Ертеде әр елде жалбыз өзінше қолданылған. Мәселен, ежелгі Грецияда жалбыз атауы Минта есімді аңыз кейіпкерімен байланысты болды. Оның жер асты Құдайы Аидпен болған қайғылы махаббат оқиғасы бойжеткенді хош иісті өсімдікке айналдырды. Бұл оқиғадан соң жалбыз сұлулық символикасы Афродитаның сүйікті парфюміне айналды. Ал, ежелгі Римде емдік шөпті ең танымал дәмдеуіш ретінде тамақ дайындау үшін пайдаланды. Әйелдер жалбыз сабақтарын жастықтарға тігетін болған. Олар жалбыздың нәзік хош иісі ұйықтауға көмектесіп, жақсы армандар тудырады деп сенген. Дәл сол секілді римдіктер бастарына жалбыз гүл шоқтарын кигенді ұнатқан, өйткені олар хош иісті өсімдік адамды ақылды етеді деп те есептеген. Сондай- ақ, ежелгі Египетте жалбыз шәрбет жасау үшін қолданылып, перғауындардың қабірлеріне де қойылған. Ал, Италия мен Оңтүстік Америкада жалбыздан сергітетін сусындар дайындалып, шарап құрамына да қосқан. Тек ассириялықтар ғана жалбызды алғаш дәрі ретінде қолдана бастады.
Жалбыздың емдік қасиеті туралы аңыздар көшпелі өркениетке Лұқпан Хәкім арқылы жетті. Аңыз бойынша ойшылдың баласы ауырып, дертіне дауа таппай өмірден өткен соң, аурудың себебін білу үшін марқұмның ішін кескенде, ағзасынан тас анықталады. Кейіннен жас баласының көзі болсын деп қалтасына салып алған хәкім өзен жағасында шомылып жатқан тұста тастың еріп кеткенін аңғарады. Осы жайттан соң жалбыздың адам ағзасында түзілген тасты уатуға қауқары барын сезген ойшылдың азалы зары кейінгі ұрпаққа сабақ болып қалған деседі.
Халықтық медицинада өсімдіктің асқазан, ұйқысыздық және іш ауруын бірден жазады деген түсінік қалыптасқан. Оның тұнбасын қызыл иек қабынғанда, тіс ауырғанда, баспада, тыныс жолдары қабынған кездері қолданып, суық тигенде сүтке қайнатып ішкен. Бұдан бөлек, құлақ ауырғанда, жас жалбызды жаншып, шыққан шырынын құлаққа тамызатын болған. Ал жас бөбектерге тұмау тиіп, денесі қызғанда қайнаған жалбыз суына шүберекті шылап, онымен баланы орап терлететін болған.
Ғылымда жалбыздың дала, бұйра, кермек немесе бұрышты жалбыз сияқты түрлері бар. Заманауи медицинада дәрілік мақсатта бұрышты жалбыз қолданылады. Суармалы жерлерде, өзен, көл, бұлақ маӊында, шалғындықтар мен тоғайларда өсетін дала жалбызы сабынның иісін шығару үшін пайдаланылады. Ал, кермек жалбыздыӊ жапырағы мен гүл шоғынан жалбыз эфир майы алынады. Эфир майында 55 пайызға дейін ментол кездеседі. Ментол парфюмерияда, косметика жасауда, тамақ өнеркәсібінде, тіс ұнтағы мен пастасын жасауда пайдаланылады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді