Жас күнінде балаға әкесі жұмыс істе десе, көбінесе анасы «Әлі жас, бұған не істетейін деп едің, жұмысты өзің оңдырып істеп алшы» деп, сөзін сөйлеп шыға келеді. Отбасының шырқы дәл осы жерден бұзыла бастайды. Бала тәрбиесіне қатысты қазақтың «Қатынды бастан, баланы жастан...» деген мақалының жаны бар.
Жақында ауылға жаназаға барып, қайттық. 56 жастағы ауылдас ағамыз жүрек талмасынан көз жұмған. Ауруының себебі – уайым. Алты перзенті бар екен, көбі ұл. Осы ұлдардың тәрбиесі ақсаған. Жастары 30-ға жақындаса да отбасын құрмағаны өз алдына, жалпы жауапкершілікті жоғалта бастаған. Бір мақсат ұстану, бір жұмысты көздеу, тым болмаса ауылда жүріп әкесі жинап берген малға ие болу бұл жігіттердің қаперіне кіріп-шықпаған. Ал, бұл азаматтар ұйқысынан түсте оянады екен. Отбасы мүшелері болып, шүйіркелесіп шай ішпегелі жылға жуықтаған. Бір баласы құмар ойынға кіріп кеткен, белгісіз біреулерге миллиондаған теңге қарыз. Ал, жөні түзу, дұрыстау деген бір баласы жақында көлігімен абайсызда адам қағып кетіпті. Тергеліп жатыр. Міне, осы жағдайдың бәрі әке жүрегін сыздатқан. Әрине, тәрбиені әуел бастан ақсатып алған әкенің өзінде де қателік бар. Ақыры, жүрек ауруына тап болған әке біраз күн, қалың ойға шомып, азап шегіпті. Ең соңында таңертең ауыр оймен тұрған ол, тракторын жөндеп жатқан жерде жүрегі ұстап, көз жұмған. Бұл жағдайды естігенде бәріміздің жүрегіміз ауырды. Ер бала тәрбиесіне салғырт қарау осыншалық қасіретке апарады деп кім ойлаған?!
Кешегі сұрапыл соғыста әкелер майданда ел қорғаса, 8-9 жастағы ер балалар өгіз арбамен шөп, бидай тасыды. Өгіз жегіп, соқамен жер жыртты. Түнімен мал күзетті, диірменге табылған талшық бидайын тартты. Бір тыл ардагері «Таластың Аққұмынан аудан орталығы Ақкөлге өгіз арбамен бидай тасыдым» дейді. Тоғыз жасында шамамен 35-40 шақырымға бидай тасыған. Одан өліп кеткен ешкім жоқ. Қайта сол еңбек ширатқан тыл ардагерлерінің көбісі 85-90 жас жасап жатыр. Ал, қазіргі тыныш заманда ештеңе ойламайтын кейбір ер азаматтар сағат 12-ге дейін ұйықтайды. Қаннен қаперсіз.
Сіз не дейсіз? Сіз балаңызды жұмсап жүрсіз бе? Бала тәрбиесіне көңіл бөліп жүрсіз бе?
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді