Бұл солай болған еді немесе дарияға тамған бір тамшы

Бұл солай болған еді немесе дарияға тамған бір тамшы
Ашық дереккөз
«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы 10 мамырдағы №18 санында жарияланған «Ер Шона» атты мақаланы оқи отырып, өз басымнан өткен осыған ұқсас жайлар есіме түсті. Онда қазақтың біртуар ұлы, қоғам қайраткері, сатирик ақын Шона Смаханұлының Алматы қаласында қазақ мектебін қалай аштырғаны туралы жазылған екен. Ол кезде Алматы қаласында қазақ тілінде оқытатын бір ғана №12 қазақ мектебі болды. Ол мектепте мыңнан астам оқушы оқып жатса, соның 600-ге жуығы қаланың шеткері аудандарынан түрлі азаппен, ұзақ уақыттарын жолға сарп етіп қатынайтын еді. Шона ағамыз осы кемшілікті жоюға білек сыбана кірісіп, қаланың әр жерлерінен қазақ мектептерін ашу керектігін айтқан өтініші оның табандылығының арқасында, сол кездегі республика басшысы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауына кіруі арқылы шешілгені мәлім. Соның өзінде оның талай кедергілерге тап болғаны, КГБ тарапынан қыспаққа түскені сөз етілген екен. Менің де басымнан осыған ұқсас оқиға өткенін газет оқырмандарына айта кетуді жөн көрдім.

Бұл 1983 жылдың жазы еді. Мен ол кезде Красногор ауданының «Қордай» қой совхозы партия комитетінің хатшысымын. Совхоз тұрғындары көбінше орыстар, украиндар және басқа да орыс тілдес ұлттар еді. Ал өзіміздің қаракөздер ауыл тұрғындарының жартысынан аз болатын. Олар негізінен мал шаруашылығында еңбек ететін болғандықтан, тұрақтары қыстаулар мен жайлауларда болды да, мектептегі балалары совхоз орталығында тұратын туыстары мен таныстарының үйінде жатып оқитын. Әрине, бәрі тек орыс тілінде оқитын. Сол кезде партия қызметкері болсам да маған «Неге қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашпасқа? Дәл осылай орысша оқи берсе қазақ балалары ұлтымыздың салт-дәстүрін, ана тілін мүлдем ұмытып кетеді ғой» деген ауыр ой келді. Сол ой жетегінде жүріп, селолық Советтен келесі оқу жылында бірінші сыныпқа келетін қазақ балаларының тізімін алдырттым. Олардың саны отыздан асады екен. Негізгі партиялық саяси жұмысыма қосымша етіп, уақытым бар кездері әлгі отыздан астам балалардың ата-аналарын кабинетке жекелей шақырып, оңашалап түсіндіріп, өз баласын қазақша тәрбиелеу керектігін тілімнің жеткенінше насихаттап, қарсы болмағандарынан бірден мектеп директорының атына өтініш жаздырып алдым. Осылай екі ай ішінде 27 ата-ананы келістірдім. Оның ішіне өзімнің қызымды да қосып, ата- аналарға оны да айтып отырдым. Алайда, менің бұл бастамамды сол кездегі мектеп директоры Тамара Исайкинаның қолдай қоймасын ішім сезеді. Сондықтан ендігі мақсат – мектеп директорын жергілікті ұлт өкілінен қойғызу болды. Мұның да сәті түсе кетті.

Көршілес Жаңатұрмыс совхозының парторгі қызметтен босап, бос жүрген кезі еді. Мамандығы – тарихшы, партия жұмысына барардан бұрын ауданның бір мектебінде директорлық қызмет атқарғанын білемін. Салып ұрып сол кісіге жолығып, оның біздің ауылға мектеп басқаруға келуге қарсы еместігін біліп алғаннан кейін Красногор ауданы партия комитетінің үшінші хатшысы Саттар Жанәбіловтің қабылдауында болып, жасап жүрген тірлігім жайлы әбден түсіндірдім.

Расы керек, ол кісі алғашында біраз тіксінді. Мен де бұл істің ешқандай қылмыс еместігін түсіндіріп бақтым. Соңында Сәкең:

– Әй, бәрін өзің шешіп жүр екенсің, бізге несіне келіп отырсың, – деп қарқылдап күліп алды да:

– Жарайды, бетіңнен қақпайын. Бірақ, шу шығып кетпесін. Бізді ата-аналар қолдаса болды. Мен аудан басшысына айтып көрейін, – деп шығарып салды. Содан бірер аптадай уақыттан соң аудандық партия комитетіне бара қалсам, бірінші хатшы Ә.Исақов жолыға қалып:

– Әй, Әбдібек, сен не бүлдіріп жүрсің, – деп, сүйкімді жымиып қолын созып амандасты. Мен жасап жүрген тірлігімді айта бастағанымда:

– Білемін, Саттар бәрін айтты. Тек абай болу керек. Мен қарсы емеспін, – деді. Менің кеудемді қуаныш кернеді. Әрине, Әлмұхан Әбдірахманұлындай өте білікті, мәдениетті, жоғары парасатты, саяси жан-жақты адамның ұлты үшін оң шешім қабылдамауы мүмкін емес еді.

Сонымен, сол жылдың тамыз айында мектеп директоры ауыстырылып, қыркүйектің бірінде қазақ тілінде оқитын бірінші сынып оқушыларының алдын ала әзірленген 27-сінің 24-і партаға отырды. Оларды жігерлі де жас мұғалім оқыта бастады. Мен мектепке бұрынғыдан да жиі барып, мектеп директорымен, ата-аналармен жолығып барынша көңіл бөліп отырдым. Осылайша ерекше бақылау мен қолдаудың нәтижесінде жаңадан жасақталған қазақ тілінде оқи бастаған бірінші сынып өте жақсы қорытындымен оқу жылын аяқтаған соң, соңдарынан жұрт ілесіп берді. Мектепке директор болып келген Әділша Қашқынбаев та жаңашыл, бастамашыл азамат еді. Сол кісінің келісімімен мектептің М.Горький деген атауы қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімімен ауыстырылды. Сөйтіп, менің қызметім ол жерден 1986 жылы ауысып кеткенге дейін қазақ тілінде оқитындар саны төрт сыныпқа, яғни, жүзден астам оқушыға жетті. Содан бері арада қырық жыл өткенде о бастағы тек қана орыс тілінде оқытатын орта мектеп толығымен қазақ мектебіне айналып, қабырғасынан жүздеген шәкірттерді ұзатқан білім ордасы болып тұр.

Жоғарыда айтып өткендей, орыс тіліндегі орта мектептің ішінен қазақ сыныбын ашып, оның орыс директорын орнынан алғызып қазақ азаматына басшылық тізгінін ұстату, одан қалса мектепке атын әлем таныған, пролетариат жазушысы М.Горькийдің есімін алып тастап Ш.Уәлихановтай қазақ оқымыстысының атын қойғызу Кеңес заманының гүлденіп, Мәскеу билігінің шарықтап тұрған кезінде жүрек жұтқан тәуекелдің өзі екен. Осыны атқарғанымызға бүгінгі күні таңданбасқа болмас. Бұл шаруаның іске асуы сол кездегі Красногор аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әлмұқан Исақовтай біртуар азаматтың, оның қызметтес серігі, аупарткомның идеологиялық сала бойынша хатшысы Саттар Жанәбіловтей кесек тұлғалы азаматтардың көрегендігі мен ұлтжандығы арқасы болса керек. Біздің бұл әрекетіміз ұлтымыздың өзіндік болмысы, салт-дәстүрлері, тілі мен діні, мәдениеті және басқа да құндылықтары «аға ұлттың» ықпалы мен пәрменіне тұншығып, булығып бара жатқанын көріп, біліп жүргенде жасаған «суға кеткен тал қармайдының» әрекетіндей көремін. Әрине, бұл теңізге тамған бір тамшыдай ғана шаруа. Мұны мен өзімді мақтан етіп дәріптейін деп жазып отырғаным жоқ. Керісінше, жастық жалынмен сол тұста сәл болмаса бас кетер іске тәуекелге қалай барғаныма қайран қалып отырған жайым бар. Жарайды, оның бәрі өтті, кетті. Ең бастысы – ұшқыннан лаулап от жанды, мектеп толық қазақ орта мектебі болып қалыптасты.

Биылғы соңғы қоңырау күні сол өзіміз ұйымдастырған алғашқы қазақ сыныбында оқып, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектердің кездесуі өтті. Олар бұл мектепті қазақ тілінде бітіріп кеткен алғашқы қарлығаштар еді. Талайдан бері бірін-бірі көрмегендері сағыныса қауышып мауқын басты. Олардың көпшілігі түрлі маман иелері болып елге қызмет етіп жүрсе, қатардағы еңбек адамдары атанғандары да баршылық екен. Ең бастысы – сөйлесулері, ойлауы, адами қарым- қатынастары қазақи... Өткен жылдары қатарлары сиреп, бақилық болғандарға арналып мал сойылып, құран оқытылса, келесі күні ұшқан ұялары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке барып, ұстаздарын құттықтады.

Жастық шағымыздың жалынды жылдарын өткізген Беріктас ауылындағы сол мектепке біз де бардық. Мектеп сол бәз-баяғы қалпында көрінді. Салынғанына 75-80 жыл болғандықтан, ғимараттың әр жерлері жарылып, өткен уақыттан сыр беріп тұр. Яғни, бұл ауылға заманауи мектеп керек-ақ екен. Қазір мұнда 300-ден астам оқушы оқыса, оларға 40-тан астам өз пәндерінің білікті мамандары дәріс беріп келеді.

Кезінде мал шаруашылығы саласының белді шаруашылығы болған совхоз тарағалы бері бұрынғы тұрғындардың саны азайып, өз қандастарымыз қоныстанған екен. Есесіне мемлекет тарапынан ауылға мейрімділік көзқарас болмай, кейбір тұрғындардың үй салу мүмкіншіктері болмағандықтан ауылдан көшу тенденциялары орын алуда. Сондықтан аудан басшылары бұл мәселеге көңіл аударып, осындай шеттеу тұрған елді мекендерге тұрғын үй салуға назар аударса құба-құп болар еді.

 

Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ,

Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар