Облыс орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде ата кәсіппен айналысып, өз ризығын еткен еңбектерінен айырып отырған халықтың мұң-мұқтажы жоқ емес. Соның бірі – жоласты өтпесі. Үш мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің жайылымы мен жұмыс орнының басым бөлігі Алматы-Ташкент-Термез бағытындағы автомагистральдің келесі бетінде. Ал төрт түліктің жайылымға шығуы үшін бір ғана мал өтпесі қарастырылған. Бұл ірілі-ұсақты жиырмадан астам шаруашылық пен тұрғындардың күндегі тіршілігіне тұсау салып отырған көрінеді.
– Ауылымызда қой-ешкіні санамағанда, 250-ден астам ірі қара мал басы мен жеке шаруашылық нысандары бар. Ал жайылымымыз жолдың келесі бетінде. Осыншама төрт түлік малға қарап отырған ауылда кезінде бір ғана мал өтетін орын салынған. Оның өзі көктем– күз айларында суға толып кетеді. Жылда көретініміз осы, мал өтетін орын тек жаз айларында ғана құрғайды. Амалсыздан шаруалар кейде өздерінің сиыр-қойын жол үстімен айдап өтеді. Елді мекенде шаруалардың жол-көлік оқиғасына тап болған кездері де болды, – дейді ауыл ақсақалы Мейрамбек Оспанов.
Сонымен қатар, елді мекеннің егістік жері мен қоқыс полигоны, тіпті, Топағаш, Сұмқайтты сынды тарихи мекендер де тас жолдың терістік бетінде орналасқан. Көктемгі егістік науқаны мен көгалдандыру жұмыстары кезінде мұнда ауыр техникалардың да қажеттілігі артатыны сөзсіз. Мұндайда комбайндар мен тіркемелі тракторларға арналған жерасты көпірінің болмауына байланысты жүргізушілердің көп жағдайда жол ережесін бұзуларына тура келеді екен.
– Ауылымыздың екі басындағы айналма жол арасы тым қашық. Екі шақырымға жуық аралықта бір ғана жерасты көпірі бар. Оның өзі мал өтетін жер болғандықтан, ауыр техника құралдары өте алмайды. Ал айналма жол кей ауыл шаруашылық техникаларына тарлық етеді. Қоқыс тастайтын орнымыз да жолдың арғы бетінде. Амалсыздан автобанға шығып жол ережесін бұзуымызға тура келеді. Сол себепті мұнда төрт түлік пен ауыр техника құралдары да өте алатын кем дегенде тағы бір жерасты көпірі керек, – дейді ауыл тұрғыны Виль Баязитов.
Автомобиль жолының республикалық маңызға ие екендігін ескерсек, аталған аумаққа «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бақылау орнататыны анық. Ал компанияға бірнеше жыл бойы ауыл тұрғындары жаяу жүргіншілер жолағы керектігін, бұрылыстарда жанама жол жабындысы төселмегендігін айтып шағымданып келген. Бұқара базынасына құлақ түрген компания басшылығы о баста салынуы тиіс жанама жабындылар бойынша олқылықты түзеп, жаяу жүргіншілерге арналған жол үсті көпірін салған. Алайда, бұл көпір де пайдаға жарамай, қалқиып тұр. Тұрғындардың айтуынша, көпірдің қауіпсіздігі талапқа сай емес. Егде жастағылар мен ерекше жандардың мініп-түсуі қиын болғандықтан, қалаға жолаушылап шыққан адамдардың басым бөлігі жол жиегіндегі темір қоршаулардан аттап өтуге мәжбүр.
Жоғарыда айтылған жол асты өтпесін салу бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірқұловтан мән-жайды білмек болғанымызбен, басшымен байланыса алмадық. Есесіне, бөлімдегі жауапты мамандар бұл мәселемен бұрыннан таныс екендігін айтып, аумақ республикалық маңызға ие жол бөлігінде орналасқандықтан, аудан әкімдігінің бақылауында еместігін жеткізді. Ал, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы басшының міндетін атқарушы Тілеужан Ержан елді мекендегі мал өтпесін қайта жөндеуге немесе жаңасын салуға бетон жолдың биіктігі сай келмейтігін алға тартты.
– Ақыртөбе елді мекені аумағында орналасқан «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автомобиль жолында жаяу жүргіншілерді қағу деректері жиі орын алуы салдарынан 2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстары аясында «437+150» шақырымына жерүсті жаяу жүргіншілерге арналған өткел салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жоғарыда аталған өткелді 436-шақырымға орналастыру мүмкіндігі қарастырылмаған.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының құрылыс жобасы кезінде ауылдық әкімдік пен халық арасында бірнеше рет қоғамдық тыңдаулар өткізілген. Ондағы ұсыныстар мен талаптарды ескеріп, аталған автожолдың «436+600» шақырымына мал өткелінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Үй жануарлары өтетін жолдың стандарттық көлемінің биіктігі 4 метр, ені 2,5 метр болуы қажет. Осыған байланысты қосымша мал өткелін салу үшін жер үйіндісінің биіктігі сәйкес келмейді. Сонымен қатар, аталған автожол учаскесі қайта жаңарту жұмыстарынан кейін 2012 жылы пайдалануға берілгендіктен, жөндеу аралық мерзімдерді ескере отырып, аталған мақсатта цементобетонды жабынды бұзу қазіргі уақытта мүмкін емес, – деді Т. Ержан.
Әрине, сәт сайын жүздеген автокөлік ағылып жатқан күре жолды қырқып тастап, өткел салу бір сәттік шаруа емес. Бұл қыруар қаражатты да қажет етеді. Десе де, халық игілігіне жасалған жұмыстың қателігін түзетуден бұрын, салдары қаперге алынса дейміз. Сондықтан «ҚазАвтоЖолдағылар» тұрғындардың талап-тілегін ескерер деген сенімдеміз.
Нұрболат АМАНБЕК
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді