Үйімізден домбыра үні үзілген емес. Малды ауылдағы киіз үйдің төрінде осы ғаламат аспап ілініп тұрушы еді. Әкеміз ертелі-кеш тірліктен қолы босай қалғанда шертеді. Неге екенін қайдам, қосылып ән айтпайды. Әннің ырғағын шертіп, ойға шомып отырғанды жақсы көреді. Мүмкін, шаршағаным басылсын дейтін шығар.
Күндіз ата-анамыз малдың қамымен жүргенде үйде қалатын балалардың үлкені Бекен сегіз жаста, Есен – алты, мен – төрт жаста едік. Екі жасар Гүлнар қарындасымды жылатпай қарап отыру да бір жұмыс.
Үйде тек балалар ғана қалған күндердің бірінде Бекен мен Есен төрде ілулі тұрған домбыраны алып, ойнай бастады. Бізге аға болғанымен, олар да ойын баласы. Домбыраны тартқан болды, әрі-бері сүйреді. Ақыры домбыраның беті сынып кетті. Түкке жарамсыз болып қалды. Екі ағамның қорқыныштан үрейлері ұшты. Бала болса да бір сұмдықтың боларын жүректері сезіп тұр. Осы сәтте үйге шаруабасты анамыз кіріп келді. Кіріп келсе, төрде ілініп тұрған домбыра жерде сынып жатыр. Анамыздың екі көзі шарасынан шықты. Әкеміз – қатал. Сол қатал әкенің бір мезгіл шертіп жүрген домбырасы сынып жатыр. Әкеміздің мінезі белгілі. Ол кісі мынау жағдай үшін сабыр сақтай алмайды, анамызға ашуланатыны айдан анық. Сол жағын ойлаған анамыздың бойын ашу кернеді. Кенет: «Мынау домбыраны кім сындырған?», – деді. Үлкен екі ағада үн жоқ. Жүздерін төмен салғанынан кінәлі екендері байқалып тұр. Бала «қылмысын» жасыра ала ма? Содан Күлбала анам қолына сынған домбыраны алып, Бекен мен Есенді аспап күл-талқан болып сынғанша ұрды. Содан шарылдап жылаған екі бала далаға шығып, топыраққа аунай кетеді. Беті-қолдары көгеріп, киімдері қанға боялды. Осылайша, домбыра жарамсыз болып қалып, таяқ жеген ағаларым 7-8 күннің ішінде жазылып кетті. Ұруын ұрып алып, денелеріне уақтылы жақпа май жағып, емдеп жүрген де анамыз ғой.
Арада алты ай өткенде Бекен мен Есен домбыра үйреніп, ынталарын байқатты. Ән сала бастады. Көп ұзамай мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшелеріне айналды. Кейіннен ұзақ жыл сол екеуі аудандық көркемөнерпаздар фестивалінде мектептің намысын қорғап жүрді. Біздің мектеп екі домбырашы ағамның арқасында үнемі жүлделі орыннан түспейтін. Кейіннен Бекен мұғалім мамандығын таңдаса, Есен Тараздағы мәдени ағарту училищесіне түсіп, өнердің соңына мықтап түсті. Екеуі де атақтары ауданнан асып, облысқа жайылған домбырашы болды. Мен анамның Бекен мен Есенді бала күндерінде домбыра сынғанша сабағаны зая кетпеді деп ойлаймын осы күні. Сол екі ағама ерекше домбырашылық өнер қонды. Таяқ жемеген Гүлнар қарындасым екеуміздің домбырашылығымыз орташа деңгейде қалып қойды. Қазіргі таңда Күлбала анам, Бекен мен Есен ағам мәңгілік сапарға аттанған. Бірақ, олар орындаған ән мен күй жерлестеріміздің арасында айтылып жүр. Олардың орындауындағы бейнетаспаға басылған ән мен күйлерді ауылдастарымыз құмартып, ризашылықпен тыңдайды. Өнерлі азаматтардың артында көнермейтін мұра қалды.
Осы күні Бекен мен Есеннің домбырашы, әнші болуларына сынған домбыра себеп болғанын сезінемін.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді