Жауынгерлік рухы жоғары жоба

Жауынгерлік рухы жоғары жоба
Ашық дереккөз
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз қаласындағы штабында әскери қызметшілерге психологиялық көмек көрсету кабинеті ашылды. Мұндай қызмет Құрлық әскерлерінің басқа өңірлік қолбасшылықтары арасында бірінші болып өз жұмысын бастап отыр.

Айта кетсек, жалпы психологиялық көмек көрсету кабинеттері тек әскери бөлімдерде жұмыс істейді. Мұндай арнайы қызметтер бұрын-соңды жоғары басшылық штабтарында қарастырылмаған. Психологиялық көмек көрсету кабинеті әскери бөлімдердегі әскери психологтар жұмысының міндетті элементі. Көмекке жүгінгендерді орналастыру үшін әскери сыныптарда әскери қызметшілерге демалуға, ойлары мен күштерін жинақтауға мүмкіндік беретін жеке бөлмелер бөлінген. Мамандардың айтуынша, мұндай бөлмелерде жайлы жиһаздар, жағымды музыкалық терапия, қабырғалардағы әдемі суреттерге дейін тынығуға ықпал етеді. Психологиялық көмек көрсету кабинеттері тек әскери бөлімдерде жұмыс істейді және олар мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған. Яғни, қызмет барысында ауыр моральдық және физикалық күйзеліске ұшырағандар, демалыс пен қолдауды қажет ететіндер үшін ой сергітуге үлкен мүмкіндік.

– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшылығы басқармасының офицерлері өз учаскелерінде жетекші болып табылады. Олар әскери бөлімдердің қызметін бақылайды, нұсқаулар береді, шешім қабылдайды, жауапкершілікті өз мойнына алады, қарамағындағыларға қамқорлық жасайды. Бірақ, бұл процесте арнайы мамандардың да жұмысына қажеттілік туындайтыны жасырын емес. Саладағы офицерлер де жұмыс күні ішінде психологиялық жеңілдік алуы керек. Сондықтан біз оларға осындай бөлме ұйымдастырдық. Әскери психологтар психологиялық көмек көрсету бөлмесінің дизайнына дейін өз үлестерін қосты. Жұмсақ орындықтар мен тірі балықтары бар аквариум, проектор арқылы фотосуреттер мен бейнелерді көрсету, сондай-ақ бөлмеде демалуға арналған шамдар, спиннерлер, түрлі үстел ойындары қамтылған.

Өздеріңіз білетіндей, әскери сала күйзеліске толы. Сол күйзелісті жеңе білу әрбір жауынгердің алдағы міндетін мінсіз атқаруына мүмкіндік, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының психологы, подполковник Ақмарал Түлеутаева.

Аталған психологиялық кабинет жаһандық жауынгерлік сала мамандарының тәжірибесімен жасалған. Онда әрбір жауынгерге арналған тынығу бұрыштары да бар.

«Қызмет саласы шиеленіске толы және оны барынша күш-қайрат жұмсауға міндеттейтін маман үшін қайта қалыпқа келіп, іске кірісуге және жаңа күшке ие болу үшін бірнеше минуттық релаксация жеткілікті болады. Біздің штабтың келісімшарт бойынша офицерлері мен әскери қызметкерлері тыныш ортада бір сәт демалу қажет болғанда менсіз-ақ осында келе алады. Бірақ, мен міндетті түрде психолог ретінде емес, әріптес ретінде де олармен жұмыс істей аламын. Мен жай ғана әңгімелесуші ретінде пікір алмассам, әскери қызметші өз ойларымен бөліседі, бұл сонымен бірге психикалық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі», – дейді Ақмарал Түлеутаева.

Ақмарал бұған дейін де Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде оқып жүргенде психологқа арналған «жылжымалы сөмке» жобасын жасаған болатын. Ұзақ жаттығулар кезінде психологиялық көмек бөлмелері жаттығу алаңдарынан алыстап кететіні белгілі. Бірақ, ондай жағдайда арнайы қызметті әскери-психологиялық көмекке мұқтаж сарбазға көмектесу үшін қажеттінің бәрін орналастыра алатын портативті сөмкелермен алмастыруға болады. Әзірленген мобильді сөмкеге психолог Ақмарал Түлеутаева патент алған. Енді Қарулы Күштердің ғана емес, басқа да күш құрылымдарының психологтары мұндай сөмкені өз жұмыстарында сәтті пайдалана алады. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта басшылық қызметкерлер үшін де психологиялық жұмыс кабинеттерін құру идеясын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Себебі саладағы басқару қызметі кезінде де психологиялық көмектің қажеттілігі байқалуда екен.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар