Ауылда туып-өскен іскер келіншек отбасын құруда да, кәсіпкерлікпен айналысуда да табысқа кенелуінің бір сыры – ата мен әженің тәрбиесінен деп біледі. Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында нағашы атасы мен әжесінің аялаған еркесі болып өскен ол мектепте де үздік оқушы болыпты.
– Ауыл маған өте ыстық. Сондықтан шығар, ауылдан кете алмаймын. Жастайымнан заңгер болғым келді, бірақ мектеп бітіргенімде әжем науқастанып, қасынан алыстап кете алмай, Қордайға жақын Қырғызстанның университетінде оқуыма тура келді де, ағылшын тілін таңдадым. Бір қызығы, тағдыр қосқан жолдасым Саят Жетібаев та нағашы аталарының қолында өсіпті. Ата мен әженің тәлімін алған баланың кездескен қиындықтарға төтеп бере алатын әрі әр нәрсені де тереңінен ойланып, дұрыс жол таба білетін көргенділігін жолдасым екеуімізден байқап жүрмін. Біз 1999 жылы отау тігіп, алғаш отбасылық кәсібімізді 2001 жылы бастадық. Жолдасым өзі ауыл шаруашылығымен айналысқысы келді, содан жиырма шақты қой, он шақты сиырмен «Бай-Нұр» шаруа қожалығын құрдық. Кәсіпкерлігіміздің атын Саят өзінің нағашы атасы мен апасының Байдәулет, Нұршайым есімдерінің алғашқы буынымен атады. Әрине, кез келген істі жаңадан бастағанда сын сәттер болады, сол кездерде енемнің үлкен көмегі тиді. Ол екі баласын жалғыз өзі өсіріп, жеткізген нағыз қайсар ана. Балаға деген ана махаббатының күштілігін мен енемнен көрдім. Өзі де көпбалалы отбасынан шыққан, көргені көп адам. Енемнің қолында тұрып, көп нәрсе үйрендім, – деген Айман Серікқызы қазір жолдасы екеуі тәрбиелеп отырған ұл-қыздарына да мейлінше ата мен әженің тәлімін көрсетуге тырысатындарын айтты.
Осыдан 23 жыл бұрын бастаған кәсіптері бүгінде үлкен бизнеске айналған. Қазір мұнда 150 адам жұмыс істеп, өз отбасыларын асырап отыр. Бұл шаруашылықта негізінен асыл тұқымды еділбай қойы мен қазақтың ақ бас сиырларын өсіреді. 2012 жылы шаруа қожалыққа Канададан абердин-ангус тұқымды 400 сиыр әкелген.
– Бұрын бағып көрмеген абердин-ангус сиырларын Канададан әкеліп, өсіру – біздің қожалықтың үлкен жетістігі еді. Әрине, жерсінуі бастапқыда қиын болды. Дегенмен, несиеге қыруар қаржы алып, әкелген соң өңірімізге үйретуге тура келді. Енді қазір сол асыл тұқымды сиырларды облысымызға таратып жатырмыз. Отар ауылдық округінде өзіміздің мал бордақылау орталығымыз бар, сол жерден семіртіп, тек өз облысымызға емес, Алматыға да ет комбинаттарына өткіземіз. Мұндағы мақсатымыз – халыққа қолжетімді бағада таза ет ұсыну. Енді биыл осы мақсатта сүт фермасын ашуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жеңілдетілген несие алып, халыққа таза табиғи сүт өнімдерін дайындап, ұсынсақ деген ойдамыз. Өзім ағылшын тілінің маманы болғандықтан, өткен сәуір айында Австрия, Италия, Голландия мемлекеттеріне барып, ондағы сүт шаруашылығымен айналысатын фермерлермен кездестік. Тәжірибелерімен таныстық. Іскерліктеріне тамсандық. Мысалы, бір отбасы мүшелері – әкесі, анасы, баласы, келіні бірігіп, сүтті сиырларды біреуі бағады, екіншісі жем-суын әзірлейді, үшіншісі сауады, төртіншісі өз цехтарында түрлі сүт өнімдерін әзірлейді. Сол арқылы отбасылық бизнеспен табыс тауып әрі халқын таза азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Біз жер аумағы бойынша дүние жүзінде 9-орындамыз, статистикаға сүйенсек, жайылымдық жерден 5-орында екенбіз. Бұл – Жаратқан иеміздің біздің халыққа берген үлкен сыйы ғой. Жапон мемлекеті секілді өз техникамызбен танылмасақ та, тым болмаса ауыл шаруашылығын дамытсақ, айтарлықтай олжаға кенелер едік, – дейді Айман Әшімова.
Табысын тек өзі ғана көруді күйттемей, «Тапқанымның пайдасын ел-жұртыммен бірге олжаласам» деген ниеттегі жанның жолы болып, жетістіктерге қол жеткізетінін Айманнан аңғардық. Қажет кезінде қайырымдылық жасап жүретін ол облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де қарапайым елдің мұң-мұқтаждығын билікке жеткізіп, түйінді мәселелердің шешімін табуға да еңбектеніп жүр.
– Қордай ауданында қыс қатты болады. Өздеріңіз де білесіздер, өткен жылғы қыс қатты сынады. Сол кезде шалғай елді мекендерде мал бағатын шаруалар қар астында қалып, оларды іздеуге шыққандар қалың қарда қиналмай жүре алатын көлік таппады. Міне, осындай кезде алыс аймақтардағыларды іздеп тауып, құтқаратындарға көлік қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдаған едім. Қазір қаржы қарастырылып жатыр, яғни бұл мәселе өз шешімін табады деген сөз. Тағы бір көтерген мәселем – осы аудандағы оқушыларға арналған интернатқа пандемия кезінде ковидке шалдыққандар жатқызылып, емделген. Бірақ, сондағы төсек орындар ауыстырылмапты. Тіпті, жиһаздары да ескірген. Аудандағы жалғыз интернаттың жағдайы осындай. Бұл мәселені көтергеніме бір жыл болды, «қаражат бөлінеді» дейді, бірақ әлі шешімін таппай жатыр.
Былтыр қараша айының соңында Amanat партиясының облыстық филиалының саяси бюросының қаулысымен әйелдер қанаты құрылды. Соның кеңесшісі ретінде облысымыздың он ауданы мен қалаларын аралап, әйелдермен кездесіп, пікірлерін тыңдадық. Мұндағы басты мақсат – әйелдерді жан-жақты қолдау. Жеке іс бастауға ниеттілерге көмектесіп, мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру, жастарды ғылымға тарту. Елімізде ғылыммен айналысатындардың 56 пайызы қыз-келіншектер екен. Мысалы, облыста 1 миллион 200 мың халық болса, соның 649 мыңы әйелдер екен, ал солардың 109 мыңы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Яғни, халқымыздың әлеуметтік дамуына, еліміздің экономикасын ілгерілетуге әйелдердің қосып отырған үлесі зор.
Amanat партиясының 16 бағдарламасы бар, соның ішінде «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жөнінде ауылдардағы әйелдерге ақпарат беріп, кеңесіп шықтық. Шалғайдағы елді мекендердегі көптеген келіншектер жеңілдетілген несиелер туралы білмейтін болып шықты. Әйелдер қанатының жұмысын алғаш тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталықтарына барып танысудан бастадық. Ондай орталық Тараз қаласында және аудандардан тек Қордайда ғана бар. Ал, басқа аудандарда тек кабинеттер ғана ашылған. Сондағы қызмет алатын әйелдердің әрқайсысының тағдыры әртүрлі, бірақ бәрі бірдей өмірлік жолдасы деп таныған күйеулерінен зәбір көргендер, әңгімелерін тыңдасаң, жүрегің езіледі. Мұндай жағдайлардың себебін іздесең, жұмыссыздықтың салдарынан әйелі күнкөріс көзін тапса, күйеуі қызғанады, енді біреуі енемен арадағы жанжалдың ушығуынан болған. Біздің халықтық салтымызда қыз баланы қонақ деп сыйлап, төрге отырғызып, тіпті көңіліне тимейтіндей мәдениетті сөйлеп, құрмет көрсетілген. Міне, осы дәстүрді жалғап, балабақшадан бастап қызға қандай құрмет көрсетілетінін, ұлды қалай ардақтайтынын үйретуіміз керек. Жас ұрпақтың бойына осыны көбірек сіңірсек, сонда дау-жанжал тумай, отбасылық құндылықты сақтар едік деп ойлаймын. Бір жағынан қарасаң, ер азаматтарға да қолдау қажет-ақ, қоғамнан өз орынын таппай жүрген жігіттер бар. Өмірге өкпелеп, күші жететіні өз әйелі болған соң, үйінің берекесін қашырып жүргендері қаншама, – дейді Айман Серікқызы.
Әйелдер қанатының мүшелері аудандарды аралағанда Меркі ауданында 18 жасқа дейін мемлекеттің қамқорлығын көрген мүмкіндігі шектеулі балалардың кәмелетке толғаннан кейін өз ісін ашуларына көмек керегі айтылыпты. Ал, Тараз қаласында инклюзивті білім беретін мектептерге арнайы мамандардың жеткіліксіздігі байқалған. Осындай мәселелердің шешімін іздеген депутат Айман Серікқызы тиісті орындарға хат жолдап, қолдан келген амалдарды жасауда. Оның әрбір көтерген мәселесінен балаларға деген қамқорлық байқалады. Сөз соңында өзі де «Басты мақсатым – балаларымды елдің өркендеп дамуына үлес қосатындай пайдалы азамат етіп тәрбиелеп, өсіру. Егер әрбіріміз мемлекетімізге адал қызмет етсек, халқымыздың игілігіне еңбектенсек, қазір көбіміз тамсанып айтатын әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылар едік», – деді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді