Сапасыздықтың бәрі салақтықтан ба?

Сапасыздықтың бәрі  салақтықтан ба?
Ашық дереккөз
Базардан сатып алған су жаңа киімімнің о жер, бұ жеріндегі жалбырап жүрген тігістерін жатқызып, салбырап ілініп қана тұрған түймелерін үстінен қабаттай тігіп бекітіп, шұбатылып жүрген ұзын жіптерінің ұшын қайта қайыра түйіндеп, қырқып отырмын. Әйтпесе бір шеті сетінеп, немесе түймесі үзіліп, түсіп қалып, бір рет те киюге жарамай қалуы мүмкін. Сатып ала салысымен, жап-жаңа затымды бірден осылай өзімнің «сапалық бақылауымнан» бір өткізіп алатын қашанғы әдетім. Міне, енді қырық жыл үстімнен тастамай кисем де сыр бермейді. Қайран өзім-ай!..

Диплом алып келіп, көрші кеңшарға жұмысқа тұрған кезім. Біреулердің үйіне орналасқам. Жексенбі сайын өз ауылыма барып қайтам.

Біздің үйде де училище бітірген бір қыз тұрып жатты. Ферманың қызы. Бес-алты шақырым қашықтықтағы бөлімшеден барып- келіп жұмыс істеу оған да оңай емес. Сондықтан орталықтағы жақын танысы біздің отбасы болғандықтан, менің анашым да, екі кішкентай інім де оны жатсынбады. Самбырлап сөйлеп қалған өте ашық-жарқын, аңқылдақ қыз мен жоқта қайта мамама кәдімгідей серік болды.

Кешкілік жұмыстан өте кеш келетін анамның самаурынын қойып, шайын дайындап, күтіп отырады. Күйдіріп-жандырып болса да шоққа таба нан пісіріп, тамақ істеуге де қолұшын созып жүргені. Ұсақ-түйек кірді де шылапшынға салып жуып, күн көзіне жая салады.

Ауылдық жер болған соң, үйдің іші-сыртын жылына кемінде екі рет әктеп-сөктеп тұрмаса болмайды.

Бірде бір күндік демалысымды пайдаланып үйге жетсем, әлгі құрбым дәліздің ішкі қабырғасын әктеп болып, өз үйіне барып-қайтпақшы боп жиналып жатыр екен.

Даладағы қол жуғышқа жуынып- шайынып боп, жолға шыққалы жатқан оны анашым әбден мақтады.

– Көрдің бе, Үміт! Біздің бұл Жанат осындай ылдым-жылдым, жылдам ғой, шіркін! Бәз біреулерге ұқсап бір бөлмеге бір күн кетіріп, ыбылжып жүрмейді. Небәрі қас- қағым сәтте алды да дәлізді әктеп тастады.

Анамның айтқанын қостап, мен де ризашылығымды білдіріп жатырмын.

Бірақ ол кеткен соң әктің әдемі иісімен кәдімгідей жаңаланып қалды деп қуанған дәлізімізді көріп, шошып кеттік. Әлгі кепкен қабырғалар мен дәліздің төбесі ағал-жағал, айғыз-айғыз.

Амал жоқ, шелекке жаңа әк салып жібітіп, дәлізді түгел қайтадан әктеп шығуыма тура келді.

Бірақ екі жұмыс болғанын қонақ қызымызға сол күйі білдірткен жоқпыз.

Күйеуге тиіп кеткенше біздің үйде болған ол қыздың әрбір тазалық жұмысынан кейін өзіне байқатпай, анам екеуіміз ол жоқта қайтадан өзіміз жөндеп, дұрыстап, екінші қайтара істеп жүрдік.

Кір жуса, жуған кірін оған көрсетпей, қайтадан жуып аламыз. Киізді қайта қағып, алаша бетін қайта сыпырып, сырлы еден бетін қайта дымқыл шүберекпен сүртеміз.

Тек бір шаруаны екі реттен істеп әуре болатынымызды қонағымыз білмесе болды.

«Олақ жаман. Олақтан салақ жаман» деген. Олақ болса да, салақ емес. Жалқаулықтан ада. Жан-жағын таза ұстағысы келетін талпынысын қалай шектеп, бетін қалай қайтарамыз?

Не жұмыстан болса да тартынбайтын, сапалы болмаса да салақ болмауға тырысатын оның тауанын шаққымыз келмейтін. Ренжітіп алмайық деп, көңіліне қарайтынбыз...

Қазіргі қоғамымызда да жасалған жұмыстың көбі осындай ардың-гүрдің, ылдым- жылдым, бірақ ісінің тиянағы жоқ адамдардың қолынан шығып жатқандай көрінеді кейде маған. Ал біздің олардың көңіліне тигіміз келмейтіні неліктен екен?..

 

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар