Ол 1971 жылдан бастап облыстағы мәдениет пен өнер саласының дамуына үлкен үлес қосты. Осы уақыттарда Шымкентте оқып, жоғары білімді маман атанып келген соң, қызмет жолын Талас ауданынан бастады. Қазақтың қара домбырасын қолына алып, Қаратау жұртшылығын ән-күйімен тербетті. Талас тұрғындарын тамылжыған әнімен әлдилеген әншілер тобы құрылды. «Алтын домбыра» үштігі деп аталатын өнер ұжымының пайда болуына ықпал жасады. Әрі өзі осы топтың құрамында өнер көрсетті. Сол жылдары Сағынтай Құлмамбетұлының саладағы серпінді қадамына сүйсінген басшылық облыс өнерпаздарымен бірге шетелге жібереді. Жамбылдың атынан сан мәрте өзге мемлекеттерде өнер көрсетіп, талантымен талайды мойындатты. Осы талантының арқасында «Үздік мәдениет қызметкері» және «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген төсбелгілерді кеудесіне тағады.
Сағынтай Құлмамбетұлының сөзінше, бұл сол кездегі үлкен марапат. Мұндай жетістікке көп адамның қолы жете бермейді. Сондай-ақ, ағамыздың адал еңбегінің арқасында қызметі өсіп, облыстың мәдениет ошақтарын басқаратын халық шығармашылығы орталығының директоры және осы мекеме басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Өңіріміздің мәдениет тарихында өшпейтін орны бар ол бүгінде өкінішке қарай, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында. Бұл орталықтан орын тапқанына 8 жыл болыпты. Сала ардагерінің қазіргі арбаға таңылған жағдайын көзбен көріп, ахуалын білу барысында өзімен де аз-кем тілдестік. Жасы 70-тен енді ғана асқан ақсақалдың халі мүшкілдеу секілді. Жүріп-тұрудан бөлек, құлағы естуден қалып, жадын жоғалта бастапты. Ардагерді іздеу-сұраушылар жоқ секілді. Оның жеке өмірі бізге жұмбақ. Бірақ, мәдениет пен өнердегі даңқы ешкімнен кем болған жоқ. Ақыны мен өнерпазын көзі кеткен соң іздейтін қазақтың қамсыздығы осындайда жаныңа бататыны рас.
Сағынтай Құлмамбетұлымен сөйлесу кезінде есінде қалған өнердегі әріптес іні-қарындастарының атын атады. Өзі қызмет алатын орталыққа қайырымдылық шарамен келіп тұратын өнер жұлдыздары Маралбек Бабақұловтың, Ғани Мәтебаевтың және Оңал Азаматовалардың есімдерін еске түсірді. Олар бұл кісінің жағдайын осы мекемеге ат басын бұрған сайын біліп тұрады екен.
№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Гүлжауһар Үшкемпірқызының айтуынша, Сағынтай ағамыздың қазіргі жағдайы тұрақты, күтімі жақсы. Төрт мезгіл тамақ ішеді. Күндіз-түні дәрігерлердің бақылауында. Күтушілер де әрбір қызмет алушыға қамқорлық таныта біледі.
Осы орайда ардагердің өзі қызмет еткен облыстық халық шығармашылығы орталығы мамандарымен де тілдестік. Ондағылар ардагердің жағдайын біліп тұратындықтарын жеткізе келе «Қарттар күні», «Мәдениет қызметкерлері күні» мерекелерінде құттықтайтындарын айтты. Бірақ, соңғы екі жыл ішінде ақсақал тұрып жатқан мекенжайға барудың реті келмепті.
Ал кейіпкерімізбен талай жыл әріптес болған мәдениет саласының ардагері Тамара Керімбайқызының пікірінше, Сағынтай Құлмамбетов «Еңбек ардагері» төсбелгісіне әбден лайық. Тек басқармадағылар аянып қалмаса игі.
Қазақта «Өткенге топырақ шашқанды келешек таспен ұрады» деген сөз бар. Қолда барды қадірлей білейік.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді