Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегеновтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші де жоғарылаған. Яғни, өткен бес айда ауыл шаруашылығы өнімі 1,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалған. Мал басында өсім бар, атап айтсақ, мүйізді ірі қара 60,4 мың, жылқы 13,6 мың, түйе 1253, үй құстары 28,1 мың, қой мен ешкі 188,8 мың басқа жеткен. Тірі салмақтағы ет 1,6 мың тоннаны құрап, 13,4 тоннаға немесе 0,8 пайызға, сүт 1,2 мың тоннаны құрап, 4,2 тоннаға өскен. Ал үй құстарынан өндірілген жұмыртқа 254,8 мың дананы құраған.
– Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі биылғы бес айда 7,1 миллиард теңгені құрады. Оны жыл қорытындысымен шамамен 30 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Сонымен қатар, өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі де артып келеді. Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 1217 шаршы метрді құраса, бөлшек сауда айналымы 1,1 миллиард теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін оны 3,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда, – дейді аудан басшысының міндетін атқарушы.
Жол саласына бөлініп жатқан қаржы көлемі де артқан. Бұл ауданда соңғы жылдары жол құрылысына жақсы көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Мәселен, биыл жол саласына 559,7 миллион теңге қаралыпты. Ол қаражат есебінен елді мекен көшелерінің 22,06 километріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысы бойынша жеті жоба іске асырылуда. Таратып айтсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында бір жоба, «Приоритет» 50/50 бағдарламасы шеңберінде екі жоба, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен екі, аудан бюджеті есебінен екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалар аясында 2,7 километрді құрайтын Көкжелек ауылына кіреберіс, Ұланбел ауылында жалпы ұзындығы 3,9 километрді құрайтын үш көше, Көкжелек ауылында төрт көшенің жолы жөнделуде. Бұдан бөлек, Мыңарал мен Айдарлы елді мекендерінде екі-екіден төрт көше, аудандық бюджет есебінен Мойынқұм ауылында бір, Күшаман ауылында екі көше жолы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысына 555,5 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.
Мойынқұм ауданын газдандыру бойынша үлкен жоба да басталған. Яғни, аудандағы 24 елді мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі алдағы жылдары шешімін таппақ. Қазіргі таңда 13 елді мекенге газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Оның жалпы ұзындығы 250,6 километрді құрайды. Қосылу нүктесі – Шу ауданы Д.Қонаев ауылы маңындағы «Шу» автоматтандырылған газ тарқату стансасы.
– Аудан халқын көгілдір отынмен қамту үшін үш кезеңнен тұратын жоспар түзілді. Бірінші кезеңде тоғыз елді мекенді газбен қамту көзделген. Олар Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдары. Бұл елді мекендер бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 18500 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні энергетика министрлігіне өтінім берілген. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталғалы тұр. Екінші кезеңіне Биназар ауылынан Күшаман ауылына дейін 44 километр газ құбырын жүргізу жоспарланған, оның да мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Жобалық құны 6900 миллион теңге. Үшінші кезеңге Күшаман ауылынан Қылышбай ауылына дейінгі 35,5 километр енген. Мұның да қорытындысы алынған. Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі газбен жабдықтау жүйелері төрт кезеңге бөлініп, тиісті жобалар әзірленіп, өтінім ұсынылды, – дейді С.Төлегенов.
Шалғай ауданда ауызсу тапшылығы бұрыннан күрделі мәселе болатын. Ол мәселе де өндіріс ошақтарының көптеп салынуымен біртіндеп шешімін тауып келеді екен. Жалпы, аудандағы 24 елді мекеннің бүгінде 20-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесінен тіршілік нәрін пайдаланып отыр. Оның 8-інде таза ауызсу тәулік бойына берілсе, 12 ауылда 4-12 сағат аралығында ауызсу беріледі. Қазіргі таңда аудан аумағында таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде Ақсүйек пен Хантау ауылындағы ауызсу жүйесі өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Бірақ, мердігердің жауапсыздығынан ол нысанның жұмыстарын биыл аяқталмақ.
Бұдан бөлек, Ақбақай ауылын таза ауызсу тарту үшін оның құрылысына Ұлттық қор мен облыстық бюджет көздерінен 1,5 миллиард теңге қаралған. Мемлекеттік сатып алу порталына салынып, мердігерлері анықталған. Бүгінгі таңға келісімшарт рәсімделіп жұмыс кестесі бекітіліп, дайындық жұмыстары басталуда. Жоба 2025 жылға өтпелі. Ал, Мыңарал мен Шығанақ ауылдық округіне қарасты Қашқантеңіз бен Бурылбайтал ауылдарын таза ауызсумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу үшін мердігерін анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына салынған. Былтыр облыстық бюджеттен Мыңарал станциясы, Мыңарал ауылы, Шығанақ пен Мирный-Қияқты-Бурылбайтал станцияларына мембраналық қондырғы орнатып, таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланса, оның құрылыс жұмыстары таяу күндері аяқталып, тапсырылмақ. Сонымен қатар, Биназар, Бірлік, Жамбыл ауылдарындағы ауызсу жүйелеріне қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Бүгінгі таңға тиісті басқармаға қаржы бөлу үшін өтінім берілген.
Құрылыс саласында жүріп жатқан жобалар сан-саланы қамтиды. Мәселен, бүгінгі күні Айдарлы ауылындағы №2 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Мектепті жаңа оқу жылына да пайдалануға бермек. Сонымен қатар, Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков орта мектебінің де күрделі жөндеу жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Мыңарал ауылы мен Қарабөгет ауылындағы мектептер авариялық болып танылып, жабылған болатын. Биыл бұл екі мектепке республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, Мыңарал ауылындағы 120 орындық, Қарабөгет ауылындағы 80 орындық жаңа мектеп салынуда. Ал денсаулық саласы бойынша айтсақ, Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимараты мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жаңғыртуға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған.
2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін мойынқұмдықтар да көруде. Биыл осы жоба аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана салынуда. Ғимарат құрылыс нормаларына сәйкес алдағы жылы тапсырылады. Бұдан бөлек, Айдарлы ауылында осы жоба шеңберінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны тапсыру 31 тамызға жоспарланған. Сонымен қатар, биыл аудан бюджеті есебінен Қияқты және А.Назарбеков ауылдарына футбол алаңшаларын соғу көзделген. Бұдан бөлек, демеушілердің күшімен Бірлік, Ұланбел, Мыңарал ауылдарында балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңшалары соғылып пайдалануға берілген.
– Облыста ауыл тұрғындарының тұрмысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына Мойынқұм ауданында 8 ауылдық округ қатысуда. Бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның бүгінде игілігін Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтерінің тұрғындары көруде. Жоба аясында ауданға 1 845,6 миллион теңге инвестиция кірді. Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану аясында 133 гектар аумақ игеріліп, оған құйылған 11,3 миллион теңге толығымен ақталды. Мал шаруашылығын дамыту бағыты аясында 1535,3 миллион теңгеге 5034 бас мал сатып алып, мал басы өсуде. Жоба аясында жаңадан құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері шаруалардың ауыл сыртындағы егіс алқаптарын игеруде. Ол үшін кооператив 292,4 миллион теңгеге барлығы 25 трактор мен ауыл шаруашылығы техникасын алған болатын. Ал, ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашу бағыты аясында бір азамат наубайхана ашып, елдің алғысына бөленіп жүр. Бұл жобаның игілігін көрген ауылдық округтерге өзге ауылдық округтер қызыға қарайды. Олар жобаның өз округтеріне енгізілуін күтіп жүр, – дейді С.Төлегенов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді