Мәселен, Қордай ауданының Қарасу ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы өндірістік кестеден қалып бара жатқандықтан биыл аяқталмау қаупін тудырып тұр. «Rise Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Ерман Бекмұратов жұмыстың межеленген уақыттан кешігуінің негізгі себебін алдыңғы мердігер компания «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы арасындағы келісімшарт бұзылып, келесі келісім жасалғанша біраз уақыт өткенімен түсіндіреді.
– Қордай ауданындағы жайлы мектептің құрылысын біздің компания мамыр айында бастады. Сол уақыттан бастап жұмыс графигін түзіп, соған сәйкес, бүгінге дейін 1000 шаршы метр бетон құйылды. Жоспар бойынша желтоқсан айында құрылысты аяқтап, тапсыратын боламыз, – дейді Ерман Бекмұратов.
Қордай ауданындағы Қаракемер ауылынан салынып жатқан 300 орындық мектептің де құрылысы жобаланған қарқыннан жай жүруіне мемлекеттік сараптамадан әлі күнге дейін өтпеуі себеп болған. Бұл нысанның құрылысын салушы «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуат Баққараев мемлекеттік сараптамадан өтпей тұрғаны қолбайлау болғанын айтып, одан басқа мәселе жоқ екенін айтады. Егер осы мәселе шешімін тапса, жоспарланған уақытында мектепті пайдалануға тапсыруға еш кедергі жоқ көрінеді.
Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылынан 600 орындық жайлы мектепті салып жатқан «ТаразҚұрылысДизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Азиз Бекбердиев істің ілгерілеуіне кедергі барын айтады.
– Біздегі ең үлкен мәселе мынада, Үкімет қаулысымен бекітілген сомадан сметалық құнның қымбаттауы 1,262 миллиард теңге болып белгіленді. Сараптамадан өтті. Бірақ, әлі қосымша келісімшарт жасалған жоқ. Бүгінгі күнге 2 миллиард теңгенің жұмысы орындалды. Аяқталған жұмыстардың актісін қабылдауда да біраз мәселеге тап болдық. Қорыта айтқанда, құжаттарды рәсімдеу үшін 3-4 ай уақытымыз кетеді. Тағы бір мәселеміз – қажетті құрал-жабдықтарды тасымалдаушы компанияларды тауып, келісімшартқа отыру. Жұмыстың жүйелі әрі жоспарға сай жүргізілуі үшін бір-бірімен байланысты осы аталған мәселелердің шешілуі алаңдатып отыр, – дейді Азиз Бекбердиев.
Ал, 2025 жылы тапсырылатын нысандардың жоба көшбасшылары, яғни бас мердігерлері мен жобалаушыларының анықталмауы да көзделген уақытында тапсырылатынына күмән туғызады. Нысан жобалаушысының анықталмауы әкімдіктер тарапынан әзірленетін сыртқы инженерлік желілермен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды тежеп отыр. Себебі, мектеп пен сыртқы инженерлік желілердің қосылу нүктелерін сәйкестендіру қажет.
Аталаған мәселелер ертерек оң шешімін тауып, нысандардың құрылысы жоспарланған уақытында аяқталса, жайлы мектептің жас жеткіншектерге көрсетер пайдалы қызметі көп. Мектеп ішінде оқушылардың оқулықтары мен жеке заттарын сақтайтын шкафтар орнатылады. Бұл балалардың ауыр сөмке көтеруіне жеңілдік жасамақ. Сондай-ақ, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер парталар қойылып, ауыз су фонтандарымен де қамтылады. Мектептің әр қабатында тынығуға арналған алаңдар да қарастырылған. Бастауыш пен жоғары сыныптарға бөлек блоктар қарастырылып, әрқайсысының өз асханасы мен спорт залы болады. Сонымен қатар, мектептің заманауи интерьер бойынша жобаланып, талғамға сай безендірілуі де жасөспірімдердің қолайлы ортада білім алуына көтеріңкі көңіл күй сыйлары сөзсіз.
Жайлы мектептердің тағы бір артықшылығы – бірыңғай стандартпен жобалануы, яғни пән кабинеттері, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бірдей жабдықталады. Өңір әкімдеріне жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыру міндеттелген. Сондықтан да облыс әкімдігі өңірде салынатын жайлы мектептердің жоспарға сай орындалуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Әрі бұл өз облысымыздың оқушыларына жаңа уақыт талабына лайықты білім, тәрбие алуына үлкен мүмкіндік туғызбақ. Айта кетейік, елімізде 2023-2025 жылдары аралығында 401 жайлы мектеп салу жоспарланған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді