102 БАЛА ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАП, ЗАРДАП ШЕКТІ
Биыл жыл басынан бері «112» шұғыл әрекет ету қызметі кезекшісінің пультіне тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлағаны туралы 102 хабарлама келіп түскен. Осылайша, апат салдарынан жеті адам қайтыс болып, қалған 95-і әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Оқыс оқиғалар Астана (18), Алматы (2), Шымкент (5) қалаларында, Қарағанды (12), Батыс Қазақстан (6), Шығыс Қазақстан (3), Қызылорда (13), Атырау (5), Жамбыл (2), Қостанай (6), Ақмола (5), Ақтөбе (2), Павлодар (6), Солтүстік Қазақстан (1), Маңғыстау (5), Абай (5), Ұлытау (5), Жетісу (1) облыстарында болған.
Өткен жылы осындай 170 жағдай тіркелді, ол кезде 2 мен 13 жас аралығындағы балалар ересектердің қарауынсыз қалып, терезеден құлаған. Барлық жағдайда балалар терезеге өздігінен көтеріліп, тіреуіш ретінде әртүрлі жиһаздарды қолданған немесе москит торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап кеткен.
Төтенше жағдайлар министрлігі ересектердің қарауынсыз қалған балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіреді. Үйде болған кезде балалар, ең алдымен олардың ата-аналары қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Әрбір ата-ана баланың терезеден немесе балконнан құлап кету қаупін азайту шараларын білуі керек. Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз. Өйткені, назарыңызды бір секундқа басқа жаққа аударудың өзі баланың өміріндегі соңғы сәт болуы немесе оның біржола мүгедек болып қалуы үшін жеткілікті. Терезені тиісті қорғаумен жабдықталмаған москит торларын пайдаланбаңыз, балалар мұндай торларға сүйеніп, нәтижесінде олармен бірге құлап түседі. Балалар өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз. Баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеңіз. Балалар терезенің алдына шыға алмайтындай, жиһаздарды оның жанына қоймаңыз!
СУДА ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
Қазір жаз маусымының бел ортасы. Ал, жаздың ыстық күндерін суға шомылусыз елестету қиын. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаменті суға түсу кезінде қайғылы жағдайларды болдырмас үшін әрбір адам қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі тиіс екенін ескертеді.
Ең бірінші және басты ереже – мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы балалар ересектердің бақылауымен шомылуға тиіс. Балаларды бақылауды барынша күшейту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Үлкендердің еріп жүруінсіз жасөспірімдер арнайы бөлінген орындарда ғана шомылуы керек. Ең көп қайғылы оқиғалар суға шомылуға арналмаған су айдындарында орын алады. Ата-аналар балаға судағы қауіпсіздіктің барлық ережелерін айтып қана қоймай, оған қиын жағдайда өзін-өзі ұстау дағдыларын үйретуі қажет. Жасөспірімді үрейленбеуге және өзін қалай ұстау керек, не істеу керек екенін түсінуге үйрету өте маңызды.
Суға шомылу кезінде бейтаныс жерде, көпірлер мен бөгеттердің астында жүзуге, су түбінің тереңдігі мен бедерін білмей биіктіктен сүңгуге, қайықтарға, салдарға және басқа да жүзу құралдарына жақындауға, қайықтан, кемелерден, айлақтардан суға секіруге, суда ойнау кезінде бір-бірінің қол-аяқтарына жармасуға жол берілмейді.
Суда немесе жағалау сызығында болған уақытта ішімдік ішуден аулақ болыңыз. Алкоголь тепе-теңдік сезімін, қозғалыс үйлесімділігін және өзін-өзі бақылауды нашарлатады. Жүзе алмайтындар тереңдігі 1-2 метрден аспайтын арнайы жабдықталған жерлерде ғана шомылуға болады. «Суға шомылуға тыйым салынады!» деген ескерту аншлагымен жабдықталған су нысандарында шомылуға қатаң тыйым салынады. Есіңізде болсын – тек судағы қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау ғана қайғыға жол бермейді!
ЖЫЛАН ҰСТАУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА
Бүгінде облыс азаматтары «112» пультіне қоңырау шалып, үйге, көлікке немесе сарайға кірген жыландарды ұстауға көмектесуді сұрайды.
Құтқару бөлімшелері мекенжайларға барып, арнайы құрылғылардың көмегімен жыландарды ұстайды, содан кейін оларды табиғи ортаға шығарады. Мұндай операциялар әдетте 10-нан 15-20 минутқа дейін созылады. Осыған орай, тұрғындарға мынаны ескерткіміз келеді. Жыландардың пайда болуы олар үшін қолайлы жағдайлардың бар екендігін білдіреді. Көбінесе жыландар көктемде жылы және ылғалды тіршілік ету ортасын іздейді, олар күн сәулесіне немесе тамақ іздеп шұңқырлардан шығады. Сондықтан оларды осындай шарттардан қалай айыруға болатынын қарастырыңыз. Мәселен, ауланы ретке келтіріңіз, үйілген тастарды, ағашты және басқа қоқыстарды алып тастаңыз. Кеміргіштермен күресу де жыландардан құтылуда жақсы нәтижелер беретінін ескеріңіз.
ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ!
Департаменттің кадр және тәрбие жұмысы басқармасы тәрбие жұмысы тобының мүшелерімен «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбы бойынша семинар өткізілді.
Семинар-сабаққа облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Қанат Белгібаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы психикалық денсаулық орталығының психологы Лязат Омарова қатысып, мамандар нашақорлық дегеніміз не, оның даму кезеңдері, сондай-ақ тәуелділік қай сәттен бастап пайда болатынын және есірткіні пайдаланған жағдайда қандай тәртіптік жаза қолданылатынын айтты. Жиынға департаменттің аппараты, жедел құтқару жасағы, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының және Байзақ ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатысып, соңында «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында бейнематериал көрсетілді.
АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Жақында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүргізді.
Мәселен, құтқарушылар бұл күндері қала аумағында орналасқан Құмшағал алқабының «Шерстяник», «Водник», «Казмонтажавтоматика» кооператив мүшелерімен өртке қауіпті маусымда «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау», «Балалардың отпен ойнамауы», «Судағы қауіпсіздік» тақырыптарында әңгімелесті.
Рейд барысында үй тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, үй ауласындағы қураған шөптерді ору және өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған жағдайда не болатындығы туралы нақты мысалдармен түсіндірілді. Тұрғындарға табиғи газбен улану жағдайларын қалай болдырмауға болатындығы айтылып, тұрмыстық электр аспаптары мен электр сымдарының жұмыс істеу ережелері туралы нұсқаулар берілді. Профилактикалық іс-шаралар барысында тиісті мамандар 350 үйді аралап, 1 мыңнан астам тұрғынға жадынамалар таратты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді