Әуелі облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов саладағы серпінді бастамалар мен салмақты мәселелерді айтты. Айтуынша, аймақта егіс көлемі 644 мың гектарға жоспарланғанымен, нақты егілген көлем 611 мың гектар аумақты құрап отыр екен.
– 188,9 мың гектарға жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың гектарға көкөніс, 29,3 мың гектарға көпжылдық шөп, 35,2 мың гектарға майлы дақылдар, 10,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың гектар бақша дақылдары, 3,2 мың гектар картоп және 11,7 мың гектар алқапқа дәндік жүгері егілді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 44 мың тонна тұқым көлемі толық дайындалып, себілді. Биыл 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 42,3 мың тоннасы 169,1 мың гектар алқапқа ендірілді,– деген басқарма басшысы бұл жоспарды өз деңгейінде орындамай отырған аудандарды да атап өтті.
Мәселен, Жуалы ауданы 2 мың гектар, сол секілді Меркі 2,5 мың гектар, Т.Рысқұлов 12,2 мың гектар және Шу ауданы 16,9 мың гектар алқаптарға жоспарланған жұмыстарды орындамай отыр екен. Сол секілді Қайрат Есенұлы аудандар тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қатысты мәліметтердің дұрыс берілмейтінін, салдарынан салалық министрлік тарапынан келіспеушіліктер орын алатынын алға тартты.
Тыңайтқыштарды ендіру жұмыстарын да Т.Рысқұлов ауданы 55 пайыз, Сарысу 49 пайыз, ал Мойынқұм ауданы тек 12 пайыз орындапты.
– Көктемгі дала жұмыстарына 7 506 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Оған қажетті бөлінген 10,8 мың тонна дизель отынының 9,2 мың тоннасы өңірге жеткізіліп, 90 пайызы шаруаларға таратылды. Дизель отынын тарату үшін 7 өңірлік таратушы оператор айқындалып, тарату бағасы 1 литріне 250 теңге мөлшерінде қалыптасты. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы арқылы 114 агроқұрылымнан 1,5 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 95 шаруаға несие қаражаты берілді. Сондай-ақ, 2024 жылға өздігінен жүретін 491 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жоспарланған, бүгінгі күнге оның 254-і алынып, жаңару көрсеткіші 2,8 пайызды құрады. Осы жылы өздігінен жүретін техникалардың жаңару көрсеткішін 5,5 пайызға жеткізу көзделуде. Биыл қаржы институттарымен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, есептік кезеңде «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3 миллиард теңгеге 270 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Бүгінде, 810 миллион теңгеге 102 техника мақұлданса, 464,4 миллион теңгеге 61 техникаға өтінім түсіп, қаралуда, – деген Қайрат Есенұлы техникаларды жаңарту бағытында да Шу, Меркі, Талас аудандары төмен көрсеткіш көрсетіп отырғанын жеткізді.
Басқарма басшысы өз сөзінде суармалы жерлердің мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Аймақта су үнемдеу технологиялары былтыр 40 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті тағы 7 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр екен.
Ал, облыс әкімі белгіленген жоспарға сай жұмыстарға белсенділік танытпай отырған аудан басшыларынан мәселенің себеп-салдарын сұрап, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
– Биыл біз статистикалық жағынан түзету жұмыстарын бастадық. Ол бір мәрте жүретін науқан емес. Енді жыл сайын осыны қарап отырамыз. Көзбояушылық болмауы керек. Егістік алқаптарда да, суармалы жерлердің де көлемін нақтылап, көрсеткіштерді дұрыстап қадағалап отырыңыздар. Жауапкершілік сіздерде болады. Бірде бір гектар егілмеген жерді статистикаға беретін болсаңыздар, жауапқа тартылатын боласыздар. Біз нақты санын шығарып отырып экономиканың өсімін көрсету керекпіз. Болмаған өсімді қоса салуға жол бермейміз,– деген Ербол Шырақпайұлы тыңайтқыш тікелей өнімділікпен тығыз байланысты екенін ескертіп, асыраушы салада техника жағынан тапшылық болмау керектігін баса айтты.
Мұнан соң жиынның күн тәртібіндегі көктемгі әскерге шақыру науқаны мәселесі қаралды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Нұрбол Зейнелов аймақта әскерге қабылданғандар 30 адамға артығымен орындалғанын айтқанымен, әлі де Отан алдындағы борышын өтеуден 938 азамат қашып жүргенін жеткізді. Жауаптылар бұл мәселені жастардың басым көпшілігі өзге өңірлерде жұмыс істеп жүргенімен байланыстырды. Дегенмен, аудандарда арнайы мобильді топтар құрылып, тиісті шаралар қабылданып жатыр екен. Аймақ басшысы жиын соңында аталған мәселеге қатысты да жұмысты күшейтуді тапсырды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді