Қазір не көп, мейрамхана көп. Бір таңданарлығы, солардың ішінде бос тұрғаны аз. Күн сайын бәрінде той. Япырым-ай, күнде той тойлап, бұл қазақ шынымен байып кеткен бе деп ойлайсың. Бірақ, олай болып жатса, қанеки! Тойхананың дастарқаны қалтаны қағып түсетіні анық, бірақ, көпшілігінің дастарқанына қарның ашады.
Жақында Тараз қаласындағы біраз тойханалардың ас мәзірін таразылап көрдік. «Астана» шағынауданындағы «Бекзат» тойханасы етін қоса есептегенде бір орынға 8500 теңге сұрайды екен. Ал, биыл сәуірде ғана ашылған «Дубай Холл» мейрамханасының бағасы аспандап тұр. «Дубай Холл» мейрамханасының әкімшісі Перизат Үрматбекқызы мұндағы баға жайлы айтып өтті. Мұнда бір орынға етімен алғанда 11 мың теңге төлейсіз. «Арман Холл» деген тойхананың да бағасы «Дубай Холмен» бірдей. Тек қана құдайы тамақ, ас, шарапсыз той өткізуге арналған «Әл-Мүбарак» мейрамханасына бір орын үшін 7500 теңге төлейсіз. Еті осы бағаның ішінде. Салыстырмалы түрде зерделемекші болып, Тараз қаласынан 55 шақырым қашықтықтағы Жуалы ауданындағы мейрамханалардың бағасын сұрап білдік. Б.Момышұлы ауылындағы «Несібелі» мейрамханасының қожайыны Рабиға Жолдасова етімен қоса бір орын 8 мың теңге екенін айтты. Жуалының бағасы да Тараз қаласымен шамалас.
Біз осы мейрамханасы бар адамдар өндіріс орындарын ашуды қаперлеріне ала ма екен деп ойладық.
Рабиға Жолдасова: «Шағын ғана дүкеніміз бар. Өндіріс орнын ашуды жоспарлаған емеспіз. Мейрамхананың жұмысы шаш-етектен. Біраз жастарды маусымдық жұмыспен қамтып отырмыз. Оның өзі көптеген отбасына көмек емес пе?», – дейді.
Әрине, жуалылық мейрамхана қожайынының сөзін де жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, студент жастардың жаз айында там-тұмдап кафелерден, мейрамханалардан тиын-тебен табатыны, аздап болса да ақылы оқуын ақтайтыны рас. Бірақ, тойханалардың ел пайдасынан жеке бас пайдасы басым болып тұр. Өзіңіз ойлаңыз, бір орынға 11 мың теңге делік. Келіншегіңізбен барсаңыз, шығыныңызды ақтауыңыз үшін 22 мың теңге төлеуіңіз қажет.
Сонда, ерлі-зайыпты кісілер әр тойға 25 мың теңге қалталарына сала келеді деген сөз. Осы орайда, жақында қызына ұзату той жасаған кісілерді де сөзге тарттық.
Жуалылық азамат Жанболат Батырбек: «Тұңғыш перзентім болған соң, барымызды салып, қызымызды ұзаттық. Аянып қалған жоқпыз. Ол үшін 2 миллион теңге несие алдық. Енді шетінен төлеп жатырмыз. Жалпы, қазір үйлену тойы мен қыз ұзатуын өткізген барша әулет менің кебімді киіп жатыр деп ойлаймын. Баға бұлай шарықтап кете берсе, қазақ есіктің алдында өтетін тойға қайта оралады», – дейді ол.
Жанболаттың жанайқайы орынды. Кейбір мейрамхана бір орын 15 мың теңгеден басталып, 24 мың теңгеге дейін бағасы шарықтай береді екен. Ал, той жасап көр. Мәселен, бір үстелде 15 орын бар дейік. Бір орын 11 мың теңге. Сонда 15 орын үшін 165 мың теңге төлейсіз. Сол үстелде 165 мың теңгенің тағамы бола ма, болмай ма? Сонша теңгенің тағамы әрі кетсе 3-4 сағаттық шара үшін ысырап емес пе? Үнемшілдікке үйренсек қайтеді осы?Әрине, қазақ тойшыл халықпыз. Айына кемінде 5 тойға барамыз. Бес тойыңыз үшін кемі 125 мың теңге бересіз. Қазір қарапайым күзетші, жұмысшылардың жалақысы 80-85 мың теңге көлемінде. Ал, жұбайы да сондай табыс табады деңіз, сонда отбасылық бір айдағы табыс 170 мың теңге. Осы кіріс қаражаттың 125 мың теңгесі қаласаңыз да, қаламасаңыз да тойға кетіп жатыр. Қалған 45 мың теңге бір ай бойғы ішім-жеміңе, жолкіреңе, басқа да қажеттілігіңе жете ме? Балаң үшін балабақшаға төлейтін ақша, мектепте оқитын перзенттеріңе беретін тиын-тебен тағы бар. Сондықтан, көптеген отбасылар несиеге ұрынып жатыр. Той үшін несие алып, бірнеше жыл төлеп жүрген отбасылар аз емес.
«Күзетші болып жұмыс істеймін. Жалақым 82 мың теңге. Келіншегім кейде жекеменшік жұмыстарға шығады. Оның айлық табысы 45-50 мың теңге. Сонда айына біз тауып жүрген 130 мың теңгемен қандай тойға, қандай жиынға баруға болады? Оның үстіне үйге қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, балаңа керек заттар өз алдына. Шынында да тойға төлейтін ақша жылдан жылға шыдатпай барады» дейді.
Тараз қаласының тұрғыны Қазыбек Дәулетбақов. Тойхана қожайындарының ішінде ашық сөйлесетіні, халыққа жақыны да жоқ емес. Тараз қаласындағы «Гауһартас», «Інжу-Маржан» мейрамханаларының иесі, белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева ханымның көпшілікке жасап жүрген қайырымдылығы өз алдына бөлек әңгіме. Өзімен бірге 10 жыл істеген қызметкерлеріне Тараз қаласынан пәтер алып беретін мырзалығы да бар. Міне, мұндай факті тойхана иелерінің жақсы жағы.
Ол кісі: «Тойхана ісі менің маңдайыма жазылған екен. Өзім біраз жыл бас аспаз болып қызмет еттім. Жақсы жалақы алдым. Шымкентте бір жақын адамдарымызбен бірлесіп, мейрамхана ашып едік. Аяғында сол кісілер тартып алып, бізді дымсыз қуып шықты. Сонда да мойымай Тараз қаласына келіп, жалға тойхана алып жұмыс істедім. Қазіргі таңда жекеменшік екі мейрамханамыз бар. Болашақта наубайхана, дүкен, түрлі өндіріс цехтарын ашуымыз да мүмкін. Еліміздің өндірісі дамуы қажет екенін түсінемін. Өндіріс ашпасам да біраз адамға түрлі кәсіптерін дамыту үшін көмегімді беріп жүрмін. Қазір қоғамдық негізде жұмыс істеп, облыстық іскер әйелдер ұйымын басқарып, елге пайдамды тигізіп келемін», – дейді.
Ешкімнің табысына таласымыз жоқ. Еңбектері жана берсін. Бірақ, бізді екінші бір ой мазалайды. Біздегі кәсіпкерлікке қабілетті жандар мейрамхана, монша, дүкен ашумен шектеліп жатыр. Біз Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұхтарұлына хабарласқан едік. Ол кісі бізге Тараз қаласы бойынша 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанының тізімін берді.
Нұржан Мұхтарұлы: «Біз де тек ақпаратын жинақтаумен, таратумен айналысамыз. Біреуге бағыт-бағдар беруге құзырымыз жоқ. Ондай құзыретке қалалық жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімдері ие. Біз ешқандай артық қадам жасай алмаймыз. Мүмкіндігіміз шектеулі», – деді.
Біздің байқағанымыз, мыңдаған тізімнің ішінен өндіріске бағытталған арнайы цех, кәсіпорын, наубайхана, киім цехын ашқан бір де бір адам кездеспеді. Біз Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Әйменовпен де хабарластық.
Ол да: «Біз өз тарапымыздан ештеңе бере алмаймыз. Бес жыл болды, бәрі «Госреестр» веб-порталы арқылы өткізілген аукцион негізінде шешіледі. Оған еліміз бойынша азаматтар қатыса алады. Біз сол аукционнан заңды түрде ұтып алған кәсіпкерге ғана жер телімін бере аламыз», – деп қысқа қайырды.
Біздің айтарымыз, қазір қос-қостан мейрамхана ашқандар көп. Соларда қаражат жоқ деп ешкім айта алмайды. Олар бір мейрамханаға кеткен шығынды өндіріс орындарын ашуға жұмсаса, ол тірлігі сәтін салып жүріп кетсе, мемлекеттен субсидияны да алмай ма? Мейрамхана салудан алдына жан салмайтын аудандар арасында Шу көш бастап тұр. Әзірге той да сол жақта, жұлдыздар да сол жақта. Бірақ, мұндай «күнде жиын, күнде той» қанша уақытқа созылар екен? Мұның арғы жағы – қорқыныш. Қорқыныш болатыны, сенің тойыңа көп адам қуанып келмейді, тойға қарызға алған ақшамды қалай қайтарамын деп уайымдап келеді. Өкінішке қарай, қазір осындай уақыт туды. Ал, ойланып қарасақ, біз дотациялық өңірміз. Былайша, қарызбен өмір сүріп жатқан аймақпыз. Асып-тасып жатқан табысымыз жоқ. Онда несіне тойшылмыз? Сол тойға төгіліп жатқан қаражатты өндірісті дамытуға жұмсасақ, өскен-өнген аймаққа айналар едік қой. Тойдың көкесі сол дамыған кезімізде жарасар еді. Әзірге қазаққа келген кеселдің басы да, қазақты қарызға батырған да – той болып тұр.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді