«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орман өртінің саны да, аумағы да өскен

Орман өртінің саны да, аумағы да өскен
Ашық дереккөз
Биыл облыста өртке қауіпті кезең басталғалы жалпы көлемі 148 гектар болатын 21 жану оқиғасы және аумағы 11637,8 гектарды құраған 21 орман өрті тіркелді. Көлемі 131 гектар болатын 13 жану оқиғасы ерікті өрт сөндіру жасақтарының 102 адам мен 40 техникадан тұратын күш құралдарының көмегімен сөндірілді. Осылайша, өткен жарты жылда орман өртінің саны да, аумағы да 6 есе өскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дархан Қалдарбек баяндады.

Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында 12 сәуірде облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданып, мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген болатын.

Осыған сәйкес, облыс аумақтарына ғарыштық мониторинг жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен 6 миллион 500 мың теңге қаражат бөлініп, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері сәуір-қараша айлары аралығында күніне 3 рет облыстың мемлекеттік қоры аумағының жалпы ауданы 3,048 миллион гектар жерін «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің авиатехникасымен күзету жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, облыс аумағының өрт қауіпті учаскелерінде «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен ұшуды жүзеге асыру және олардың өртке қарсы жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін облыс бюджетінен 53 миллион 813 мың теңге (60 ұшу сағаты) бөлінсе, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының жарақтандырылуы тиістілік нормасының 78 пайызын құрап отыр.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, облыстың ауылдық округтерінде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылым құрылып, олар 508 трактор, 49 су тасушы техника, 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталған. Облыс аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың барлығы қоғамдық бірлестік нысанында құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл облыс аумағындағы 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 10 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдың 1074 километр қашықтығында, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдың 712 километр қашықтығында және 840 километр теміржолдың 104 километр қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жер жырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігінің экономика басқармасымен бірлесіп, 2021-2025 жылдары облыс аумағын дамыту жоспарына 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдерімен және бейімделген техникамен жарақтандырылған өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған жоспарға, сондай-ақ өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес, бүгінгі күні облыс аумағында 19 өрт сөндіру бекеті құрылды. Жергілікті атқарушы органдардың бұл өрт сөндіру бекеттері былтыр өртке қарсы қызметпен бірлесіп 12 және өздігінше 7 өртті сөндіргенін атап кеткен жөн. Аталған бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан.

«Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасы жоспарына сәйкес және мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары негізінде, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерінен 16 мобильді топ құрылып, орман алқаптарында 337 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері бойынша 660 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 296 азаматқа 3 миллион 995 мың 650 теңге айыппұл салынды және 296 азамат ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соңғы екі жылда өрт сөндіру бөлімдері және мамандандырылған оқу орталықтарында 2 мыңнан астам ерікті өрт сөндіруші оқытылды. Жергілікті атқарушы органдар ерікті құрылымдарды техникалық жағынан нығайтуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Мәселен, ерікті өртке қарсы құрылымдардың техникалық құрамын нығайтуға аудан әкімдіктері биыл 43 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.

Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиевтің мәліметінше, мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан басталған. Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қаупі маусымының жоғары кезеңінде өртке қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 километр өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілген. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техника жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етіліп, өрт сөндіруге, өрттің көлемін, шығу салдарын, келтірілген зиянды анықтауға пайдаланылатын резерв 35 мың 600 литр бензин мен 20 мың 700 литр дизельді құрап отыр. Қазіргі уақытта мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 305 адам бар және 1-ші, 2-ші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшысы құрылған. Өрт сөндіру жасақшылары нысаналы киімдермен толықтай қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификат алған. Облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорында, өртке қауіпті маусымында (20 наурыздан 1 қарашаға дейін), Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Орман өрт сөндіру стансалары 5 өрт сөндіру, 12 кіші кешенді өрт сөндіру автокөліктерімен, 66 «МТЗ» тракторлары соқаларымен және 15 жартылай тіркемелі үш және бес тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған. Орман шаруашылығы мекемелері орман қоры жерлерін күзетуге 72 жеңіл автокөлікті пайдалануда.

Нартай Әлібекұлының айтуынша, 25-26 сәуірде облыс аумағында төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен аудан әкімдіктері бірлескен дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатында өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығулары өткізілгенін айтты. Сонымен қатар, 28 маусымда Қордай ауданы аумағында Қырғыстанмен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиыны өткізілген. Былтыр материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280 миллион теңгеге тиісті техникалар мен агрегаттар алынса, биыл жергілікті бюджеттен 393 миллион теңге қаражат қарастырылып, өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алу және өрт бақылау мұнаралары мен найзағайға қарсы құрылғы сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, осы атқарылған іс-шараларға қарамастан биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 21 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 11585,5 гектар аумақ өртке шалдыққан. Осыған орай, тиісті мамандардың айтуынша, республика бойынша қолға алынып жатқан «Орман» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу алдағы уақытта орман өрттерінің алдын алуға, болдырмауға мүмкіндік бермек. Бұл ретте, осы іс-шара барысында барлық аудандарда орман шаруашылығы қызметкерлері төтенше жағдайлар бөлімдері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп, орман қоры аумағында өрт талаптарын сақтауды ескерту, өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзу фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуді қолға алды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар