Соғымбасына жиналған жұрттың iшiнде отырған ақ жаулықты әже әңгiменi сапырып отыр.
– Құдайға шүкiр, өзiме тиесiлi пенсиям жетедi деп, ауылкеңес тарап кетіп, былтырдан берi сандалып қалған баламды қалаға жiбердiм.
– Е, балаңыз жұмыс тапқан ғой, сiрә, – дестi танитындар.
– Иә, «дай дарогуда» iстейдi...
«Дай, дорогу». Әне, бiз сол уақыттарда тепсе темір үзетін соқталдай жап-жас азаматтарымыздың базарда нарықтың қамытын киіп, арбаға жегіліп, тәшкі сүйреп, осылай ақша тапқанына қуанатын мүсәпір кездерді бастан өткізгенбіз.
Қаратауда тұрамыз. Біз көшіп келгенде көшесі тақтайдай түзу, жиегіндегі арығынан су ағып жататын, жасыл желекті сұлу қала өткен дәуірдің тоқсаныншы жылдарының соңында жұрты жұпыны, өзі жүдеу, өңі сұрқай қалашыққа айналып үлгерген еді.
Жолығып қалған жолдас ағамыздан немен айналысып жүргенiн сұрадық.
– ЖКО-да iстеймiн, – дедi миығынан күлiп. Елең ете қалдық. Дәл мұндай шақта, әсіресе, ер азаматтарға екі қолға бір күрек табу қиынның қиыны еді ғой.
– Жилкомхоз ба?
– Жо-оқ. «Ж.К.О.» – «Жена кормит, одевает»...
Мекемесі жабылып, жұмысы қысқарып, еті тірі әйелінің қолына қарап қалған жiгiттiң ұтымды жауабына риза болсақ та, соңынан ойланып қалғанбыз сонда.
Жабырқау тартқан шыбын-жандарын «жаман» әзiлмен жұбатып күн көрген қайран замандастарым-ай.
Бұл да ештеңе емес шығар. Айтқыш халқымыздың ащы, уытты, ұзын тiлi аса қабiлеттi, жан-жақты қырлы, әйтсе де, күш-қажырын жұмсауға аянатын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді қалайтын немесе өмір-өзенде заманның ағымымен жарыса аққан адамдарды да түйремей қоймайтын.
Мұнда да сөздің ұшы тағы сол ауылдағы аңғал әжеден шығады:
«Кеше:
– Әже, балаңыз қалада ма?
– Иә, балам «рэкет» деген жұмысқа тұрған. Табысы шаш-етектен. Аузымнан ақ май ағып, жегенім – алдымда, жемегенім – артымда, жетiсiп қалғам жоқ па?! Апта сайын бiр мәшине мiнед...
Бүгiн:
– Әже, балаңыз келiп тұр ма?
– Балам бiр ай болды, үйден шықпайды. Тапқан-таянғанын басқа жаққа тасып жатыр, тасып жатыр... Машинадан да жұрдай.
– Е, неге?
– Қайдам, «косяк» деген жұмысқа ауысыпты ғой...»
Сол жылдардың осы анекдотына еріксіз езу тартатынбыз. Күлесіз. Күлесiз де Бейiмбеттiң (Майлин) iзiн бiлесiз. Бiлесiз де қазақ әдебиеті алыбының ұлылығына тағы да тәнтi боласыз. «Көп тоқтықтың бiр аштығы бар». «Сананы тұрмыс билейді». Ақшаның құзырына шарасыз бас иген ауылдастарым-ай... Әзiл болғанымен, астары ащы ақиқат.
«Қырық жамау» көңiлiмiздi амалсыз осындай «жаңа қазақтардың» «жаңа» әзiлiмен көтеретiнбіз...
Сол кездерде көп қауым Құдайдың емес, теңгенiң құлы боп, адамның ұлы болудан қалып бара жатқан сияқтанатын.
Қазір ше?.. Қазір қалай өзі?!. Жан-жағымызға қарайықшы...
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді