-сында, 19-ында, 27-сінде бірнеше шаруашылықтарға 1-репродукциялы тұқым сатыпты. Сол арқылы 1-репродукциялы тұқымды сатып алған шаруалар мемлекеттен субсидия алған. 6 рет берілген тапсырысқа жалпы 42 миллион 640 мың 246 теңге субсидия төленіпті. Осы 6 рет берілген тапсырыстың екеуі «Жасмин» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінен түскен. Осы істі зерттеп жүрген Аманжол Аманбевтың айтуынша, «Жасмин» кооперативінің иесі «ҚайнарАгро» серіктестігі иесінің жақын туыстығы бар көрінеді. Сапалы тұқым өсіретін алқаптарға биыл жүргізілген тексеріс барысында өткен жылғы тексерісте арнайы комиссия «ҚайнарАгро» серіктестігінен анықтаған карантиндік арамшөбі бар 1800 гектар жер «Жасмин» кооперативіне тиесілі болып шыққан.

– Облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі ретінде зерттеген жұмыстарымның нәтижесінде «ҚайнарАгро» секілді шаруашылықтардың негізгі көздейтіні сапалы тұқым өндіру емес, субсидия алу екенін аңғартты. Бір нәрсе айқын – жаман әрекет жұқпалы. Агроқұрылымдар арасында осындай қитұрқы әрекеттерден тұқым шаруашылығына келетін зиян өлшеусіз болмақ. Мұндайға алдағы уақытта жол бермеу үшін элиталы тұқым өндіретін шаруашылықтарда ауыспалы егіс жүйесі сақталуына, агроном маман, тұқым шаруашылығын жүргізуге қажетті техниканың болуына және басқа да талаптардың орындалуына жүйелі тексерістер жүргізілуі керек. Осылай еткенде ғана орын алған кемшіліктер ашылып, орынсыз, заңсыз жұмсалған мемлекет қаржысы қайтарылар еді. Әзірге тұқым шаруашылығында бақылаудың әлсіздігінен айлакерлікке барушылар, көзбояушылықпен субсидия алуға қол жеткізіп, «іс бітті, қу кеттінің» керін келтіргендер тыйылмай тұр. Бұл қашанға дейін созыла бермек? Әлі де болса кеш емес, пәрменді шаралар қолға алынуы тиіс. Игі іске немқұрайдылық танытуға болмайды, – дейді егін шаруашылығының жоғары деңгейде өрлеуіне жанашырлық танытып жүрген ардагер агроном Аманжол Аманбев.

Ардагер агрономның сөзінен байқауымызша, кемшіліктерді көрсе де оны тоқтатуға ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары әрекет етпегенге ұқсайды. Алда осы мәселеге жол берген басқарма мамандарынан жауап күтеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар