«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асыраушы саланың маманы

Асыраушы саланың маманы
Ашық дереккөз
Әулиеата жері ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған, төрт түлік саны күн санап өскен өңірлердің бірі. Бұл ретте мемлекет тарапынан асыраушы салаға көптеп көңіл бөлініп, қарапайым шаруалардың жұмысын жандыруға тиісті жағдай жасалуда. Себебі, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының арта түсуі дәл осы салаға тікелей байланысты.

Әрине, кез келген саланың алға жылжуында ерен еңбегімен еленген жандардың қосар үлесі зор. Бақша өнімдерінің бабын келтіру, мал азығын дайындау, қыстың қамын жазда ойлау сынды қауырт жұмыстар осы сала мамандарына тиесілі. Әйтпесе, жер-анаға сепкен тұқым-дақыл өздігінен өнбейтіні анық. Кейіпкеріміз Амангелді Әбдібеков ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдай еңбек етіп келе жатыр. Еңбек көрігін қыздырған оның қалтқысыз қызметі бүгінде көпке үлгі.

Амангелді Есжанұлы 1964 жылдың 21 ақпанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген. Балдан да тәтті балалық шағын туған өлкесінде өткізген ол 1981 жылы Шымкент совхоз техникумына «Агроном» мамандығына оқуға түседі. Алайда, 1984 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қызыл әскер қатарына алынады. Азаматтық борышын өтеген соң, яғни, 1986 жылы жолдамамен сол кездегі Куйбышев атындағы қызылша совхозына жіберіледі. Еңбек жолын дәл осы совхоздың №1 бөлімшесінде агроном болып бастайды. Уақыт өте совхоз бригадирінің көмекшісі атанады. Ал, 2001 жылы Көлқайнар селолық округінде бас маман-жер инспекторы ретінде қызмет етеді. Үш жылдан кейін аудандық жер инспекциясында бас маман болып ауысса, 2006 жылы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маманның міндетін атқарады. Кейінірек аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінде тер төккен ол 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман қызметінде.

– Бала кезден ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығым болды. Осы мамандық жүрегіме жақын. Мен де өзге замандастарым секілді еңбекпен есейдім. Кеңестік кезеңде еңбекке жарамды балалар совхозда жұмыс істейтін. Мен де қатарластарыммен бірге мақта теріп, шабындықта жүрдім. Жастайымнан еңбекке араласуым, алдыңғы аға буын өкілдерінен тәлім-тәрбие алуым – дәл қазіргі жұмысымның жемісті болуының басты себебі. Жалпы, ол тұста өзім қатарлы замандастарымның барлығы да осылай еңбек етті. Ешқайсымыз қара жұмыс істеуден қашқан емеспіз, – дейді Амангелді аға.

Айта кетейік, кейіпкеріміздің бұл саланы таңдауына әкесі мен анасы себепкер болған. Адал еңбектің абыройлы ететінін он баласының құлағына құйған әкесі Есжан он саусағынан өнер тамған ағаш ұстасы болса, анасы Зура бригадир болып еңбек еткен. Таңның атысы кештің батысы бел жазбай еңбектенген олар өз перзенттерінің бойына еңбекқорлық, адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіруге күш салыпты.

– Өз ісіме деген шынайы сүйіспеншілік пен еңбекқорлық мені ешқашан жерге қаратпады. Бір түсінгенім, адам баласының бойында осы екі қасиет болса, оның жұмысы алға басады. Табысы молаяды. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң, маған медицина институтына жолдама берілген еді. Десе де, мен бұл ұсыныстан бас тартып, көңілім қалаған мамандықта жұмыс істеу жөн деп шештім. Бұл шешімім үшін ешқашан өкінген емеспін. Хал-қадірім жеткенше, қолымнан келгенше ата-анамның бізге деген сенімін ақтау үшін еңбектеніп келемін. Балаларының бақыты үшін бел жазбай еңбек еткен ата-анам нағыз еңбек адамдары, – дейді Амангелді Әбдібеков.

Бұл күнде майталман маманның жемісті жұмысы лайықты бағаланып, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, Амангелді Есжанұлы «Жамбыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің, «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. Екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған тәжірибелі маман өзінен кейінгі буынға ағалық ақылын айтып, білгенін үйретіп жүр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар