Соңғы жылдары көпқабатты үйлерден бөлек, халық көп шоғырланған базарлардың өртенуі жиі орын алатын болды. Ал, шарпыған жалынды жедел ауыздықтау жүйелері жарамсыз болса, онымен күреспек түгіл, алдын алу жайында да сөз қозғау мүмкін емес. Ондай жағдайларға тұрғындардың өзі де талай мәрте куә болып жүр.
– Бұрынғы кеңестік кезеңде бой көтерген көпқабатты ғимараттар төтенше жағдайларға барынша ыңғайлы жасалған еді. Мәселен, ел тәуелсіздігін алғанға дейінгі салынған көпқабатты нысандардың әр қабатында өрт сөндіру гидранттары болатын. Олардың барлығы талапқа сай жұмыс істейтін және тұрақты түрде тексеріліп тұратын. Оған қоса кез келген тұрғын үйдің жанында арнайы сатылар болатын. Сол арқылы өрт сөндірушілер шатырға шығып, жалынға дер кезінде тойтарыс беретін. Кейінгі жылдары балалар, я болмаса бөгде адамдар зардап шекпесін деп ондай сатыларды алып тастады. Оны алып тастамай-ақ, құлып салып, я болмаса басқа жолын табуға болатын еді. Қазір беті аулақ, көпқабатты үйлерде өрт болса мамандар не шатырына жете алмай шырылдайды, не ішіне кіре алмай алашапқын болады. Оған дейін оқиға орын алған пәтер толығымен күлге айналып, өрт басқа пәтерлерге ауыса бастайды. Бұл әрекеттің мүлде тиімсіз екеніне көз жеткізетін уақыт болды емес пе? Өкінішке қарай, кейінгі салынып жатқан көпқабатты үйлерде өрт сөндіру жүйелеріне аса басымдық берілмейді. Шатырлары да оңайлықпен ашылмайды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі көпқабатты жаңа үйлер дүлей өртке мүлдем дәрменсіз. Сол секілді сауда немесе ойын сауық орындары да тез жанатын арзан құрылыс материалдарын пайдалануға құмар.
Сондықтан үй салумен айналысатын мердігер компаниялар, оларды бақылаушылар және көпқабатты нысан иелері, кәсіпкерлер ең алдымен пайданы емес, адамның қауіпсіздігі маңызды екенін естен шығармаса екен,– дейді қала тұрғыны Сәбит Жұмабек.
Қызыл жалын шарпыған жағдайда айналып келгенде өрт сөндірушілердің жұмысына сын айтылатыны анық. Бірақ, мәселенің түбегейлі шешілуі үшін өрт сөндіру жүйелерінің де алар орны орасан. Бірақ, қаладағы халық көп шоғырланған «хан базардың» өзінде гидранттардың істен шыққаны және оған кәсіпкерлердің алаңсыз отырғаны алаңдатады.
– Осы «Ауыл–Береке» базарында күнделікті сауда жасап, нәпақамызды тауып жүрміз. Құрылыс заттарына қажетті құбырлар, жылу жүйелерін сатумен айналысамын. Әрине, осында өзім секілді саудамен айналысып жүрген әрбір азамат мұнда отбасының, бала-шағаны асыраумен тірлік кешетіні белгілі. Алайда, өрт болған кезде бәріміз бірдей абдырап қалатынымыз рас. Мұнда ең бастысы – адамның өмірі. Базар болғандықтан мұнда қария да, бала да болады. Халықтың қауіпсіздігі, адамның амандығы үшін осында қаншама өрт оқиғалары кезінде өрт сөндірушілер жан алысып, жан беріскеніне куәміз. Көбіне базар аумағы үлкен болғандықтан өрт сөндіру көліктерінің сулары таусылып қалып жатады. Ал, ол суды қайтадан толтырып келуге көп уақыт кетеді. Қаншама сатушылар ол уақытта шығынға батып, дүниесі күлге айналып кетіп жатты. Ондай жағдайда әрине базарда арнайы су гидранттары болуы тиіс. Қаншама адамның өмірі, қаншама халықтың табыс көзі осы жер болғандықтан қауіпсіздікті ұмытпауымыз қажет. Сондықтан қала әкімдігі де, базар басшылығы да осы мәселеге бей-жай қарамаса екен, – дейді сатушы Мақсат Бегілда.
Осыдан екі ай ғана уақыт бұрын «Омар ата» сауда орнында өрт орын алып, жалын аумағы 350 шаршы метр аумақты шарпып өткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жақын маңда су болмағандықтан қызыл жалынмен бес сағат бойы арпалысқан. Сондықтан өрт сөндірушілер базар аумағында міндетті түрде гидранттардың болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтуда.
– Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығына сәйкес гидранттар пайдалануға қабылдаудың алдында және жылына кемінде екі рет, көктемде және күзде техникалық тексеруден өтуі қажет. Оларға су жіберу арқылы жұмыс қабілеттілігі үнемі бақылануы тиіс. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер тарапынан аймақтағы істен шыққан сыртқы өртке қарсы су көздерін жөндеу және жаңадан орнату жұмыстары жүргізілуіне байланысты аталған түзету жұмыстары алдағы күзде толығымен қолға алынуы керек. Себебі, өрт гидранттарының жарамсыздығы немесе жоқтығы өртті бастапқы кезеңде жоюға мүмкіндік бермейді. Салдарынан өрттің шығыны мен көлемі артады. Сондықтан жалынды жою үшін қосымша күш-құралдарын тартуға мәжбүр боламыз. Істен шыққан өрт сөндіру гидранттарының зардабынан тұрғын үйлерде және көпқабатты үйлерде орын алған өрттерді сөндіру кезінде едәуір қиыншылықтар туындайтыны рас. Соның салдарынан адам өміріне қауіп төніп, жеке азаматтардың мүліктеріне, құрылыс нысандарына үлкен материалдық шығын келтіреді. Қолданыстағы гидранттардың көбісінің беткі жабдығы жылжып кетеді немесе көп жағдайда люктары жоғалып жатады. Салдарынан беті қоқыс қалдықтарына толып қалады. Бұл мәселе өз тарапымыздан да үнемі көтеріліп келеді. Көпшілікке арнайы ақпараттық хаттар да жолданған болатын. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса баяу жүргізілуде, – дейді Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Әміров.
Ал, жоғарыда атап өткеніміздей, халық көп шоғырланған сауда орындарының басым көпшілігінде гидранттар атымен жоқ. Облыс орталығындағы бес бірдей ірі базардың тек біреуінде ғана гидрант болғаны сөзімізге анық дәлел. Ал, шағынаудандар арасындағы базарлардың жайы өз алдына бір төбе. Дейтұрғанмен, базар мен сауда орындарының басшылары гидранттарды әкімдік тарап орнатса деген пікірде. Ал, қала басшылығы оған кәсіпкерлердің өзі жауапты екенін алға тартуда.
– Гидранттарды, өрт қауіпсіздігі жүйелерін кәсіпкерлердің өздері жүргізуі қажет. Орталық магистральды желілерден сервистік желілерді тарту, оның ішінде меншік нысаны, яғни, жеке нысан болғаннан кейін оның өзінің ішінде жүргізілетін жұмыстарының бәрі сол меншік иесі есебінен қамтылу керек. Ал, қаладағы жарамсыз 529 гидранттың мәселесі биыл толықтай шешіледі. Былтыр сатып алынған гидранттарды орнату жұмыстарының уақыты жылыту маусымына тұспа-тұс келгендіктен 2024 жылға қалдырылған болатын. Су құрылғыларының жаңасын сатып алу үшін әкімдік 35 миллион 845 мың теңге бөлген. Енді оларды орнату үшін қосымша 17 миллион 860 мың теңге қарастырып отыр. Өрт гидранттарын орнату жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр,– дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Қала әкімдігінің мәліметінше, гидранттарды орнатуға мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мердігері болып – «Akikat Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталыпты. Бүгінгі күні «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен суды уақытша кезең кезегімен өшіру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
Жалпы, Таразда 2250 өрт қауіпсіздігі құралдары бар болса, соның 529- ы, яғни төрттен бірі жарамсыз күйде. Кейбір гидранттар кеңестік кезеңнен бері тот басып, тозығы жеткен. Құмға толған құбырлардың көбі жаңа жол жабындыларының астында қалған. Себебі, инфрақұрылым жақсартамыз деп жанталасып жүрген құрылыс компаниялары гидранттарды бітеп немесе орындарын өз бетінше ауыстырып жіберген. Қалай дегенмен, қарбалас қала тіршілігі, қыз-қыз қайнаған сауда нысандарына қыркүйекке дейін қызыл жалыннан қауіп бар екенін ұмытпаған абзал. Себебі, алдымен алаудың бетін қайтаратын гидранттардың мәселесі шіліңгір шілдеде де шешілмейін деп тұр.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа мектеп пайдалануға берілді
- Бүгін, 00:07
Франция сапары: стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі
- 6 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді