Брендке айналған көшпенділер ойыны

Брендке айналған көшпенділер ойыны
Ашық дереккөз
Қыркүйек айының 8-14 күндері Елордамыз Астана қаласының төрінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп жоспарлануда. Сайыстың ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында өтсе, жарыс бас қаладағы «Қазанат» ипподромында түйінделмек. Бесінші рет ұйымдастырылатын көшпенділер ойындарының ұраны – «Ұлы Дала Дүбірі». Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Бұл ойындардың алғашқы үш жарысы 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында, ал төртінші дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылған еді.

 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ СПОРТШЫ БАҚ СЫНАЙДЫ

Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен халықаралық конференцияда додалы жарыстың спорттық, мәдени бағдарламалары, ресми логотипі мен ұрансөзі таныстырылған еді. Бұл басқосуға Туризм және спорт министрі, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитеті, ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның өкілдері қатысқан болатын. Бұдан бөлек, жиын барысында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған мен Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев бейнеконференцбайланыс арқылы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, алдағы айда Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады, – деді Туризм және спорт министрі, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаев.

Бірі білсе, бірі білмес, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осынау үш саланы біріктірудің нәтижесінде көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихатт ау мүмкіндігі арт ады деп көзделуде. Сонымен, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса, ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген. Сондай- ақ, «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылып, мұнда бір апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ал, этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалмақ. От ауызды, орақ тілді ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін өзге іс-шаралардан бөлек, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылмақ. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.

«БІРЛІК КЕРУЕНІ» БІЗДІҢ ОБЛЫСТАН БАСТАЛДЫ

Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. Бірер күн бұрын Қордай ауданының Ноғайбай ауылында, Ырғайты өзенінің жағалауында «Бірлік керуені» аймақтық жобасы іске қосылды. Жоба аясында ұлттық нақыштармен жасалған этноауыл құрылып, 6 киіз үй тігілді. Атап өтерлігі, мұндағы әр киіз үй өзіндік ерекшелігімен тақырыбын асай безендірілді. Этноауылда қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі, тарихи жәдігерлер көрмесі, ауданнан шыққан танымал тұлғалардың кітап көрмесі, ұлттық ойындар, көшпелі жабдықтар көрмесі өтті. Сонымен қатар, бұл күні жиналған ел- жұрт қазақ күресі, аударыспақ, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан өзара кіл мықтыны анықтады. Этноауылдың құтты қонақтары ұлттық тағамдар фестивалінде дәм татса, меймандар үшін сахна алаңында қазақтың ұлттық әндері мен билерінен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

– Іс-шара барысында халқымыздың мәдени мұрасы, оның ішінде ұлттық құндылықтар мен ұлттық ойындары насихатталуда. Мұндай шаралардың Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін таныстыруда, халықтың бірлігі мен ынтымағын арттыруда маңызы зор. Этноауыл ата-бабамыздың тұрмыс-салтын, жалпы болмысын паш ететін ерекше мәдениет орны болды десек қателеспейміз. Қордай ауданы ынтымағы жарасқан, тұрақтылықты ту еткен қасиетті мекен. Елордада өтетін көшпенділер ойынын жоғары деңгейде өткізіп, бірліктің үлгісін көрсетеміз деген сенімдемін, – дейді қордайлық ардагер спортшы Мықтыбек Алтыбай.

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗГЕ АРТЫЛАР СЕНІМ ЖҮГІ САЛМАҚТЫ

Өзгесін айтпағанда, бұл күнде Әулиеаталық көкпаршылардың атағы алысқа кеткен. Шабысы бөлек Қамбар ата түлігіне шірене мінген арда азаматтарымыздың абыройы алыс-жақын шетелде сан мәрте асқақтады. Тұлпар мініп, тыныш күнде түрен салған біздің елдің жігіттері талай рет дәстүрлі мерекелеріміздің көрігін қыздырар көкпар ойынында ешкімге дес бермей келді. Осылайша, кешегі батыр бабалардың бүгінгі ұрпақтары ел чемпионатында 14 дүркін жеңімпаз атанып үлгерді. Бұл – үй іргесінен дүбірлетіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұлпарына тұрман салатын түркі халқының анық белгісі болса керек. Ендеше, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында серке тартқан саңлақтарымыздан күтеріміз мол.

Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен жиында биыл Астана қаласында өтетін айтулы жарысқа дайындық жұмыстары пысықталған еді. Басқосуда облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының сол тұстағы басшысы екі жылда бір рет өтетін дүбірлі додаға әзірлік жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын баяндаған болатын. Жалпы, бүгінгі таңда көкпардан ұлттық құрама сапында 8 спортшымыз бар. Білекті де жүректі жігіттеріміз қазіргі күні Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында өз шеберліктерін шыңдауда. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру және спорт саласын дамыту бөлімінің бас маманы Гүлнәз Сағынтаеваның айтуынша, жамбылдық спортшылар көкпардан бөлек, жамбы ату мен асық атудан сынға түседі.

– Бұл күнде ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылатын ойындардың барлығы дерлік Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтіп жатқанын айта кету керек. Бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлерінен бақ сынайтын саңлақтар іріктелу үстінде. Жалпы, айтулы додаға ұлттық құрама сапында өнер көрсететін спортшылар қатысатын болады. 2013 жылдан бері өтетін көшпенділер ойындарында жүлдесіз емеспіз. Мәселен, 2022 жылы Түркия елінде өткен жарыста көкпардан облыстық құрама сапында 5 спортшымыз бақ сынады. Нәтижесінде командалық есепте І орынға ие болды. Бұдан бөлек, Көк бөрі ойындарында жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, жерлестеріміз көшпенділер ойындарында жамбы ату, аударыспақ секілді сайыстарға қатысты. Биыл Астана төрінде өтетін ойындарға жерлестеріміз тыңғылықты дайындалуда. Бұл сында Әулиеаталық саңлақтар көкпардан бөлек, жамбы ату мен асық атудан да сынға түсетін болады. Сонымен қат ар, «Жорық» бәйге марафонында 4-ші орынға табан тіреп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының лицензиясын иемденді, – дейді Гүлнәз Дүйсенбекқызы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

«Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе, ұлт өспейді дәстүрін менсінбесе, нағыз қазақ екем деп айтпа, жігіт, тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе», – дегендей, әлімсақтан бүгінге жалғасып, түркі жұртының айбынын асқақтатқан көшпенділер ойындары тек спорттық жарыс ғана емес, қыз-жігіттерімізді батырлық пен ептілікке баулитын ата- дәстүрдің бүгінгі үлгісі. Атойламаса да, ат ойнатып жүрген көкпаршыларымыз кешегі баһадүр бабалардың заңды жалғасы. Өйткені, әрбір ұлттық ойынның астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтын сыр жатыр. Тек соны бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуге тиіспіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар