Елдіктің ескерткіші – Елорда

Елдіктің ескерткіші – Елорда
Ашық дереккөз
Тұтас мемлекеттің ғана емес, алып құрлықтың кіндігінен орын тепкен Астана бас шаһар атанғалы күллі жер шары үшін маңызды саналған тарихи шешімдердің өзегіне айналып үлгерді. Ширек ғасыр шеңберінен енді асқан мегаполистің мерейі тым асқақ, абыройы биік. Бүгінде Астана – тұтас қазақ халқының әлем алдындағы беделінің ұйытқысы іспетті.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап тарихи қысқа мерзімге қарамастан, еліміз бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде берік ұстаным мен беделге ие болды. Астана өңірлік және халықаралық сын- қатерлерді шешуге бағытталған жаһандық ауқымдағы бастамаларды жүзеге асыру нүктесі ретінде өзін жақсы қырынан таныта білді. Мәселен, Еуропалық Одақ Астананың жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаһандық қозғалысқа қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұдан бөлек, Астана қарулы қақтығыстардың алдын алу және реттеу бойынша халықаралық және өңірлік бастамаларға маңызды үлес қосуда. Мысал ретінде Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесін, Орталық Азия мен Ауғанстанға бағытталған өңірлік қауіпсіздік және даму жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі алғашқы жарыссөздердің бас қаламызда өтуін атай аламыз.

Астана бастамашы болған жаһандық ауқымдағы оқиға – Қазақстан 2010 жылы төрағалық шеңберінде өткізген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Саммиті. Саммит аясында елордаға ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің және ірі халықаралық және өңірлік ұйымдар БҰҰ, ЕО, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ-ның 73 ресми делегаты келді. Сонымен қатар, 38 мемлекеттің президенттері және үкімет басшылары, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Саммитке қатысушылар Астана әлемде экстремизмге, радикализмге және бүкіл әлемдегі шиеленіс отының тұтануына қарсы жан-жақты халықаралық, мәдениетаралық, дінаралық ынтымақтастықтың негізгі ұйытқысына айналғанын атап өтті. ЕҚЫҰ зерттеу орталығы директорының орынбасары Франк Эверстің: «Қазақстан Еуропадағы Азия мәселелерін және Азиядағы Еуропа мәселелерін түсінуге өз үлесін қосуда» деген сөзі осындайда ойға жетелейді. Оның пікірінше, Қазақстаннан басқа бірде-бір ел дәл сол уақытта ЕҚЫҰ саммиті сияқты ірі іс-шараны ұйымдастыра алмас еді. Бұл ғасыр басынан бері Астананың ешкім жасай алмаған орасан зор саяси табысы болды. Себебі, ЕҚЫҰ саммиті 11 жылдан кейін ғана Еуразия құрлығының кіндігінде қайта өткізілген еді.

Ислам Ынтымақтастық ұйымының тарихында да Астананың рөлі басым. 2011 жылдың маусым айында ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші басқосуы елордада өтті. Аталған ауқымды іс-шарада бірқатар маңызды жайттар талқыға түсті. Басқосу қорытындысы бойынша Астанада адам құқықтары мәселелерін шешу үшін ұйымның қамқорлығымен тәуелсіз институт құру туралы шешім қабылданды. Құрылым тарихында тұңғыш рет ИЫҰ-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Сонымен қатар, 2017 жылы мұнда ИЫҰ тарихындағы ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы саммит өтті. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы және 2026 жылға дейін ғылымды, технологияларды және инновацияларды дамыту жөніндегі ИЫҰ бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттар ХХІ ғасырдағы ислам әлемінің ғылыми дамуының басымдығын анықтайды. Бұл – Астананың тағы бір үлкен жетістігі.

Астана Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан. Мұндай геосаяси орналасу Қазақстан астанасының тағы бір маңызды миссиясын айқындады. Ол – мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етіп, ынтымақтастықтың маңыздылығын жеке мысалмен көрсете отырып, түрлі халықтар, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы көпір болу. Бұған ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ және Еуразиялық халықаралық құрылымдардың саммиттері, дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесулері және тағы басқа ауқымды іс-шаралар айнымас мысал бола алады. Бұл тұрғыда Астана Нью-Йорк, Вена, Женева, Бангкок және басқа шаһарлар сияқты халықаралық алаңдардың қатарында.

Астана – Сирия мәселесі бойынша ұйымдастырылатын келіссөздердің негізгі нүктесі. Оның шеңберінде Қазақстан қарулы және саяси қақтығыстарды халықаралық реттеуде озық тәжірибе жинап келеді. Ал, 2003 жылдан бастап Астана жаһандық конфессияаралық диалогты – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін негізгі локацияға айналды.

Жаһандық қауіпсіздікті нығайту және бейбітшілікті сақтау – Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Ел астанасы үшін «бейбітшілік қаласы» атағы жай ғана әдемі эпитет емес. Бұл атақ 1999 жылы ЮНЕСКО- ның Астанаға өзара түсіністікті нығайтуға және түрлі мәдениетті жақындастыруға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде берген ресми мәртебесі. Бұл ретте Астана – бітімгер қала екенін күні бүгінге дейін айқындап келеді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы вице-президенті Ален Нери атап өткендей, Астана ширек ғасыр ішінде әлемге өзінің әсем сәулетімен ғана емес, тұрақтылықты, қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етудегі үлкен рөлімен де танымал болды.

Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Владимир Норов Астананың халықаралық диалог алаңы ретіндегі рөлі туралы айта отырып, Қазақстан астанасының соңғы бірнеше жылдағы маңызды жетістіктерін атап өтті. Оның пікірінше, Астана әлемдегі жетекші саяси орталықтардың біріне айналды. Мұнда өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде халықаралық қауіпсіздік пен дамудың өзекті мәселелері талқыланып қана қоймай, оларды шешу бойынша идеялар әзірленеді. Қала бейбіт келіссөздердің объективті және дәйекті жақтаушысы ретінде күшті беделге ие.

Астананың экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету және ғылым мен заманауи технологияларды дамыту жөніндегі ірі орталық ретіндегі рөлі де артып келеді. Мысалы, Қазақстан астанасында 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру туралы бастама көтерді. Тиісінше, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі және ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті.

Ал, бірер күн бұрын өткен Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының 24-ші отырысы кезекті рет Астананың әлемдік аренадағы беделін мығымдай түскендей. Күн сайын күрделеніп келе жатқан геосаяси шиеленіс жағдайында мемлекеттер арасындағы сындарлы диалог жүргізу үшін ыңғайлы алаңдардың қысқарып бара жатқаны байқалады. Халықаралық келіссөздердің көптеген дәстүрлі форматтары қысымға ұшырап, тиімділігін жоғалтып барады. Бұл тұрғыда Астана көпжақты келіссөздер үшін қолайлы платформалардың бірі ретінде өз беделін сақтап отыр. Бұл саммиттің қорытындысынан айқын көрініс тапты. ШЫҰ- ға мүше мемлекеттер бірауыздан Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы төрағалығы кезінде оң нәтижелерге жетіп, бұл ұйымның халықаралық аренадағы ұстанымын едәуір нығайтқанын және оның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

ТҮЙІН:

Астана – ХХІ ғасырдың тұңғыш астанасы. Бұл әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырмай қоймайтын дәйек. Бүгінде Қазақстанның басты қаласы – көпэтносты, көпконфессиялы және көпмәдениетті орталыққа айналды. Осындай қысқа мерзімде Астананың қалыптасуы мен дамуы әлемнің көптеген урбанологтарының назарында болатыны сөзсіз. Ал, оның саяси беделі дәл бүгінгідей аумалы- төкпелі кезеңде шешуші рөл атқара беретіні анық. Себебі, бас шаһар ширек ғасыр межесінде саяси текетірестерді тежеуші күш ретіндегі қуаты мен тәжірибесін арттыруда. Қазіргі қарқынмен келешекте көптеген саяси мәселелердің күрмеуі үнемі Астанада шешіліп отырарын болжау қиын емес.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар