Ұлттық журналистиканың дамуы мен қалыптасу кезеңі біздің өңірді де айналып өткен жоқ. Мәселен, еліміз егемендік алғанға дейін облыста көпшілікке ақпарат таратушы санаулы-ақ басылым болды. Соның бірі һәм бірегейі – бұрынғы «Еңбек туы» бүгінгі «Aq jol» газеті. Әуелі «Кедей еркі» деген атауды иеленген газетте қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің тұсында кілең тарландар мен жұлдызы жанғандар елеулі еңбек етті. Жалпы, мерзімді басылымдағы мазмұнды мақалалар оқырман есінде ұзақ сақталатыны ақиқат.
«Aq jol» газетінің тарихында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан солай туған» атты әйгілі шығармасының алғаш рет жарық көргені айтылады. Жазушы сол кезде Әулиеата өңіріндегі Сарысу ауданының Түркістан ауылына барып, арнайы очерк жазғаны тарихтан белгілі. 1937 жылы Жамбыл қаласында жастардың республикалық басқосуы өткен кезде, аталған жиынға қатысқан, кейіннен атақты ақын Сырбай Мәуленовтің тұңғыш өлеңі жарияланған екен. Сондай-ақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа жазықсыз жала жабылған тұста газет қызметкері Қыстаубай Байтуовтың қайраткер тұлғадан сұхбат алғаны да бір тарих. Ал, белгілі қайраткер азамат Асанбай Асқаров та негізсіз жалалы болғанда «Aq jol» газетінің оған араша түскені де шындық. Бұл туралы белгілі ақын, басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бекбосын өз естелігінде кеңінен баяндайды.
Өңір журналистикасының алтын бесігіне айналған осынау газет бетінде жарияланған көптеген мақала-зерттеулер қалам ұшынан шыққан сөздің қоғамды қозғайтынын дәлелдеп үлгерді. Бір ғана мысал, басылымның алғашқы редакторларының бірі – Жайық Бектұровтың әйгілі Кенесары Қасымұлы туралы шындықты жазуы – ерлікпен пара-пар еді. Қаламына ілінген тақырыпты кеңінен жазатын ақын-журналист Жақсылық Сәтібековтің: «Асқаровтың ісі: Сот жүріп жатыр» атты мақаласы да қоғамға ой салған жазбаның бірі. Айта кетейік, дәл осы газетте жүздеген қаламгерге ұстаз болған Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет сияқты марқұм ағаларымыздың өнегелі ізі, елеулі еңбегі қалды. Ал, «Aulieata-Media» холдингінің құрамындағы айтары да, айбары да бар басылым екі жыл бұрын жүз жылдық мерейтойын тойлаған еді.
Жүз жылдан астам тарихы бар облыстағы тағы бір басылым «Знамя труда» газеті. Бұл газет Әулие Ата уезі РКП(б)к-нің органы ретінде 1919 жылдың тамыз айынан «Аулие-Атинский» деген атпен жарық көрді. 1939 жылы қарашада Жамбыл облысы құрылған соң облыстық газет «Коммунист», ал 1963 жылдың 1 мамырынан «Знамя Труда» атауын иемденді. Газеттің алғашқы редакторы – орыс-совет жазушысы, аудармашы Анна Алматинская. Ал, бүгінде басылымның бас редакторының міндетін атқарушы, тәжірибелі журналист – Людмила Мельник. Уақытында тиражы он мыңнан асқан газет жергілікті билік органдарының қызметі мен облыс өмірін насихаттауда өзіндік орны бар ақпарат құралы.
Жамбыл жерінің жылнамасындағы жарқын оқиғалардың бірі – 1989 жылдың 1 қарашасында облыстық телерадиоарнаның өз жұмысын бастауы. Осылайша, Жамбыл теледидары республика көлемінде 21 үзілістен кейін электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым атанды. Алғашқы кездері телеарна эфирге аптасына екі-үш рет ғана шықты. Ал, хабарлардың ұзақтығы 15-20 минуттан асқан жоқ. КСРО телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті облыстық телехабарларға қаржы бөлген соң, хабар тарату ұзақтығы 40-45 минутқа созылды. Ол кезде хабарлар жылжымалы телестанция (ПТС) арқылы таратылды. Көп ұзамай Ы.Сүлейменов көшесіндегі Жамбыл гидромелиоративтік инженерлік құрылыс институтының көне ғимараты толық жөндеуден өтіп, басыбайлы телеарнаның меншігіне берілді. Сонымен қатар, Қаратау қалалық телестудиясын тездетіп іске қосу да назардан тыс қалған жоқ. Нәтижесінде жаңалықтар мен хабарлар тікелей эфир арқылы телестудиядан таратыла бастады. Айта кетейік, 1990 жылы елімізде тұңғыш рет «Желтоқсан жаңғырығы» фильмі Жамбыл телеарнасында жарыққа шығуы үлкен резонанс тудырды. Кейіннен бұл туынды республикалық арналарда көрсетіле бастады. Әр жылдары ЖТД, «Қазақстан-Тараз» деп аталып келген телерадиоға 2017 жылы ребрендинг жасалып, «JAMBYL» атауы берілді. Аймақтың мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан телеарна ұжымы 2019 жылы 30 жылдық мерейтойын тойлаған еді.
Тараздықтарды толғандырған мәселелерді кеңінен толғап, биліктегілерге жеткізуде «Jambyl-Taraz» апталық қоғамдық-саяси газетінің де өзіндік орны бар. Алғашқы саны 1996 жылдың ақпан айында жарық көрген газеттің тұңғыш редакторы – әріптесіміз Дархан Байтуов. Бұдан кейін, облыс орталығының айнасына айналған бұл басылымды Болат Бекжанов пен Эльмира Мырза-Ғали басқарды. Жалпы, газет қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Бұл ретте екі тілде шығатын екі басылым бірін бірі қайталамайтын бөлек ақпарат көзі екенін айта кету керек. Қос редакция ұжымы көпшілікке әрдайым өзекті һәм ой саларлық мақалалар ұсыну үшін аянбай еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, редакция жанынан «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі құрылып, жаңадан сайты жасақталды. Қазіргі уақытта агенттікте арнайы құрылған топ жедел әрі сенімді ақпарат тарату мақсатында жүйелі жұмыс істейді.
Келер жылы жиырма жылдығын атап өтетін «Ar-Ai» жастар газеті осы мерзім ішінде көптеген белестерден өтіп, өзіндік орнын қалыптастырды. Бүгінде жастар басылымының оқырманы күн санап артып келеді. Алғашында аптасында тек бір рет оқырманға жол тартқан үнпарақта аймақтың басты жаңалықтарымен қатар, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ, сан алуан тақырыптағы сұхбаттар мен әңгімелер жиі жарық көреді. Қысқасы, өзекті тақырыптарды өзгеше қырынан тарқатып жүрген басылымның айтары мол, бағыты айқын. Талай жас журналистер түлеп ұшқан газеттің аяғына нық тұруына алғашқы редакторы, белгілі жазушы, драматург Болат Бекжановтың сіңірген еңбегі мол. Уақыт өте бұл басылымды республикаға белгілі журналист Оралхан Дәуіт басқарды. Сондай-ақ, мұнда жерлестеріміз Гүлнұр Ембердиева мен Масат Берік басшылық етті. Ал, қазір газеттің бас редакторы – Тұрсынбек Сұлтанбек.
Журналистиканың қуатты күшке айналуына өңірімізде кейінгі жылдары ашылған «77 TV», «Taraz 24» телеарналарының да қосқан үлесі зор. Бүгінде осынау қос телеарнада көптеген жастар үздіксіз еңбектеніп, көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Бұдан бөлек, жаңалықтың жаршысына айналған облыстық түрлі сайттар да жемісті еңбек етуде. Атап өтейік, бұл күнде «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің құрамында «Aq jol», «Знамя Труда», «Ar-Ai» жастар газетімен қатар «Jambylinfo» ақпараттық контент орталығы жұмыс істейді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді