Тіпті, қала аумағындағы газ құю бекеттерінде такси жүргізушілеріне арнайы баға бекітіп, автогазды шектеумен ғана тарататындар көбейген.
– Қазір газ құю орындарында сұйытылған отынды 78 теңгеден аламыз. Бұған дейін он теңгеге арзан болды. Соның өзінде құю бекеттерінде газдың тапшылығы бар екендігі айтылып, күндік шектеу қойылған. Бір адамға 1500-2000 теңге көлемінен асырып құймайды. Кей орындарда делдалдар тіпті, арнайы баға бекітіп қойған. Соны үстеме етіп төлесеңіз, қалауыңызша құйып береді. Күнделікті қажетімізді жолаушыларды тасымалдау арқылы тауып отырғандықтан, бұған да лажсыз келісеміз, – дейді такси жүргізушісі Жанболат Жолдасбеков.
Облыс аумағынан Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің 500 шақырымнан астам бөлігі өтетіндіктен, өңірдің транзиттік әлеуетінің айтарлықтай маңызға ие екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себепті өңіріміз халық санының аздығына қарамастан Алматы, Түркістан облыстарымен бір деңгейде тұтынушылық қабілетке ие. Соның есебінен облыста газ қондырғыларын орнатқан көліктер саны едәуір артқан. Бұл өсімнен хабардар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының сөзінше, салаға жауапты министрлік тарапынан өңірлерге автогаз бен жанар-жағармай жеткілікті түрде жеткізіліп тұрады. Қазіргі таңда да облыста сұйытылған мұнай газының қоры бар.
– Бүгінгі күні автогаз бойынша облыс үшін қажеттілік 8 000-8 500 тоннаны құрайды. Ал, облыс көлемінде 29 газ желісі ұйымы бар, 217 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газы сатылады. Қазіргі таңда, автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газы еркін сатылымда. Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі тоқсан сайын өңірлерге сұйытылған мұнай газын бөліп отырады. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанына өңірге 17 600 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. Осыған сейкес, 1 шілдеден бастап Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, облыс орталығы мен оған жақын аудандардағы автогаз толтыру бекеттерінде сұйытылған мұнай газының 1 литрі үшін бағасы 78 теңге, 200 шақырымнан асатын бекеттерде 83 теңгені құрады,– дейді басқармаға қарасты газбен жабдықтау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Қазыбек Қадыров.
Өңірде газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны биыл 29 437 бірлікке жеткен. Оның қатарында бұқара халық көп қатынайтын қоғамдық көліктер де бар. Мәселен, бір ғана «ӘулиеАтаТрансПасс» автобус паркіндегі 160 қоғамдық көліктің 60 пайызы автогазбен қатынайды. Алайда, аталған автобус паркінің директоры Рашид Пірманов қоғамдық көліктерді сұйытылған мұнай газымен қамту тікелей жеткізуші компаниялармен келісімшарттық негізде іске асатындығын жеткізді. Бұл үшін автобус паркі аумағында газ құю орындары қарастырылып, делдалдардың араға түсуіне шектеу қойылған. Ал, қарапайым халық үшін мұндай мүмкіндіктің қолжетімсіз екендігі түсінікті.
– Қазір қала аумағында қай бекетте болсын газ тапшы деген желеумен кезек көп. Бұл газ сатушылардың «көлеңкелі» жұмысы екендігі белгілі. Автогаздың қымбаттайтынын естіген сатушылар еселеп пайда көргісі келеді. Сол үшін қолда бар мұнай газын жоқ деп көрсетуге үйренген. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғады. Өйткені, біз үшін бензиннен гөрі автогаз бірнеше есе тиімді. Қазір газ сапасына да мән бермейміз, мұқтаждықтан сабылып жүріп, әр орыннан табылғанын құйып жатырмыз. Бұл тұтынушылар қауіпсіздігіне де біршама қатер төндіреді. Өйткені, жаздың аптап ыстық күнінде абайламаса газдың көп жарылатындығын да білеміз, – дейді көлік жүргізушісі Нұржан Сейсенбек.
Қолдан тапшылық туындатып отырғандарға қандай жаза көзделгенін, құзырлы органдардың өңірдегі автогаз тапшылығынан хабары бар ма, жоқ па, соны білмекке салаға жауапты басқарма мамандарынан тексеру-зерделеу жұмыстарын қай мемлекеттік құрылым жүргізетіндігін сұрап-білдік. Басқарма бұл мәселеге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті жауапты дегенімен, департамент мамандары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментіне жол сілтеді. Өкінішке қарай, халықтың мұңына айналған мәселе төңірегінде бұл құзырлы орган тарапынан жауап болмады.
Қалай дегенмен алаңдаған халықтың мәселесін одан сайын ушықтырып, сол арқылы пайда тапсақ деп алақанын ысқылап отырғандарға бүгіннен бақылау күшейіп, қатаң қадағалау болмаса, ертеңгі күні ел тіршілігіне айтарлықтай кедергі болары анық.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді