5 жылда 42 дерек анықталған
Абырой болғанда, бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы «Фортуна», «Олимп», «Зенит» секілді букмекерлік кеңселер жабылып тынды. Өкінішке қарай, талай отбасының талқанын шығарған осынау ойынханалардың кесірінен жамбылдықтар қаншама қаражатынан қағылды. Оңай олжа іздегендердің құмар ойынға жіпсіз байланып, барынан айырылғанын көз көрді. Ал, бүгінде ұялы телефон арқылы логинмен ойнайтындардың бар екенін құлағымыз шалып қалады. Онлайн ойынның жетегінде жүргендерге қайтсек тосқауыл бола аламыз? Жалпы, өңірімізде заңсыз ойын бизнесімен күрес қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Қай аудандарда заңды белден басқандар көп?
Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Бүгінгі таңда осы дерекке қатысты еліміздің Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданған.
– 5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтады. Нəтижесінде 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы көш бастаған. Облыс орталығында 18 дерек тіркелген. Сондай-ақ, Шу ауданында 10, Қордай ауданында 6 дерек анықталды», – дейді ол.
Құмарлық қайдан пайда болады?
Деректерге сүйенсек, өткен жылы біздің елде құмар ойыншылардың саны 350 мыңға жеткен. Ал, биыл лудомания дертіне шалдыққандардың саны 400 мыңға жуықтаған. Әрине, бұл жақсы емес. Халық саны 20 миллионнан енді ғана асқан елімізде құмар ойынға аңсары ауғандардың көбейе түсуі көңілге кірбің ұялатады. Себебі, бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейтіні тағы анық.
Иә, қалтадағы қаражатты көбейтіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер батпаққа белшесінен батқанын кеш білетіні өкінішті-ақ. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелді олар қолындағы ақшасының құмдай сусып кететінін дер кезінде аңғармайды. Осыдан соң, «амалсыздан» қылмысқа баруға мәжбүр. Психолог Аделя Оспанның айтуынша, көп адамның ойынға әуестенуі балалық шағында ата-анасымен қарым-қатынас кезіндегі келіспеушіліктердің салдарынан туындайды. Ең жақын адамдарымен сырласпайтын жас жеткіншек бойын ойын арқылы бір сәтке болса да жағымсыз жайттардан аулақ салдым деп тұжырымдайды.
– Күйзеліс, депрессия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей мен қорқыныш өскелең ұрпақтың санасына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Медицина мен психологияда мұны аурудың бір түрі деп есептейді. Яғни, «лудомания» деп атайды. Әке-шешесінің ұрыс-керісінен қажыған бала не істерін білмей, күн ұзаққа бақылаусыз жүруі оның шалыс басуына әкеп соғады. Мәселен, қарапайым ғана карта ойынының да құмарлыққа ұласып, кейін өкінішке соқтыру қаупі жоғары. Картаның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Уақыт өте карта ойнап, құмары қанбайтындар түрлі ойынханалардың босағасын жағалайды. Казино біреулердің қалтасын қалыңдатқанымен, тиісінше өзгелерді көк тиынсыз қалдырып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге отбасы – ошақ қасында жіті мән берген дұрыс. Өйткені, балаңыз құмар ойынның құрығына бір іліксе, аман алып қалуыңыз неғайбыл, – дейді маман.
Атап өтерлігі, құмар ойын бизнесімен айналысатындар салық төлемдері арқылы бюджетті де қаржыландырып отырғаны ақиқат. Шын мәнінде, біздің елде Көкшетау мен Алматыдан 70 шақырым қашықтықтағы Д.Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген. Бірақ, заңсыз бағытта құмар ойынның өзге де түрлерін таратып, қалтаға түсіп қана қоймай, келушілердің өмірін өкінішке айналдырғандар қаншама?! Жалпы, Қазақстанда букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай букмекерлік кеңсе тіркелген. Ал, түрлі ойын аппараттары мен орталықтар қаншалықты бақылауда? Мұны ешкім де дөп басып айта алмайды.
5 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған
Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян екенін алға тартады. Себебі, құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті, есінен адасатындар да кездеседі. Ал, құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу оңай емес екені белгілі. Өйткені, осы дерттен айығу үшін қыруар қаржы керек. Лудомандарды емдейтін психологтар әкесінің құнын сұрайды. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, былтырғы статистика бойынша, жыл сайын Қазақстанда 5 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар екен.
Иә, дамыған елдерде құмар ойындарға деген құштарлықты психологиялық ауру ретінде қарастыруда. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақ-тау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсеткен. Ең сорақысы, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады.
Құмар ойыннан құтылу мүмкін бе?
Лудомания ауруы адамның тәнінен гөрі жанына кері әсерін едәуір көп тигізеді. Дәрігерлердің айтуынша, ойын кезіндегі толқулар адреналин және басқа стресс гормондарының, ал жеңіске жеткен кезде дофамин мен серотониннің бөлінуін тудырады. Осы екі күйдің адамдарда өзгеруі толқу, стресс және ләззат алу күйін кештіреді. Ендеше, қоғамда көп толғандыратын сұрақтардың бірі – құмар ойынға тәуелділікті қалай емдеуге болады? Егер ауыр жағдайдағы құмар ойынға диагноз қойылса, тәуелділікті емдеу міндетті түрде дәрі-дәрмектерді қамтиды. Серотонин мен норепинефринді қайта қабылдау ингибиторларын, опиоидты рецепторлардың антагонистері мен көңіл-күйді реттейтін литий тұздарын қолдануға мәжбүр болады.
Ал, бастапқы құмар ойынға диагноз қойылса, антидепрессанттарсыз және басқа да ауыр медициналық «артиллериямен» тәуелділікті психотерапияның көмегімен емделеді. Дегенмен, бұл психологиялық дерт болғандықтан тәуелділіктен тиімді арылту үшін емдеу жан-жақты болуы керек. Емдеу процесі ұзаққа созылатындығын психотерапевттің ғана емес, пациенттен де толық жауапкершілікті талап етілетінін ескеру керек. Сонымен қатар, емдеу тәуелді науқастан бөлек, оның әйелі, күйеуі, туыстары үшін де жүргізіледі.
Шариғат құмар ойынды құптай ма?
Қамшының сабындай ғана ғұмырда Алланың сансыз нығметіне ие болғандардың бәрі оның қадір-қасиетіне жете бермейді. Осыны жете түсінбеу адамдарды жаман қылықтардың арбауына түсіріп, құмар ойынның құрығына іліктіреді. Яғни, жасты да, жасамысты да осы жолда орға жығатын білместік екен. «Құмар» сөзі арабша «майсир», яғни жеңіл жолмен мал табу деген мағынаны береді. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?», – делінген.
Рас, кез келген ойынға араласқан әр ойыншының басты мақсаты – жеңіске жету. Ал, жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Мұндайда біздің халық: «жығылған күреске тоймайды» деген. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыр соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады. Ұтқан адам да шайтанның дегеніне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады, нәпсіге ерік береді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Көпшілігіміз құмар ойынның орны толмас қайғы-қасіретке әкелетінін білеміз. Бүгінде ондай жағдайларды көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Сондықтан, сіз бен біз өзіміздің туыстарымыздың немесе достарымыздың үнемі құмар ойын ойнап жүргенін, оған көп уақыт пен ақша жұмсайтынын байқасақ, дереу дабыл қағуымыз керек. Өйткені, дер кезінде бұл дерттің алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтеді. Бастысы, құмар ойынға тәуелді болған адам қоғамнан шеттетіліп, өзгелерден қысым көрмеуі қажет. Себебі, бұл оның жағымсыз реакциясын тудыруы әбден мүмкін. Тіпті, мұндай жөнсіз әрекет қателескен жанның өз-өзіне қол жұмсауына әкеліп соғады. Ал, адам баласы өмірге екі келмесі белгілі. Осы ретте «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» тәмсілді ұмытпағанымыз абзал.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді