Пейіліне кеткендей әлем сыйып, Ана! Ана! Бәрінен тұрар биік

Пейіліне кеткендей әлем сыйып, Ана! Ана! Бәрінен тұрар биік
Ашық дереккөз
Танымал тұлға, Әулиеата өңіріне ерен еңбегімен, өнегелі өмірімен әйгілі азамат, Социалистік Еңбек Ері Әбдіжапар Досымбаевтың өмірлік серігі, асыл жары, балаларының ардақты анасы Құрманкүл Тәттімбетқызы үлгілі аналардың бірі болған екен.

Әлемдегі ең қымбат Адам – Анаға осындай теңеу лайық

– Ана біткеннің барлығының пейілдері даладай дархан, көңілдері мейірбан ғой. Дегенмен менің Құрманкүл әжем теңдессіз жан еді. Ондай адам жер бетінде жоқ немесе санаулы ғана шығар?!

Биыл сол аяулы адамның туғанына 100 жыл толды. Өмірі – өнеге, ісі – үлгі менің нағашы әжем туралы кітап жазып, кино түсірсе де болады. Ол бәріне де лайық. Осынау айтулы күнге орай ол кісі туралы жақсы бір естелік мақала жазайықшы! – деді сыйлас інім Шадияр Оспанұлы. Шадияр бұл сөздерді шынайы көңілден, перзенттік пейілмен, таза тілекпен айтты. Кез келген бала анасы туралы солай дейтіні сөзсіз. Өйткені, бұл өмірде ол үшін одан асқан ақылды, сұлу, мейірбан жан жоқ. Сондықтан Шадиярдың патша көңілінің қалауы – орынды.

Несі бар, жазсақ жазайық.

«...Жақсыны жатқа жіберме» деген ғибратты сөз бар қазақта. Ол сөз негізінен ауылдағы тәрбиелі, ақылына көркі сай сұлу, инабатты, ибалы бойжеткенге бағытталып айтылған. Қыз жатжұрттық екенінде, оның әйтеуір бір босағаны келін боп аттайтынында дау жоқ. Ол – өмір заңы. Солай бола-тұра, көреген, кісі танитын қазақ сондай бір шаңырақты шаттыққа бөлейтін, көсегесін көгертіп, көрпесін ұлғайтатын жанның алысқа кетпей, сол маңайдағы қыз алысатын ағайынның біріне барғанын қалайды да.

Жиембет елінің сыйлы, бақуатты азаматы Тәттімбеттің қызы Құрманкүл «шіркін, менің жарым болса ғой» дейтіндей болып өскен. Анасы Шәлипа іскер, белсенді, сарамжал кісі болыпты. Ескі көздердің тілімен айтқанда ауылнай, болыс, ресми тілде – ауылдық кеңес төрағасы. Осындай отбасының қызы жаман болсын ба?!

Құрманкүл әке-шешесінің жалғызы емес. Алдында Алтай атты ағасы, артынан ерген Бақытгүл деген сіңлісі болған. Алтай Ұлы Отан соғысында қаза тауыпты. Ұрпақ қалмаған. Бақытгүлден балалар бар. «Анамыз өле-өлгенше Алтай ағасының атын аузынан тастамай кетті» дейді Анар қарындасы.

Қыздың кілті – жеңгесінде, сол өзі ақылды, өзі сымбатты қыз Құрманкүл жеңгесі Шаршағанның ақылымен көкірек елінің жігіті Әбдіжапармен жүректі де, тілекті де бір арнада тоғыстырған. Бұл кезде азаматымыз – 34, қаракөзіміз 21 жаста еді. Кештеу кезіксе де, көңілдері жарасқан екі жастың одан кейінгі өмірлері «қосылған қос өзен секілденіп» бір арнамен ақты. Ел қызыққандай, жастар үлгі алардай жарасымды жұп болды. Ал, кештеу кезігулерінің өзіндік себебі бар еді.

...Әкеден – бір, анадан екі жаста жетім қалған Әбдіжапар әкесі Досымбайдың туған інісі Абаның қолында тәрбиеленген. Аба ескіше сауатты, молда кісі болған. «Бауырының баласын ауырсынды» десек, Құдайға күнәһар болармыз, інісінің болашағын ойлағаны шығар, Аба молда Әбдіжапарды алты жасқа келіп қалған кезінде жетімханаға өткізеді. Қазақ елі патшалы Ресейдің құрамында болған сол кезеңде бұратана халықтың баласын өкімет қарауындағы мекемеге өткізу де оңай болмаған шығар... Сонда ол кісі інісінің мойнына сырты қайыспен қапталып, әдіптеп тігілген тұмар тағып берген екен. «Мынаны мойныңнан шешпе» деп қатаң тапсырған. Тұмардың ішіндегі қағазға «Бір Аллаға тапсырдым» деп басталып Әбдіжапардың шыққан тегі, елі, жері, ата-анасының аты және Абаның өз аты жазылыпты. Оны Әбдіжапар кейіннен білген.

Жетімханада қайбір жетіскен жағдай болды дейсің, бірақ Әбдіжапардың болашақ жарқын жолының сүрлеуі сонда салынды. Өйткені ол осы жетімханада сауатын ашып, орысша оқып білім алды. Зерделі баланың бар ынта-ықыласы – білімде. Оқығанының бәрін көңіліне тоқи берген. Жетімхана масылдыққа баулитын жер емес, бала әжетке жарағанға дейін әртүрлі жұмысқа жегілгені айтпаса да түсінікті. Қазақша айтқанда, істегені – жетімханаға жақсы, үйренгені – өзіне жақсы.

Әбдіжапар жетімханада тәрбиеленіп жатқанда, дүние астаң-кестең болып, елде Қазан төңкерісі болған. Өкімет ауысып, билік кеңес қолына көшкенде жетімхана да солардың иелігіне өткені белгілі. Қысқасы, Әбдіжапар 16 жасында жетімханадан шыққанда елде Кеңес өкіметі билік құрып тұрған кез еді.

Зерделі, зерек, білімді бала мойнындағы тұмардағы жазу бойынша елге келіп, Аба ағасын, ағайындарын тауып алған. Өлгені тіріліп, өшкені жанған Абаның да, ағайындарының да қуаныштарында шек жоқ. Ауылда қанша болғаны бір Аллаға аян, шамалы уақыт ауылда аунап-қунап жатқан Әбдіжапар білім алуды жалғастырып, мамандық игеру мақсатында Алматыға аттанған. Сонда жоғары оқу орнынан зоотехник мамандғын алып, институт жолдамасымен Семей облысына, Абай еліне тап болған.

Бұл елді ашаршылық жайлаған 1931-1932 жылдардың шамасы. Білімді азамат жаңа ортада біліктілігін арттырып, бар күш-жігерін елдің жағдайын жақсартуға арнапты. Сонда танысып, көңілдері жарасқан Мұхтахаға үйленеді. Мұхтаха – қазақтың ұлы перзенті, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қарындасы Үмияның жалғыз қызы екен.

Алланың бұл да бір сынағы шығар, Құдай Әбдіжапардың қызығын көп көргендей, екеуінің адал некесінен туған Роза бір жасқа толғанда Мұхтаха апамыз дүниеден озады. Әбдіжапар қызметін жалғастыра береді. Роза нағашы апасы Үмия кейуананың тәрбиесінде.

1937 жылы болуы керек, өкімет Семейде үлкен бір жиын өткізіпті. Жақсы маман болғаны шығар, бүкіл республикадан делегаттар келген сол жиынға Әбдіжапар Досымбаев та қатысқан. Сонда Жамбылдан келген делегация құрамындағы Құрамысов деген кісімен танысады. Ол кісі Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. «Ат кісінескенше, адам сөйлескенше», әңгімелесе келе жерлес болып шыққан Әбдіжапардың барлық жай-жағдайымен танысқан Құрамысов жерлесі, білікті маман Әбдіжапарды елге шақырады. «Жолдасың дүниеден қайтыпты. Мұнда жүре бергенше елге қайтпайсың ба, жұмыс табылады ғой», – дейді Құрамысов қоштасарда. Содан Мұхтаханың төркінімен, басқа дос-сыйластармен ақылдаса келе, 1938 жылы елге келгенінде Құрамысовтың «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткеніне 5-6 ай болып қалған екен. Бірақ Әбдіжапар қызметсіз қалған жоқ. Білімді, білікті маман қайда да қажет.

Араға аздаған уақыт салып, ағайынның ақылымен, қайын жұртының келісімімен Розасын қолына алған. Бұл мәселеде ұлы жазушы, қайнағасы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің де қолдау-қоштауы болғаны анық.

Содан 1944 жылы Құрманкүлге үйленген. Ортадағы дәнекер – қыздың әкесі Тәттімбеттің інісі Қосымбайдың әйелі, өз әкесі Досымбайға жақын қарындас болып келетін Шаршаған.

Ақылды қыздың ата-анасымен де ақылдасқаны айтпаса да түсінікті. Демек, ол кісілердің тарапынан да қолдау болған. Сөз басында «жақсыны жатқа жіберме» деген сөзді айтуымыздың себебі осы еді.

«Еркек – үйдің иесі, әйел – үйдің киесі» деген мәтелдің шынайылығына Әбдіжапар мен Құрманкүлдің өмірлері дәлел. Құрманкүл апа Әбдіжапардың отбасын шаттық ұялаған шаңырақ, «балалы үй – базарға» айналдырды. Түздегі еркектің үйдегісін сай еткен Құрманкүл апа отағасы Әбдіжапардың тасы өрге домалап, табысқа кенелуіне зор үлес қосты. Әрине, бұл жерде азаматтың еңбекқорлығы, іскерлігі, тағы басқа адами жақсы қасиеттерінің үлкен рөл атқаратынына талас жоқ. Дегенмен, Әбдіжапар Досымбаевтың барлық жетістіктерінде Алланың болмаса, адамның таласы болмаса керек.

Әбдіжапар Досымбаев еңбек жолында Талас, Свердлов (Байзақ), Шу, Мойынқұм аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары сынды лауазымды әрі өте жауапты қызметтер атқарған. Ол атақ, абыройдан да кенде емес. Кеңес Одағының еңбек адамына арнаған Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері бастаған бірнеше орден-медальдарын омырауға тақты. Елінің елеулісі, халқының қалаулысы болып, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Оның ең басты марапаты елінің сый-құрметі, қошеметі болды. Өйткені, ол саналы ғұмыры мен еселі еңбегін еліне, туған жеріне арнаған еді.

Отбасы берекелі болмаған азаматтың өмірі мерекелі, еңбегі жемісті болуы неғайбыл. Ал, отбасы берекесінің бастауы – отанасы.

Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың, Әбдіжапардың отбасында, жастай шетінеп кеткендерін есептемегенде, тәрбиеленіп өскен 10 баланың үлкені Розаның анасы Мұхтаха екенін айттық. Ал, Мараты – немере ағасы Абаның соғыста қаза тапқан ұлы Рахымбайдың көзі. Рахымбайдың Ленинград майданында ерлікпен қаза тапқаны жөнінде «қара қағаз» келгеннен кейін шымылдығы желбіреп отырған жесірі ата-енесінің батасымен басқа кісіге тұрмысқа шығады да, бір жас екі айлық бөпесін ата-әжесінің қолында қалдырады. Дегенмен екі бірдей боздағы қан майданда қыршын кеткен шал-кемпірдің нәрестені бағуға мұршасы қайдан болсын? Соны назарға алған Әбдіжапар мен Құрманкүл бауырының баласын да бауырына басқан.

– Біздің отбасында Марат ағаның әке-шешесі бөлек екенін айту үлкен айып жасағанмен бірдей, – дейді Анар қарындасымыз.

Жастары үлкен болған соң, әлде алғашқы балалардың тәттілігі шығар, Құрманкүл апаның Роза мен Маратқа деген ықылас пейілі ерекше. Мүмкін, қазақтың ырымымен айтқанда, екеуі «майкөт» болып артынан іні-сіңлілері, қарындастары ілескеннен кейін шығар.

Әсіресе, Роза қызына ықыласының белгісін мына бір оқиғадан-ақ бағамдай беріңіз.

– Роза әпкемізді Алматы мемлекеттік медицина институтының бірінші курсында оқып жүргенінде 1952 жылы Оспан жездеміз алып қашып кетеді. Сол кездегі әкеміздің қатты қапаланғанын, қызының келісімі болған соң істің насырға шаппай тынғанын баяндап жатпай-ақ қояйын. Апам Роза әпкемнің жасауын жыл бойы дайындады. Мақтангершілік үшін емес, бар болсаң, бере алмайтын, жоқ болсаң, көре алмайтын ағайынның «тумағандығын жасады» деген жел сөзіне қалмас үшін. Төсек-орынның ішінде бәрі бар. Әй, кейінгі қыздарына дәл солай жасау жасаған жоқ шығар! Молдығы сол, вагонға тиеп апарған екен. Апам құдағиларына төсек-орынды «көрсетіп» жатқанда ыдыс-аяқтың арасынан күміс қасықты көзім шалып қалған мен «мынау – менің қасығым» деп таласқаным есімде. Балалық қой, – деп еске алады Ерболат замандасым анасы туралы. Бұл жерде ешқандай дарақылық жоқ, ана пейілдің дархандығын аңғарамыз.

Әпкесінен күміс қасықты «қызғанып» жүрген Ерболат сол әпкесіне етене болып өсті.

– Менің кішкентай кезімде апам әжептеуір сырқаттанып қалып, менің бар күтімім Роза әпкемнің мойнында болған. Сонда ол кісі маған анамнан артық күтім жасап қараған. Сондықтан ба, әлде бауырмалдықтың белгісі ме, Роза әпкем екеуміз басқа бірге туғандарға қарағанда жақын болдық. Тіпті, сырымыз да бір. Басқа қарындастарым өкпелемесін, қазір де маған Роза әпкемнің балалары жақындау, – деп сыр ашады Ерболат.

Құрманкүл апа Досымбаевтар әулетінің бағын ашқан ана болды десек, артық айтқандығымыз емес. «Жетім қозы – тасбауыр, мұңаяр да отығар» дейді қазақ тағы да. Бұл жетімдіктің зарын тартып, кісікиік болып өскен адамға арналған. Әбдіжапарға бұл мінездеме тіптен сай келмейді. Ол өз ағайындарына да, қайын жұртына да қамқор, мейірбан, бауырмал жан еді. Тіпті, көмек сұрай келген қаймана қазақтың да меселін қайтарған емес. Бұл да әр істе ақылдасып, кеңесіп отыратын «қабырғасы» – Құрманкүлдің арқасы. Ал, Құрманкүл алысты жақын, жақынды бауыр етудің хас шебері. Жүзінен мейірім шуағы төгіліп, кез-келгенді іш тартып, үйіне шақырып тұратындай көрінетін. Үйінен кісі үзілген емес. Қонақжайлығымен аты шығып, алғыс пен қошемет-құрметке бөленді.

Сол қонақжайлық балаларына да дарыған. Олар келген қонақтың атын байлап, қолына су құйып батасын алуға асығатын. Өйткені, тәрбие сондай. Әбдіжапардың үйіне кімдер келмеген! Талай жақсылар мен жайсаңдар, «шіркін, бір көріп, қолын алсам ғой» дейтіндей аңыз адамдар, танымал тұлғалар түскен үй ғой бұл!

Бұл туралы Нұрболат Әбдіжапарұлы былай дейді:

«Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында біздің үйге халық ақыны Кенен Әзірбаев келе қалғаны. Қасында жерлесіміз Жақсыбай Жантөбетов бар. Ол кісі де халық ақыны. Шу ауданының орталығы Төле би (ол кезде Новотройцк) ауылында тұратынбыз. Үйде әкем жоқ еді. Анам көрші үйден бір қой сатып алды да, оны сойғызып, қуырдақ дайындай қойды. Қазанда ет асылып жатыр. Кең жайылған дастархан басында қос ақын әңгіме тиегін ағытып, шай ішіп отырғандарында жұмыстан әкем келді.

Сонда үй иесінің жоқтығын білдірмей, қол қусырып қонақ күткеніне риза болғаны шығар, Кенен атаның әкеме қарата «сенің бақыт-бағың да, ырысың да, абыройың да мына келінде» дегені құлағымда қалыпты.

Сол жолы ақындар үйде қона жатып, ерулеп қайтқан. Тәулік бойы екеуі кезек-кезек жырдан шашу шашып, әуезді әнге салып тыңдаушының құлақ құрышын қандырған. Ондайда үйімізге көрші-қолаң, ауданның атқамінерлері де толып кететін. Өнерсүйер қауымға есік ашық. Құдды біздің үйде концерт болып жатқандай.

Апам кетерінде екі ақынға да шапан жауып, басқа да жол-жоралғысын жасаған. Әкем Кенен ақынға ат мінгізді. Қонақтар анама алғыс айтып, баталарын беріп, зор ризашылықпен аттанды. Мен қазір ойлаймын, «ер-азаматтың абыройы атқарған қызметі мен лауазымында емес, әйелінің үйдегі іс-әрекетіне қатысты екен ғой» деп.

Біз Мойынқұм ауданында тұрамыз. Әкем – ауатком төрағасы. 1968 жылдың жазында үйімізге атақты қолбасшы, халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы қонаққа келген. Біз білмейді екенбіз, ол кісі әкемізбен жетімханада бірге тәрбиеленіпті.

Бауыржанды көруге, қолын алып сәлемдесуге әркім-ақ құмар. Бірақ, батырдың кіді, кірпияз, турашыл мінезінен көпшілігі батып үйге келе алмайды. Батырдың бабын жасап, тілін тапқан анамыз көршілердің де, басқа қызығушылардың да ұлы тұлғамен дидарласып әңгімелесулерінің ретін келтіре білген.

Баукеңнің қайтарында үйіне сәлемдеме беріп жіберуге қамданып жатқан анама:

– Әй, Құрманкүл, етті көп сала берме. Күн жаз ғой, бұзылып кетеді, – деді. Не деген қанағатшылдық. Әйтпесе, басқа біреу болса... Ал, анам бір қараның етін беріп жіберуге дайын.

1974 жылы Қордайда Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына арналған торқалы тойда екі құда – екі Социалистік Еңбек Ері Әбдіжапар Досымбаев пен Әбдір Сағынтаев қосылып алты қанат ақ үй тігіп, екі құдағи – менің анам Құрманкүл мен Құндызай апа қонақтарға қызмет жасаған. (Әбдір ағаның ұлы Қыстаубай мен менің әпкем Розаның қызы Гүлшат – ерлі-зайыптылар.) Дастархан қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарына сықап тұр. Киіз үйдің жасауы қандай, кісі мұражайға кіргендей әсер алатындай! Осының бәрі ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды ұлықтаған қос ананың қолдарының епсектілігі мен талғампаздығының нәтижесі. Сол жолы олар тіккен киіз үйде болған КСРО Жазушылар одағының төрағасы Георгий Марков, мемлекет және қоғам қайраткерлері Асанбай Асқаров пен Хасан Бектұрғанов, қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов, қазақ халқының мақтаныштары Жазылбек Қуанышбаев пен Бибігүл Төлегеновалардың ризашылықтарын айтып жеткізу қиын».

Нұрболаттың әңгімесіне орай қайтадан сұхбатқа араласқан Ерболат: «Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовпен келіп, қонақта болғаны бар. Сонда әкеміз екі елдің екі ұлы перзентімен таңға отырып әңгімелескен. Бұл оның әдебиетті сүйетінінің, мәдениетті жоғары ұстанатынының белгісі», – деп тағы бір ерекше естелікті жаңғыртты. Әрине, оларға да Құрманкүл апа ақ дастарханын жайып, ақ ниетін ұсынғаны айтпаса да түсінікті.

Анасын сүймейтін, оның әрбір ізгі ісін мақтан етпейтін бала жоқ. Осы жазбаны дайындау барысында Астанадан телефон арқылы хабарласқан қызы Жанат та әр сөзіне анасының жақсы қасиеттерін қайталаумен болды.

– Ой, біздің анамыздың тазалығында, үйдегі жиһаздарды, әрбір затты орналастырудағы шеберлігінде шек жоқ. Нағыз дизайнердің өзі. Сол тазалықты сүйгендігінің белгісі шығар, «Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің» деген мәтелді жиі айтатын, – дейді ол.

«Тазалық дегеннен шығады, анамыз тазалықты киім киюден бастайтын», – деді Анар қарындас. «Ол кісі киім үлгісінің эталоны деуге лайық еді. Сұлу мүсін, келісті келбетінен бе екен әлде, ол кісіге кез-келген киім жараса кететін. Ол кісі кез келген ортада өзін еркін ұстайтын, отырысты жандандырып отыратын өнерпаз да болған. Жас кезінде мандолинаның құлағында ойнаған екен. Ән де салған болуы керек. Үйде әкеміздің анамызға арнайы сатып әперген пианиносы әлі тұр. Соған қарағанда пианинода да ойнай алатын болғаны ғой».

Анасы туралы кісі аузын ашып, көзін жұмып тыңдағандай әңгімелейтін Анар қарындас әз-әкесі Әбдіжапар жайында айтқанда, тіпті, адам үлгі алғандай.

– Біздің әкеміз: «Қандай жағдай болса да, қызды оқыту керек. Ер бала оқи алмаса, екі қолға бір күрек табылады», – деп отыратын. Соның айғағындай Роза әпкемізден бастап Рая, Жанат, Алмаш әпкелерім де, мен де, Сәбира, Ырыс сіңлілерім де жоғары білім алдық. Ағаларым да жоғары білімді, жауапты қызметтер атқарды, – деп қосып қойды Анар.

Ананың балаға деген махаббатын айтып жеткізу мүмкін емес. Оның бағасы да жоқ.

Ал, баланың анаға деген махаббаты әртүрлі. Кейбіреулер аналарын жай жақсы көріп қана қояды. Кейбіреулер жақсы тәрбие бермегені үшін аналарына өкпелі. Әрине, Құдай ондайдан сақтасын!

Биыл бақилық болғанына ширек ғасырдан асқан Құрманкүл анаға деген балаларының махаббаты шексіз. Олардың кез-келгені әкелері мен шешелерінің жақсы қасиеттері туралы таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар.

Досымбаевтар отбасының берекесін кіргізіп, ошағының түтінін түзу шығарып, жапырағы жайқалған бәйтеректей артына бір рулы елдей болатын ұрпақ қалдырған Құрманкүл анадан тараған немере-шөберелері жүзден асып жығылады бүгінде.

«Немере, неткен тәтті едің!» демекші, Құрманкүл апа немерелері мен шөберелерін жақсы көретін. Олар да әжелерін жақсы көрді.

Осы естеліктің жазылуына мұрындық болған жиен-немересі Шадиярдың «Дүниеде менің Құрманкүл әжемдей жақсы адам жоқ. Болса да санаулы ғана!» деген сөзінен-ақ ол кісінің шын мәнінде де жақсы ана, үлкен әріппен жазуға лайық адам болғанын аңғарамыз. Ал, жақсы анадан туған бала, жақсы адамнан тараған ұрпақ жаман болмақ емес. Әбдіжапар аға мен Құрманкүл апаның өмірлерін жалғастырып жатқан ұрпақтарының ұстанған ұстанымдары мен жарқын болашақты бетке алған бағыттарына қарап соған көзіміз жеткендей.

Бата бергенде айтылатын «Алды – пейіш, арты кеніш болсын!» деген тілектің қабыл болғаны осы да.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар