Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Жуалы ауданында қазіргі таңда 2300-ден астам шаруа қожалығы бар. Әр шаруа қожалығында бес немесе он адамнан жұмысшы болады. Шаруа қожалықтарына жұмысшы алу мәселесі мансап орталықтарымен жүргізіледі. Шаруа қожалықтарында жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға мемлекет тарапынан 29 000 теңгеден жалақы төленеді. Ал қалған соманы қожалық иесі арадағы келісім бойынша өзі төлейді. Барлық шаруа қожалықтары өз жұмысшыларын ресми түрде тіркегісі келеді. Ал, мансап орталықтары жұмысшылардан диплом талап етеді. Жұмысшылар әртүрлі жұмыстарды атқаратын болғандықтан, оларда белгілі бір салаға маманданған диплом жоқ. Тым болмаса кәсіби техникалық білім бойынша немесе колледжді аяқтағанын растайтын диплом болуы тиіс деген талаптары бар.
– Біз ауыл шаруашылығы бөлімі болғандықтан, шаруалардың талап-тілегін тыңдауға міндеттіміз және оларды қолдауымыз қажет. Өзіңіз ойлап көріңізші, дипломы бар адам мал бақпайды. Дипломы бар болса әртүрлі жұмыс істеуге мәжбүр болмас еді. Біз, ауыл шаруашылығы бөлімі мансап орталығынан осындай жұмысшылардың, яғни малшылардың, егіншілердің ресми түрде жалақы алып, зейнетақы қорына қаражаттарын жинап, медициналық сақтандыру бойынша барлық көмекті емін-еркін алуы үшін оларды ресми тіркеп беруін сұраймыз, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Біріншіден, жұмысшыларды шаруа қожалықтарына ресми түрде тіркеп берсе ауданның жұмыспен қамту бойынша көрсеткіші де жоғары болар еді. Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмыс алушының арасында келісімшарт болған жағдайда жауапкершілік ұлғая түседі. Барлығы заңды болғандықтан, жұмыс беруші де, жұмыс алушы да өз жауапкершілігінен жалтара алмайды.
Ауданда бізді алаңдатқан екінші мәселе – ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізу. Қазіргі таңда техника алу бойынша түрлі бағдарламалар бар. Мұндай бағдарламалар шаруалар үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Былтыр техниканы жаңалау көрсеткіші 11 пайыз болса, биыл мұны 14-15 пайызға жеткізу көзделген. Шаруалар техниканы «Аграрлық несиелік корпорация» және «Қазагроқаржы» корпорациялары арқылы алып жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық өнім отыз пайызға субсидияланады. Жақында шетелдік техниканы субсидиялау тоқтатылды. Шаруалар аграрлық несиелік корпорациядан 22 пайызбен несие алады. 22 пайыздың 16 пайызын мемлекет төлейді. Алты пайызы шаруалардың өзіне қалады. Мұндағы түйіткілді бөлім басшысы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Жергілікті бюджетте қаражат болмаған жағдайда 16 пайызды алты пайызға қосып шаруаның өзі төлеуге міндетті. Алайда, жергілікті бюджетке қаражат келгеннен кейін 16 пайыз шаруаның өзіне мемлекет тарапынан қайтарылады. Шаруалардың сұранысы мынадай. «Неге «Қазагроқаржы» корпорациясына аталған 16 пайыз соманы тікелей аударып, шаруалардың құзырына алты пайызды төлеуді қалдырмасқа?» Шаруалардың арасында аталған 16 пайыз мемлекет тарапынан 1-1,5 жылға дейін төленбеген жағдайлар кездесті. Бұл олар үшін үлкен салмақ. Шаруалар бұл қаражаттың өздеріне кейін міндетті түрде қайтарылатынын жақсы біледі. Бірақ, бір мезетте соншама соманы төлеу қалтаға әжептәуір салмақ салады, – дейді бөлім басшысы.
Үшінші мәселе – су тапшылығының жылдан жылға үдеп бара жатқаны. Қазіргі таңда ауа райы күн санап құбылу үстінде. Аудан бойынша 8600 гектар суармалы алқап бар. Олар Ақсай және Көксай каналдары арқылы суарылады. Қазір осы екі канал жөнделіп жатыр. Шаруалар бұған дән риза. Дегенмен, атап өткеніміздей, су жылдан жылға азайып барады. Бала кезімізде таулардың арасында қалың мұздықтар болатын. Олар шіліңгір шілдеде ғана еритін. Өкінішке қарай, қазір жыл сайын жауатын қардың да көлемі азайып кетті. Осыған байланысты егінмен айналысатын шаруалар тамшылатып суару және жаңбырлатып суару жүйелерін жетік меңгеру үстінде. Қазір мемлекет тарапынан құдық, яғни, ұңғыма қазуға 80 пайызға дейін субсидия беріліп жатыр. Бұл Су ресурстары және ирригация министрлігінің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау. Субсидияның 50 пайызы республикалық бюджеттен, 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінген. Шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суаруға да құдық қазуға берілген секілді 80 пайыз субсидия берілсе дейді.
Бөлім басшысының айтуынша, тыңайтқыштар бойынша ауданда ешқандай мәселе жоқ.
– Жыл соңына дейін 7000 тонна тыңайтқыш алуымыз керек еді. Біз бұл көрсеткіштің елу пайызын орындап қойдық. «Қазазот», «Қазфосфат» компаниялары тыңайтқыштарының бағасын біршама түсірді. Аммофос, селитра, гибрицидтер, пестицидтер, барлығы жеткілікті. Тыңайтқыш алуға да мемлекет тарапынан 40/60 пайыз субсидия бөлінген. Ал, мал шаруашылығы мәселесіне келетін болсақ, ауданымыз аграрлық аудан болғаннан кейін малшы табу өте күрделі мәселеге айналып барады. Аудандағы малшылардың айлығы кемінде 100 мың теңге. Малшылардың азайып кетуі адамдардың пейілінің өзгеруіне де байланысты деп ойлаймын. Себебі, қазір адамдар аз жұмыс істеп, көп ақша тапқысы келеді. Ауданда малшыларына 500 мың теңгелеп айлық беретін шаруа қожалықтары бар. Алайда, кейбір малшылар оның өзін дұрыс атқармайды, – дейді Ержан Байұзақұлы.
Жуалы ауданында тeк сүт өнімдері экспортталады. Ал, мал басы, яғни бұқалар көршілес Өзбекстанға тірідей жіберіледі. Өкінішке қарай, ауданда мал сою алаңдары тіркелмеген. Себебі, Жуалы ауданында мал көбінесе таулы аймақтарда бағылады. Ал таулы аймақтарға мал сою алаңдарын салу бірнеше бағыттар бойынша тиімсіз.
– Бізге кәсіпкерлер «мал сою алаңын салайық» деген ұсыныспен келген болатын. Алайда, олардың ұсыныстары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келген жоқ. Мал сою алаңын салу үшін ол нысан ауыл аймағынан кем дегенде жарты немесе бір километр алыста орналасуы тиіс. Біз кәсіпкерлердің ұсыныстарын қабылдауға дайын болдық. Алайда, қыстың күні қар жауған жағдайда, жаздың аптап ыстығында оларға етті орталыққа немесе қалаға тасымалдау өте тиімсіз болар еді. Дегенмен, малды тірілей экспорттауға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, бір шаруа қожалығына жыл сайын шет мемлекетке бес жүз бас мал өткізуге рұқсат берілген, – деп атап өтті ол.
Республикада теңдессіз саналған «Ауыл аманаты» жобасы ең алғаш Жамбыл облысында 2019 жылы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған болатын. Жоба аясында шаруаларға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілді. Бұл бағыт бойынша 2019 жылдан бері Жуалы ауданында алты ауыл жемісті жұмыс жүргізді. Алты ауылда алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар бүгінде кемі 500 гектар алқапты игеріп отыр. Барлығы толықтай техникамен қамтамасыз етілген. «Ауыл аманаты» жобасы бес бағыт бойынша несие береді. Біріншісі – үй іргесіндегі және аула сыртындағы жерді игеру. Екіншісі – жеке қосалқы шаруашылықтағы жерді игеру. Үшіншісі – мал бағытында болса, төртіншісі – ауыл шаруашылығы кооперативіне техника беріледі. Бесіншісі – кәсіпкерлік. Бұл жоба бойынша ауданда ешқандай кемшілік жоқ. Барлығы толық орындалды. Өкінішке қарай, жақында ғана қабылданған шешім бойынша аталған несие мал бағыты бойынша және техника алу бағыты бойынша берілмейтін болды. Бұл жөнінде де бөлім басшысының жауабын білдік.
– Мал бағыты бойынша несиенің тоқтатылуының бірден бір себебі – мал өсімінің болмауында. Ал, техникаға несие неліктен берілмей қалғаны белгісіз. Ауыл тұрғындары аталған жоба бойынша несие бес бағыт бойынша толық берілсе екен дейді. Тәжірибе көрсеткендей, «Ауыл аманаты» бойынша техника алған ауылдарда ешқандай мәселе жоқ. Себебі, біз ауыл шаруашылығы кооперативтеріне «ауыл тұрғындарының шөбін орып беруге, егінін жинауға қол ұшын бересің» деп міндеттеп бергенбіз. Жоба аясында несие алған ауылдар алынған жаңа техникалардың қызығын көріп жатыр. Мәселен, егін науқаны басталған кезде бір гектар жерді аударудың құны 10-12 мың теңгенің аралығында болады. Ал, ауыл шаруашылығы кооперативіне мүше болған шаруалардың жерін 8-9 мың теңге жеңілдікпен аударып беру мүмкіндігі бар. Себебі, мемлекет тарапынан алынған техника болғаннан кейін ауылға көмек көрсету бірінші кезекте тұрады. Біз үшін мал бағатын таулы аймақтарға кәсіп ашу қаншалықты тиімді екені түсініксіз. Мысалы, бір ауылға бір шаштараз, бір дүкен, бір пескоблок жасайтын кәсіпорын жеткілікті, – дейді Ержан Серкебаев.
Сала маманының айтуынша, былтыр өнім алдыңғы жылдағыға қарағанда аз болған. Өнімнің сатылымы да төмендеген. Оған Ресей мен Украина арасындағы әскери қимылдар әсер етіп отыр. Былтыр бидайдың бағасы 130-180 теңгеден есептелсе, биыл 80 теңгеден көтерілген жоқ. Cүттің бағасы да қатты арзандап кеткен. Былтыр сүттің литрі 245 теңге болса, биыл 130 теңге ғана. Аудан көбінесе сүт өнімдерін шығарумен айналысатын болғандықтан, сүтке біршама сұраныс бар. Сол себепті бұл жұмысқа ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмылып отыр. Қазіргі таңда елу бастан көп сауынды сиыры бар шаруа қожалықтарына сүттің әр литрі үшін жиырма теңгеден субсидия беріліп жатыр. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сол сүтті жинағаны үшін әр литріне жиырма теңгеден субсидия беріледі. Шаруалар тарапынан «жиырма теңгені ең болмаса отыз теңгеге көтерсе» деген тілек бар. «Сүттің бағасы қатты арзандап кеткен уақытқа осындай жеңілдіктер болса екен», – дейді ол.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді