Меркідегі «Мәңгі мұздықтар мекені» немесе Біз білмейтін «Бүркітұя» шатқалы

Меркідегі «Мәңгі мұздықтар мекені» немесе Біз білмейтін «Бүркітұя» шатқалы
Алтынбек Қартабай
Алатау мен Қаратауды жалғап жатқан өңірдің тұмса табиғаты көрген көздің жауын алатыны рас. Қойнауына сан мың тарихтың дарқпыртын дестелеп, талай ақын-жыраудың жыр жолдарын кестелеген өңірдің өн бойында талай сыр бүгіліп жатқаны да жасырын емес. Бір ғана мысал, Меркі баурайында орналасқан «Бүркітұя» шатқалынан бастау алатын «Мәңгі мұздықтар мекеніне» көп адамның табаны тимеген. Ақбасын жыл он екі ай ақ сәлдемен ораған зау биіктің шың басына шыққандар аз. Осы ретте өңірдегі туризм кластерін жолға қою мақсатында, сондай-ақ, облыстың 85 жылдығына орай Меркі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті және республикалық журналистерге арналған арнайы экспедиция ұйымдастырылды.

Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға бар» демекші, айнала қоршаған биік жартастарға қарап, табиғат анадан асқан құдіреттің жоқ екенін сезесің. Түйе өркештенген жоталар жасыл көрпе жамылып, бірінен соң бірі тізбектеле жайғасыпты.

Мұнда келген азаматтардың көбі бұл жерге алғаш рет аяқ басып отыр. Сайында сарқырап өзені аққан, жағасын жағалдай қоныс тепкен қазақ үйлер мен жоталарды жағалай жайылған жылқылар, өрге қарай өрлеген отар-отар қойлар, қарап тұрып қазақтың байырғы өмір сүру салты, бабалар мекен еткен киелі өлкенің кеңдігіне, дархандығына дал болып, таң қаласың. Өйткені, бұл қазіргі заманғы, күнделікті біз көріп жүрген қым-қуыт қу тіршілікке мүлде ұқсамайды.

Қазақ халқы ат қою мен атау беруге шебер халық қой. Ондағы айтпағымыз, бізді қызықтырғаны «Бүркітұя» сайының неге солай аталғаны еді. Оның үстіне, бұл сапардың негізгі жолаушылары журналистер қауымы болғандықтан, бәрімізді қызықтырған бірінші сұрақ осы болды. Сөйтсек, мұндағы биік жартаста қыран құсы ұя салып, балапандарын түлетеді екен. Ауданда туризмді дамытуға атсалысып жүрген Дулат Маратұлының айтуынша, сол ұядан алынған «Алатау» атты бүркіттің балапаны бұл күнде дүниежүзілік көшпенділер ойынында топ жарып, бірнеше рет жүлдеге ілініп, ауданмен қатар, еліміздің абыройын әлемге асқақтатқан қыран құс болып жетіліпті. Бұл әңгімені жолай біреуден естісек, сенбес едік, алайда Дулат ағамыз Меркі ауданында ұлттық спорт түрлерінен қаншама шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы, туризмді насихаттап жүрген белді азамат болған соң, ең қызығы сол сәтте аспан астында қалықтап қанат жайған қыранды көргенде кәміл сендік.

«Бүркітұя» шатқалынан оңтүстікке қарай көз тіксең, Алатаудың маңғаз шыңдары көрінеді. Бұл ел ішінде «Ледник» деп аталып кеткен, бауырын жыл он екі ай мұзды қар басып жататын «Мәңгі мұздықтар мекені». Бұл мұздықтардан әйгілі Меркі өзені бастау алады. Бұл сапарда көпшіліктің бетке алған басты бағыты да осы болатын. Ондағы мақсат – Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі ауданының тылсымға толы, тарихи жәдігерге бай табиғатын насихаттап, өлкедегі туризмді дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру әрі дәріптеу болатын. Бұл бастаманы қолға алған Меркі ауданы әкімдігі еліміз бойынша арнайы БАҚ өкілдерін шақырып, осынау экспедицияға ұйытқы болған жайы бар.

Жол жөнекей өзен-бұлақтарды жағалап, тау жоталары мен мұздықтарға тірелгенде, осындай сұлулықты неге әлемге әйгілеп, паш етпейміз деген сұрақ сап ете қалды. Бұл мәселені біз келесі күні топқа қосылған аудан әкімі Жорабек Баубековтан сұрап білдік.

Аудан әкімінің айтуынша, жалпы Меркі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі туризмді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр екен. Меркідегі туризмді дамыту – этно, эко және экстремалды туризм бағыттарында қолға алыныпты. Шынында да, Меркі шатқалдарының етегінен бастап, сонау тау төбесіндегі жайлауарға дейін орналасқан киіз үйлер мен демалыс орындарын, этно ауылдарды көріп, алғашқы бағыт бойынша өлкедегі туризм айтарлықтай дамығанына куә болдық. Жорабек Нұрмергенұлы демалыс күндері таулы аймақтағы демалыс орындарында 2500- 3000 аралығында демалушылар көтерілетінін айтады.

Ал, эко туризмді дамыту мақсатында өлкенің табиғи келбетін сақтау, адами факторларға жол бермеу жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Бұл ретте, аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, ауданның таулы аумағындағы орман шаруашылығына қарасты 103 мың гектар алқаптан Ұлттық парк ашу жұмыстары басталып кеткен, қазір құжаттарын рәсімдеу жұмыстарының соңына жетіп қалыпты. Ұлттық парк тыныштық аймағы, шаруашылық аймағы және туристік аймақ сынды 3 бөліктен құралады. 32 мың гектарды құрайтын тыныштық аймағында қар барысы, арқар, ұлар сынды Қазақстанның қызыл кітабына енген және тағы басқа да сирек кездесетін аң-құстардың көбеюіне жағдай жасалады. Шаруашылық аймағына жаз айларында төрт түлігін құмда қыстатқан малшы қауым көтерілетін болса, туристік аймақта этно стильде демалыс орындарын, бизнес нысандарын құруға ниет білдірген инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі екен. Алайда, бұл аймақта табиғи ортаны бұзатын ауыр құрылыстарға рұқсат берілмейді. Дегенмен, табиғат аясындағы туристік нысандарға инвестиция саламын дейтін азаматтарға жер ұзақ мерзімге жалға берілетін көрінеді.

Аудан әкімінің айтуынша, Меркінің мәңгі мұздықтарында әлі бағындырылмаған биіктігі 3 мың метрден асып, 4 мың метрге барып жығылатын 20 мың шың бар. Осы шыңдарды бағындыру мақсатында альпинистер фестивалін тұрақты түрде ұйымдастырып, соның арқасында туризм және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау көзделіпті.

Меркі жерінің талай уақыттан бері көпшілікті қызықтырып, сырын ашпай келе жатқан жерлердің бірі – Қарақыстақ үстіртіндегі Көк көл. Елі ішінде Әулие көл деп те жиі аталады. Экспедицияның үшінші күні жұмысшы топ осынау көлге қарай көш түзеді. Меркі орталығынан бұл көлге дейінгі аралық 150 шақырымды құрайды және оған көтерілетін бірнеше жол бар. Соның ішіндегі ең жақыны қиындау болса да Қасқасу арқылы баратын төте жол. Биыл аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған жол тегістеліп, Әулиешоқыға дейінгі жол әжептәуір қысқарыпты.

Әулие көл жайында бұған дейін аз жазылған жоқ. Десе де әр барған сайын өзіне баурап алатын Әулие көлдің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай келеді.

Қалай болған күнде де, бұл үлкен ғылыми зерттеуді қажет ететін сияқты. Бір қызығы, мұнда Әулие көлмен қатар, «Тамырлы көл», «Сары көл», «Бұзылған көл», «Астау көл» деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бір қалыпты, деңгейі өзгермейді. Олардың да ел ішіндегі ауыз екі атаулары ғана болмаса, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмаймыз.

Сонымен қатар, Қарақыстақтағы 7-8 ғасырларға тұспа- тұс келетін мешіт пен медресенің орындары, Қарақыстақтағы Қошқар тас, Қалмақ қия, Үлкен әулие шоқы, Кіші әулие шоқы, Сандық жайлауларындағы бал- бал тастар, көне түркілер сыйынған қасқырдың басы бейнесіндегі дүние жүзінің картасы сынды көптеген тарихи жәдігерлерді Меркі тауларында кездестіруге болады. Алайда, біздің міндетіміз бен мақсатымыз осындай сырға тұнған құпия жерлерді жарыққа қайта шығарып, олар туралы ақпаратты қалың жұртқа жеткізу, сол арқылы өлкенің тарихи құндылығын арттырып, туризмін дамытуға үлес қосу болса, ғылыми тұрғыда анық- қанығын анықтап, ақ-қарасын ажырату – 3 күндік экспедицияның аясына сыймайтын, үлкен ғылыми зерттеулерге сұранып тұрған дүние деп білеміз.

 

Қазыбек КАМАЛ,

журналист.

Меркі ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар