Тағдырдың жазғанына шарасыздықтан көндіккен қарттарымыздың хал-ахуалын білу мақсатында Тараз қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бардық. Жаздың жаймашуақ күнінде аулада таза ауамен тыныстап отырған қарттардың көңілсіз кейпін көргенде еріксіз көзге жас үйіріледі. Бұл орталыққа мемлекет тарапынан бар жағдай жасалып-ақ жатыр, бірақ өз отбасындағыдай жан жылуын сыйлай қоймасы анық.
1952 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының жалпы сыйымдылығы 150 адамға арналған. Қазіргі таңда орталықта 130 адам қызмет алып жүр. Оның ішінде 84-і ер адам болса, 46-сы әйел кісілер. Ұлты бойынша 53-і орыс, 34-і басқа ұлт өкілдерінен, 43-і қазақтар.
– Орталықта қарттарымызға жеті түрлі қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, мәдени, психологиялық, құқықтық, медициналық, экономикалық, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер. Бұл жақтағы тұрғындардың гигиеналық тазалығы басты назарға алынған. Сондықтан монша, шаштараз сияқты тазалыққа қатысты барша жағдай жасалған. Арнайы қызметкерлердің көмегімен жуындыру, шайындыру, тырнақ және шаш алу процестері үнемі жүріп тұрады. Тазалық жағынан ешқандай мәселе жоқ. Тұрғындар мұнда күнделікті сағат 07:00-де ұйқысынан оянады. Содан кейін 15 минут жаттығу жасайды. Физикалық терапия мамандары бір жарым сағатқа ерте келіп, ата-апаларды орнынан тұрғызып, жүргізіп, серуенге шығарып, содан соң емдік бөлмеге апарып, арнайы жаттығулар жасатады. Таңғы астан соң 1 сағат өздері қалаған іспен айналысады. Кей кісілер үйірмелерге қатысады. Жалпы, қарттарымызға айналысатын жұмыс жеткілікті, оған бар жағдай жасалған, – деді бізге орталықтың жағдайын таныстырған директор Мұрат Бердалиев.
Оның айтуынша, ата-аналарын орталықтан қайта алып кететіндер де жиі кездесіп тұрады. Бірақ, кейбірі ата-ана, туған-туыстарын уақытша алып кететін көрінеді.
– Бізде қосымша, «Еңбек терапиясы» деген бар. Бұл – қарттарымызды еңбекпен тығыз байланыстыратын қосымша қызмет түрі. Қарттар өз келісімімен мекеме ауласын абаттандыруға және көгалдандыруға көмектеседі. Қазіргі кезде ағаштарды суғаруға көмектесетін екі атамыз бар. Еңбек терапиясы тек физикалық аула жұмыстармен емес, одан бөлек, тоқыма, сурет салу, ән айтып, билеу арқылы да жүзеге асырылады. Мереке сайын ата-апаларымыз бірге ән шырқап, билеп, көңілдерін көтеріп тұрады, – дейді мекеме басшысы Мұрат Азимханұлы.
Аталған мекемеге екі жыл бұрын келген Үсен атай жұбайы өмірден өткеннен кейін жалғыздық жанына батқандықтан қарттар үйін мекен етіпті.
– Туған әпкем, бір ұл, бір қызым бар. Балам басқа қалада қызмет бабымен жүр, қызым осы қалада тұрады. Жатжұрттыққа жаралған қыз баланың үйінде тұра алмайсың. Қазір де қызым арасында келіп, хал-жағдайымды біліп тұрады. Мұнда жағдай өте жақсы, әр бейсенбі сайын моншаға түсіп тұрамыз. Мейірбикелер денсаулығымызға, тазалығымызға жақсы қарайды. Бос уақытымызда қаладағы Қарахан, Тектұрмас бабалардың кесенелеріне, сол секілді тарихи орындарға саяхат жасатып, театрға апарады. Кейде жастар концерттік бағдарламалармен мекемемізге келіп тұрады. Бос уақытымда физикалық жаттығулармен айналысамын, арасында Құран оқып тұрамын, аулада жиі серуендеп, таза ауамен тыныстап қайтамын. Мекеме ішінде спорттық жарыстардан дойбы, шахмат, арқан тартыс секілді ойындардан жарыстар ұйымдастырылады. Сондай жарыстардан да жүлделі орындарды жеңіп алғанмын. Қыста бөлмеміз жылы, мұнда жақсы жағдай жасалған. Ішкі жан дүниемде мені мазалайтын бір ғана жайт, ол – жалғыздық. Кімнің басынан не өтпейді. Кемпірім бар кезде мен мұндай жерге келемін деп ойлаппын ба? Жастарға айтар ақылым – жүрегі елім-жерім деп соғатын патриот болсын, әке-шешелерін сыйласа, жаман әрекеттерден аулақ жүріп, өтірік айтпай, ұрлық жасамаса, сонда ғана қалған жақсылықтары өзі-ақ алдына келеді, – деп ақсақал терең ойға берілді.
Азамат ЖАҚЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді