Сонау Талас ауданында тұратындығыма қарамастан, менің облыс орталығындағы қазақ драма театрында аталып өтіліп жатқан елу жылдық мерейтойымның сахнасында құттықтау сөз сөйлеп тұрып, мен арқылы басқа қаламгерлерге де көкейіндегі лықсыған ойын төгілте ақтарғаны есте.
«Кісінің қадіріне кісі жетеді. Халықтың қадіріне билік, биліктің қадіріне халық жетеді. Адамның қадірі ол – ұзын арқан сияқты. Бір ұшы өзінің қолында тұрады, бір ұшы Құдайдың қолында. Кімде-кім сол өзінің қолында тұрған арқанның бір ұшын мықты ұстап, Құдайдың қолындағы ұшына дейін өзінің адамгершілігімен, кісілігімен, тар жол, тайғақ кешуімен – барлығын басынан өткізіп, жеткізсе, ол адам Құдайға жақындай түседі. Әкімнің де, ақынның да, әртістің де, кәсіпкердің де – бәрінің шаруасы көп. Ал, творчество адамдарының осындай өзінің ерекшелігі, өзінің қиындықтары бар. Шығар дегенге ананы, мынаны құрастырып шығарып жүргендер аз емес. Бірақ бұл – жанкешті еңбек. Түйсіктің түкпірінен түтеп шығатын, ойлардың шалқарыменен дүниені көріп, соныменен халықтың көкірегіне сәуле құятын, ойдан құралатын үлкен құбылыс нәрсе.
Қыран құстың екі қанаты бар. Адамда да солай. Ісі менен кісілігі теңдей болуы керек. Сонда ол ел болады. Содан туған перзент талантты болады. Сонда біздің мәртебеміз көтеріліп, төбеміз көкке тиіп жүреді», – деп қолын көтере жымиып, бауырына тартып, менің маңдайымнан сүйген еді.
Өзіне ғана жарасатын ақ кәстөм, өзінің ғана стиліне айналған шашы, басына киілген ақ шләпі. Арам еті болмайтын арғымақтай түзу сымша тартылған биік бойы. Ерекше еңсесі. Қоңыр үні. Баяу болса да салмағы атан түйенің жүгін артардай жағымды дауысы. Бәрі-бәрі – театрдың сахнасын толтырып тұрғандай еді.
Енді қазір, о кісінің өзі жоқта, көзі жоқта «елдің бәріне жақсылық тілеген Несіпбек ағамның өзіне шығармашылық адамына керек ең басты нәрсе түз-түгел, толығымен бұйырды ма екен өзі?» деп ойға жиі шоматын болдым. Құдайдың пешенеге жазғанына шәк келтіре алмаспыз. Десек те, Несіпбек ағаның жоғарыда өзі айтқанындай, ғұмыры қаншалықты ұзақ немесе қысқа болды?.. Айтам дегенінің бәрін айтып үлгерді ме?!. Жазам дегенінің бәрін жазып үлгерді ме?!.
«Ақ көгершін», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» атты повестердің, «Құдірет пен Қасірет» романының, «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек», «Ан-Арыс» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан екі томдық таңдамалының, «Аты жоқ әңгіме», «Кісі иесі», 2019 жылы Түркияның Анкара қаласында жарық көрген «Жол» атты кітаптардың ғажап авторының артында қолы жетпеген қандай арман-тілектері қалды екен?! Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің Бас жеңімпазы, бірінші «Рух» әдеби байқауының гран-при иегері, Ғабдол Сланов атындағы әдеби сыйлығының иегері деген биіктерді бағындыруға қанша қажыр- қайраты жұмсалды? «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» ордені секілді көкіректі керер мемлекеттік наградалар көрнекті жазушыны қаншалықты даңққа немесе бақытқа бөлей алды?
Атақ пен даңқыңызды қайдам, бір анығы, Несіпбек Дәутайұлы көзінің тірісінде-ақ әдебиет сүйер қауымға мойындалып, қазақ әдебиетінің ірі өкілі – классик атанып үлгерген санаулы қаламгерлеріміздің бірегейі. Өйткені, өзінің кейіпкерлерінің өмірін бірге сүрген, қаламының әр қадамына мұңнан түрен тартып, қағазының әр парағына сырдан сүрлеу салатын, әр кітабының тағдырына алаңдаған, әрбір туындысын дүниеге әкелген сайын қиналғанын естен шығарып, азапты шығармашылықтың ләззатын татқан жазушының ғұмыры осындай болса керек-ті. Мағыналы да мәнді ғұмыр. Ғибратты да сәнді ғұмыр. Ғажайып ғұмыр.
Өзге ұлттарда ғой «ұлы Пушкин», «ұлы Толстой» ғана емес, қазіргі заманғы ақын-жазушыларын кемеңгерлік дәрежесіне апарып, ұлылықтың шыңына шығарып қойып, ауызынан тастамай, сілекейлері шұбырып, сүйсіне қарап отыратыны.
Несіпбек Дәутайұлы мезгілсіз қайтыс болғанда бүт Әулиеата аспаны мұңға оранған. Әсіресе оны жас ақындар мен жазушылар қатты азалады. Жасамыс тартып қалған менің тұстастарыма да оңай тиген жоқ. Жер жаһан пандемиялық кесапаттың кезекті жазын әупіріммен өткізіп жатқан. Оның үстіне, Байзақ ауданында тосыннан бет қаратпас жарылыс боп, билік те, бүкіл ел де ес жия алмай бүк түскен. Газеттер мен әлеуметтік желі беттері арқалы ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың қаралы Қазақстанға айтқан көңілі түкпір- түкпірдегі дүйім жұртқа жырымен жеткен күн.
...Жауға шабар жұрт еді найза ап бәрі,
Зұлмат келді тағы да қай жақтағы...
Неге үнсізсің,
Несіпбек Дәутайұлы,
Бауырлардан не хабар, Байзақтағы?
Жарылысқа тап болып жаным, Айым,
дүр сілкінді дірдектеп кәрі қайың...
Үшбұлақ пен Қайнарда –
Қара қайғы –
Сарыкемердің сағасы – сары уайым.
Тау өзені тұрады таза ағыстан,
Байтақ па едік басынан базары ұшқан?
...Жалап жазар жарасын тағы емеспіз –
беліңді бу, қаралы Қазақстан!
Саңлағымның сиресе санаты тым,
Сағыныштан сарғаяр сана-құтым.
...Қаратаудан жылжыған керуенімнің –
Кес-кестеме соқпағын, қара түтін!
Жарылыстар жүректе, жан, денемде,
Көш алдынан найқалып Нар келер ме?
... «Сабыр түбі – сары алтын» – деген сөзді,
Қай бетіммен айтайын – Сарыкемерге?
Жанжүрегі қан жылаған Ғалым Жайлыбайдың аласұрып Несіпбек Дәутайұлы аға-досын іздейтініндей бар екен.
Арқаның төсінен жолдаған жұбату жырымен жамбылдық жазушыны да қоса жоқтайтынын Жаратқан Ие сездірткендей еді.
Шынның жүзі Шер-Ағам «Қордайдың қоңыр құлжасы» атандырған қарымды қаламгердің денесі өзінің туған жерінен бақиға аттанғанда, талайлардың ұшарға қанаты жоқ боп қалған. Ол кісімен өзімдегі естеліктерім мен мұрағаттарым арқылы сырттай қоштастым. Кейінірек әрине, рухына бағышталған дұғаға қатысып, оқылған жылдық асына да барып, Құранға қол жаюға мүмкіндік туды. Шүкір.
Н.Дәутайұлын еске алуға Қордайда ұйымдастырылған іс- шараға Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған, Мереке Құлкенов, Жұмабай Шаштайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Қасымхан Бегман, Маралтай Райымбекұлы, Бейбіт Сарыбай, Әшірбек Көпіш, Маржан Әбіш сынды белгілі қаламгерлер келді. Талантты ақын Ерлан Жүніс жүргізген дөңгелек үстелде марқұмға арналған естелік кітаптың тұсауы кесілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аза сөзінен кейін Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» ЖШС-ің сол кездегі Бас директоры Дархан Қыдырәлінің алғы сөзімен басталатын көлемді кітапқа Н.Дәутайұлының қаламгер замандастарының, ізбасар інілерінің естеліктері мен эсселері, жазушының әр жылдарда баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттары, бірқатар ақындардың арнау өлеңдері жинақталыпты.
«Ойымыз тұрмақ санамызға кіріп шықпаған Несіпбек Дәутайұлының ажал ғайыбы абыржулы халден арылтпай алаңдаулы күйге түсіріп қояды деп болжаппыз ба?» деп Жұмабай Шаштайұлының толқи жазғанындай, көз тіріде қоян-қолтық араласып, емен-жарқын сыйласқан, айнымас әріптестері Рахымжан Отарбаевтың, Есенғали Раушановтың мезгілсіз дүние салғандығы да қатты қамықтыртып жіберді ме екен Несағаны дейсің. Жүрекке түскен салмақ өз сызығы мен сызын қалдырмай қоймайды ғой.
Өмірде із қалдыру дегенді аунаған жерде түгі қалар жылқыдай отырған, тұрған, жүрген жеріне ыбырсық, қоқыс қалдырумен шатастыратындар көптеп кездесетін қазіргі зымыран заманда, жасы келген сайын уақыттың қадірін біліп, өткенін де, осы шағын да, келешегін де удай қымбат тұтатын қаламгердің әмісе орны бөлек. Сондықтан ол қайда отырса да – тойда отырса да, ойда жүрсе де, қырда жүрсе де түпсіз терең ой құшағының тұсаулы тұтқыны. Осылай оқшауланып, жалғыздықты жалғыз жан досым деп білсе де Несаға өзінен бұрын алдымен жан-жағындағылардың бақытты болуын тілеген адам. Жан-жағындағылар бақыттың дәмін сезінбесе, өзінің қара басындағы қуанышының ешқашан құны, еш бағасы болмайтынын білген қаламгер. Онысы жазып кеткен әрбір шығармасынан да байқалады. Өмірде жасап кеткен әрбір жақсылығы да жадымыздан ешқашан шықпақ емес.
Ал, қолтаңбасын қалдырған кітаптары бөлмемдегі жеке кітапханамның сөресінің сәні.
Тек енді, мәңгілік өмірі басталған жазушы ағаның бұл дүниелік емес екені жаныңды жүдетеді. Көңіліңе көңілсіздіктің көлеңкесін түнетеді.
Артында қалған өлмес мұралары, көркем туындылары ғана дәтке қуат.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді