Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні өндіріс ошағын өз күштерімен ұстап, жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Зауыт директоры Еркін Абдыбаевтың айтуынша, серіктестік бұрынғы «Джамбулкожобувь» өндірістік бірлестігі негізінде 2002 жылы қайта құрылған. Оның негізі 1961 жылы қаланып, КСРО-ның былғары және аяқ киім өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың бірі болған еді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киімді құрайды. Бүгінгі таңда серіктестік Қазақстандағы былғары аяқ киім шығаратын ірі отандық өндіруші. Кәсіпорын құқық қорғау органдарына арналған аяқ киім, жұмыс және күнделікті аяқ киімдер шығаруға маманданған. Аяқ киімнің ассортименті 80-нен астам модельді құрайды.
Серіктестіктің ерекшелігі – өндірісті кез келген тапсырыс берушінің талғамына қарай бейімдей алады. Ол үшін зауыттың барлық қажетті техникалық және шикізат базасы жасақталған. Аяқ киім фабрикасы брезентті жұмыс аяқ киімін шығаратын цехтардан, хромнан жасалған ерлер аяқ киімін тігетін аяқ киім шеберханасынан, аяқ киім шығаруға дайындық цехтарынан тұрады. Австрия, Чехия және Италияда жасалған заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Аяқ киім фабрикасы армияға, құқық қорғау органдарына, күзет және құтқару қызметтеріне, әртүрлі өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған тырнақты және инъекциялық әдіспен бекіту аяқ киімін шығаруда.
– Алпыс жылдық тарихы бар зауытта Кеңес Одағы тұсында 6 миллион жұп аяқ киім шығарылса, өткен жылы фабрикада 170 мың жұптан аса аяқ киім тігілді. Ал, қызметкерлердің саны 242 адамды құрап, жалақы қоры 293 миллион теңгеге өсті. Бүгінде бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 118 643 теңгені құрайды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Жалақыны көтеру тарифтің жоғарылауына, өнім көлемінің ұлғаюына байланысты болып отыр. Сонымен қатар, серіктестік салықтық міндеттемелерін де талапқа сай орындауда. Қазір шикізатты Алматы қаласынан алып отырмыз. 2016 жылдан бастап былтырға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап келдік. Биыл ол тапсырыстан айырылып қалдық. Біз бар болғаны елдегі жеңіл өнеркәсіптің 3 пайызын қамтып отырмыз, 97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қазір біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия жаулап алған. Отандық нарықта бізге билік тарапынан қолдау жоқ. Тапсырыстың болмауы қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін. Біз жылдап дайындаған жақсы мамандардан айырылып қалудан қорқамыз, – дейді серіктестік директоры.
Дегенмен, өндіріс ошағы бірқатар жетістіктерге де қол жеткізуде. Атап айтқанда, кәсіпорын жұмысшылары аяқ киімнің салмағын азайтуға мүмкіндік беретін стробты қатайту әдісін меңгерген. «ПУ/нитрил» табаны бар әскери етік сияқты аяқ киімнің жаңа үлгілерін шығаруды жолға қоюға мүмкіндік туған. Сонымен қатар, ерлер, әйелдер, жасөспірімдер және балалар күнделікті аяқ киім үлгілерінің ассортиментін ұлғайтқан.
Өндіріс ошағында кәсіподақ ұйымы құрылған. Оған Марина Тазабаева төрағалық етеді.
– Ұжымның 70 пайызын әйелдер құрайды. Олардың арасында жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар. Барлық қиындықтарға қарамастан, біз жұмыс орындарын сақтап қалуға бар күшімізді салудамыз. Мүмкіндігі шектеулі ондаған адамды жұмыспен қамтыдық. Ұжымдық шартымызда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындаудамыз. Атап айтқанда, есепті кезеңде зауытта асхана ашылды, онда жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, ас-мәзірінің 50 пайыз құны кәсіпорын тарапынан субсидияланады, – дейді ол.
Серіктестіктің алдына қойып отырған мақсаты мен жоспары да көп. Алдағы уақытта қойылған міндеттің бірі – өндіріс қуатын 30 пайызға арттыру, яғни өндірілетін аяқ киім көлемін 220 мың жұп аяқ киімге жеткізу. Сонымен қатар, күнделікті аяқ киімді өндіру мен сату көлемін жылына 30 000 жұпқа дейін ұлғайту. Әйелдер, жасөспірімдер және балалар аяқ киімінің ассортиментін кеңейту. Осылайша, қарапайым аяқ киім үлгісін сату үлесін 20 пайызға жеткізу межесі қойылған.
– Мекеменің биылға қойып отырған тағы бір басты мақсаты – табанға арналған нитрил төсемдерін шығаруды жолға қою. Бұл материал қазір импортталуда. Осы мақсатқа жетсек, импортты алмастыру көлемі 100- 150 миллион теңгені құрап, қосымша 10 жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Қазір шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді зауыт директоры.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Діни бірлестіктермен байланыс бойынша кеңес отырысы өтті
- 4 қараша, 2024
Аймақ айнасының айтулы белес
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді