Бүгінгі заманның тек көлеңкесін ғана көретін, ешкімге ешқашан риза болмайтын жан еді. «Баяғыда бәрі керемет-тұғын, ал қазір»... Алғашында осы тақілеттес сөзді естімей жүрген жоқ, жауыр болған көп тақырыптың бірі болған соң ба, отырғандар үнсіз тыңдаған. Әлгі кісінің даусы бара-бара ащы шыға бастады.
– Баяғыда жастар үлкеннің алдынан кесе- көлденең өтпейтін...
– Иә, рас айтасыз, – деп бас шұлғи салды оған біреулер.
– Баяғыда адамгершілік деген болатын әрбір адамда...
«Қазір де адамшылығы бар адамдар жеткілікті ғой» дегіміз келген. Демедік бірақ. Жасы үлкендерді сыйлап, суырылып алдарына түсіп кетпеу үшін, іштей тізгінімізді тарттық. Әлгінің «Баяғының адамдары ақшақұмар емес еді. Қазіргілер баюға әбден құныққан» деген сөзін іліп әкеткен келесі үн иесі «Осының бәрі идеологияның жоқтығынан» деп қойып қалды.
Идеология деген сөзді ауызына алу арқылы білімді, зиялы көрінгісі келген бұл кісіні де жақсы білуші едік. Сырты жылтыр, іші қудың нағыз өзі. Сонда да, әдептілік танытып, әңгіме арасына құйысқандай қыстырылмадық.
Баяғының үлкен сыйлар тәртіпті адамдары сықылды бүгінгінің де тәртіпті адамдары бар екенін үнсіздігімізбен ұқтырғымыз келген.
Бірақ қазіргі уақытта ғана емес, баяғыда да адамдардың ішінде жұмыртқадан жүн қырыққан ақшақұмарлары болғандығын бүгіп қала алмадық.
Өткен дәуірдің сексенінші жылдарында естігін әңгімеміз еске түсті.
«Целиноград – Ташкент» пойызына Қарағанды вокзалынан бірге отырған оңтүстіктік жерлестер Валентина Александровна, Аманқұл мен Есен ағай – төртеуіміздің мектеп басшыларының екі айлық білім жетілдіру курсын бітіріп қайтып келе жатқан бетіміз еді.
Жамбылға дейінгі жолды қысқартудың қамына кірісіп кеткенбіз. Біздің тобымызға келіп қосылып, өзін «Әсетпін» деп таныстырған, орта жастан асса да өңін бермеген үлкен кісі әңгімешіл екен. Сөзге шешендігімен бізді үйіріп әкетті.
– Жол үстіндеміз ғой, ауыр тиер, сонда да сөз орайы кеп қалды, – деген Әсет ағай тағы бір жайттың шетін шығарған.
– Б ір туысым жеке автокөлігімен өткен жылғы қаңтар айындағы көктайғақта апатқа ұшырады. Қарт шешесі мен әйелі ауыр жарақаттанып, ал рульдегі өзі бір аяғынан жартылай айырылып, айдалада қиын халде қалады.
Бақтарына қарай трасса бойымен келе жатқан бір жеңіл машина тоқтап, бұларды мінгізеді. Қалаға жеткенше есі бір кіріп, бір шыққан танысым ауруханаға жеткізіп салған сол жігітке рахметін айтқан-айтпағанын әлі күнге дейін анық білмейді. Аты-жөні де белгісіз. «Шіркін, бізге көмектескен сол азаматты тапсам ғой, арамыздан қыл өтпестей дос боп, туғаннан да жақын бауырыма айналдырар едім» деп арман қылады. Сыртынан тілеуін тілеп, ауызынан тастамай жүр.
– Ойпырмай, мың болғыр жігіт екен де ол жігіт! – деп Аманқұл ағай таңдай қағып тамсанып еді, бәріміз де қоштай жөнелдік.
– Өмірде небір жақсы адамдар, жаны ізгілікке толы жандар көп қой!
– Тым болмаса аты–жөнін сұрап алмаған екен, ә! Айтпақшы, туысыңыздың жай–күйлері қалай болды сосын?..
– Рас, емделуден кейін үшеуі де айығып кетті. Танысым аяғына протез салдырып алды. Шапқылап жүр.
Бірақ ана шопырдың толық мәліметі менде бар болса да, ашып айтпадым. Апат туралы ести сала ауруханаға жанұшыра жеткен бізге оның «Мен еріккенімнен әкелгем жоқ. Бұлардың жол ақыларын төлеңдер» деп ежірейе қарағанын қалай ұмытам. Сұрағанын беріп, «әке-көкелеп» шығарып салғанбыз.
Туысыма соны қалай айтам. Одан да оның ойында ол «мейірімді, жақсы адам» болып қала берсін, – деді Әсет аға...
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді