Өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзгеден не қайыр...

Өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзгеден не қайыр...
Ашық дереккөз
Талай жылдардан бері түйткілді мәселе болып келе жатқан тағы да сол тілдің жайын айтамыз. Басты құндылығымыздың бірі ретінде бұл мәселеге көп ешкім алаңдамайтын сияқты. Неге десеңіздер, өңіріміздегі елді мекен атаулары ономастикалық қателерден арылатын емес. Бірін түзетсе, екіншісі шыға келеді. Осы орайда, аталған салаға жауапты мамандар мен жергілікті әкімдіктегілер мұндай олқылықтарға неге мән бермейді деген де сауал туатыны рас.

Байзақ ауданындағы «Аккия» деген ауылдың атын «Аққия» деп жазылуы керектігін айтып, мәселе көтердік. Бұл мәселе де әрең дегенде шешімін тапты. Сонымен қатар, Тараз қалалық электр жүйелері жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де мемлекеттік тілге қатысты мәселеге көңіл бөлмей келгенін жаздық. Бұл мекеменің екінші қабатындағы көрнекі құралдардың көбісі орыс тілінде жазылғанын, өрт сөндіру құралдары мен кіру-шығу белгілеріндегі жазуларды тек орысша оқуға тура келетінін жеткіздік.

Аталған серіктестіктің басшыларына облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары ескерту жасап, олар 30 күннің ішінде көрнекі құралдарын мемлекеттік тілге ауыстырамыз деп уәде еткенін газетке жаздық. Соның нәтижесінде жарықтандыру мекемесінде көрнекі құралдар қазақша түрінде жаңарды.

Бірақ, бұл қуанышымыз тағыда ұзаққа созылмады. Тараз-Алматы тасжолының бойындағы ауылдың атауы да қате жазылыпты. «Ұ» мен «У» әріпін ажырата алмай ма қайдам, «Ақбұлым» атты елді мекеннің есімін «Ақбулым» деп жазған. Бір әріптен жаңылғандар қатені байқаса да жылдам түзетуге талпынбады ма әлде әлі аңғармай жүр ме, ол жағын түсінбедік. Жамбыл ауданының аумағына жататын елді мекеннің тұрғындары ауылдың аты жазылған тақтайшаны ұялы телефонмен суретке түсіріп бізге жолдапты. Аудандағы тіл мамандарының сөзінше, тақтайшаны «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қызметкерлері немесе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары орнатқан.

 

– Қазіргі таңда Ақбұлым ауылдық округімен бірлесіп, аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Екі күн ішінде қателікті түзейміз. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлеріне осы жайды сіздер де жеткізсеңіздер. Олар елді мекен аттарын жазу кезінде мұндай кемшіліктерге жол бермесе екен. Біз маман ретінде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, олар мұндай іске немқұрайлылық танытатын секілді, – дейді Жамбыл ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Тұрсынхан Серікханұлы.

Ал, Тараз қаласының тұрғыны Мақсат Бегілдә айтылған мәселенің шешімі табылу үшін тек қарапайым халық шырылдау керектігін жеткізді. Осы салаға жауаптылар ел айтпаса істемейді деген пікірде.

– Мен осы өңірдің азаматы ретінде қоғамдық іске көп көңіл бөлемін. Әсіресе, мәдениетіміз бен руханиятымызға қатысты шараларға әрдайым атсалысуға дайынмын. Тіл – ұлтымыздың басты құндылығы. Бұл құндылықты арзандатып алмауымыз керек. Атымыз да, затымыз да қазақ болған соң өмір сүретін өлкеміздің де атын қазақша қатесіз жазуымыз керек. Талай ауылдардың қате жазылған атауларын оқып, қатты намыстанамын, – дейді Мақсат Бегілдә.

Расында, атымыз бен затымызды дұрыс жаза алмасақ, ұлт ретінде қалай дамымақпыз. Өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзгеден не қайыр.

 

Нұржан ӘЛІШ

 

 

Ұқсас жаңалықтар