Қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында тиыннан тиын құрап, отбасын асырап жүргендердің еңбегін бағалаған дұрыс әрине. Ал, шынында ол қызметшілердің табысы кейбір адамдардың табысынан да жоғары. Жәрмеңке қожайынына күнделікті өткізуге тиісті ақшадан бөлек кемінде 8-10 мың теңге пайда көреді. Бұл әңгімені орталық базарда жұмыс істейтін Тараз тұрғыны айтты. Олардың сөзінше, базардың тұрағы ақылы болғанымен, сол тұрақта тұрған көлігіңнің қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейді екен. Сонда бұл ақылы қызметтің қызметін кім керек қылмақ?
Алайда, темір тұлпарыңды біреу қолды қылса одан жауап алудың өзі қиын. Айналып келгенде, аз да болса төлеген ақың біреудің қалтасына түсіп жатқан тегін пайда екеніне көзің жетеді.
Сол орталық базардың басшылығына қала тұрғындары шағым айтуда. Олар көпке ортақ көлік жүретін жолға да ақы төлетеді екен. Сауда орталығының ішінде орналасқан жол болса мейлі. Кәдімгі қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамасы бар халыққа арналған жолды жеке пайдасына асыруда.
Әр көліктің сол жолмен жүруіне 100 теңгеден төлететін базар қызметшісі Ерғали Мұсабековтің айтуынша, жол базар әкімшілігіне қарасты екен. Жоспар бойынша күнделікті 1200 теңге басшылыққа беріліп тұрады.
– Мен осы жолдан күн көріп жүрген қарапайым қызметшімін. Сіздердің сұрақтарыңызға ешқандай жауап айта алмаймын. Өзім олардың күнделікті жоспарын орындаймын, ай сайын алатын жалақым 60 мың теңге. Базардың директоры Алмас деген азамат, сол бастықпен сөйлесіңіздер, – дейді Ерғали Мұсабеков.
Базар директоры Алмас Сиқымбаевты іздеп кабинетіне бардық. Басшы жұмыс орнында жоқ екен. Қарамағындағы қызметкерлермен аталған мәселе туралы сөйлесіп едік, олар бұл сұраққа қатысты ешқандай жауап бере алмайтынын айтты. Директормен ұялы телефон арқылы тілдесіп едік, ол, аталған жолдың базар аумағына кіретінін айтты. Сол жолдан түскен пайда есебінен салық төлейтіндерін де жеткізді. Бірақ, айтылған сөздеріне нақты дәлел келтірмеді. Сонымен қатар, бетпе-бет кездесіп сөйлесуге де құлықсыз екенін білдірді.
Бір күн өткеннен кейін тағы да ұялы телефонына қоңырау шалып едік, ол жол мемлекеттің жолы екенін растап, ағынан жарыла жауап берді. Яғни, орталық базардың директоры Алмас Сиқымбаев ел тегін көлікпен жүретін жолды ақылы етуінің себебін түсіндірді.
– Бұл жол базар аумағына кірмейтіні рас. Алайда, бұл маңның тазалығы мен жарық жүйесіне біз жауаптымыз. Жарық пен абаттандыруға кететін шығынды осылай өтейміз. Бар-жоғы күнделікті 4800 теңге пайда түседі, ол ақша сол маңда жұмыс істеп жүрген қызметшілердің айлығы, – дейді диретор.
Бір күн бұрынғы айтылған сөзі басқа еді. Базардан нәпақа тауып, шай-пұлын айырып жүрген халықтың сөзі рас екен. Олар қалаған жеріне иелік етіп, елдің аяғы тиген орынның бәрін ақылы қыла беру көпті ақымақ ету деп түсінеміз дейді. Мемлекеттің жері сол жерді басып жүрген әрбір адамға тиесілі екенін де жеткізді.
Сол халықтың бірі, қала тұрғыны Қадірбек Иманбеков, көпке ортақ мемлекеттің меншігіндегі жолға базар әкімшілігінің ақы талап етуі заңсыз екенін ашына жеткізді.
– Мен осы сауда орталығының аумағында такси жүргіземін. Клиенттерімді базарға жақын маңнан алып кетейін десем, осы жолмен кірген-шыққаныма ақша төлетеді. Бұл жолмен әр жүрген сайын 100 теңгеден ақы төлете берсе бізге не қалады? Сондай-ақ, осы жолдың бойында дарбыз сататын азаматтар да базар басшылығына наразы. Олар тұрған орын үшін ақы төлейді, оған дауымыз жоқ. Сонымен қатар, тауарларын тасымалдайтын көліктері сол жолмен жүргені үшін де құн төлейді. Бүйте берсе, күндерін сауда-саттықпен көріп жатқан қарапайым халықтың жағдайын кім ойлайды? Тиыннан тиын құраған елдің жанайқайын тиісті орындарға жеткізсеңіздер, – дейді ол.
Ақылы жолдың кімге тиесілі екенін анықтау барысында прокротура мамандарымен де тілдестік. Заң өкілдерінің сөзінше, орталық базар маңындағы жол мемлекеттің меншігінде екен.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменов, «Бұл жолдың базар әкімшілігіне еш қатысы жоқ. Жер мемлекеттікі. Сондықтан сол жолға ақы алуға олардың құқығы жоқ», – дейді.
Қолымда билік бар деп қарапайым елді басына бару бассыздық. Көпке ортақ дастарқандағы тағамнан тек алдыңда тұрған асты ғана жеуге қақылысың. Тағы бір айтарымыз бұл мәселені тиісті оргондар жиі назарда ұстаса. Жиі қадағаламаса өз қалтасын ғана ойлайтындар бұл бассыздыққа тағы жол берері анық.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді