Аталған лицейге 2018-2019 оқу жылында жұмысқа орналасқан Батырхан Әбдікәрімұлы кешегіні танып-білуге ынтасы ауған жас жеткіншектерді тарих пәнінен республикалық және халықаралық сайыс алаңдарына шығаруды мақсат еткен. Көздеген мұратына қол жеткізіп те жүр.
– Жаңа жұмыс аптасына дайындық үшін жексенбінің кешінде міндетті түрде 2-3 сағатымды арнау әдетіме айналған. Білім алу үшін алдыңа келетін 20-30 баланың әрқайсысына үлкен жауапкершілікпен қарауға мұғалімдер міндетті. Себебі, әр баланың келешекте кім болатыны осы мектептегі әр сәтінен басталады. Былайша айтқанда, жолда жүргенде қауіпсіздік үшін бағыт беретін бағдаршам секілді, мектептегі мұғалімнің әрбір әрекеті, сөйлеген сөзі бала үшін – жол көрсетуші. Осыны барлық кезде есте ұстаймын. Сондықтан, жаңа жұмыс аптасында өтетін сабақтарыма жеке жоспар жасап, оған қолданатын көрнекіліктерім мен презентацияларымды жексенбінің кешінде әзірлеймін. Ал, жаңа күн басталатын әрбір таңда ұйқыдан оянғанда бірер минут сол күні өтетін сабақтарымды оймен екшеймін, – дейді Батырхан Худайбергенов.
Бұл лицей-интернатта сабақ таңғы сағат 08:30-да басталады. Ал, Батырхан жұмыс орнына сағат 08:00-де келді. Біз де осы уақытта онымен кездесіп, бір күндік жұмысын бақылап, қасында жүретінімізді айтып, мұғалімдер бөлмесіне бірге кірдік.
– Сабақ басталғанша бүгін балалармен жұмысымызда қолданатын көрнекіліктерімді дайындап, қажетті қағаздарымды принтерден шығарып аламын. «Білім-Инновация» лицей-интернатында оқитын балалар осында жатып оқитындықтан, сабақ сағат 08:30-да басталғаннан сағат 17:00-ге дейін жалғасады. Оқушылар сабақтардың арасында жеңіл тамақтану үзілісіне және түскі асқа шығады. Міне, осындай сәттерде олимпиадаға дайындап жүрген балаларыма қатысты және басқа да жеке шығармашылық жұмыстарымды орындап аламын, – деп бізге жұмыс жайын да таныстырып өтті.
Алғашқы сабағына бірге кірдік. Әуелі мұғалім оқушылармен жылы сәлемдесіп, жаңа сабаққа әзірліктерін, көңіл-күйлерін сұрады.
– Адам көңіл-күйі жақсы болмаса, жаңа ақпаратты жеткілікті деңгейде қабылдай алмайды. Сондықтан артық ойларды, мәселелерді санамыздан шығарып, бүгінгі жаңа тақырыпқа ден қояйық, балалар, – деп сөз бастаған мұғалім оқушылардан үй тапсырмасын сұрады.
Оқушылар да белсенді, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп жатыр. Соған қарағанда, алдыңғы тақырыпты балалар жақсы меңгергенге ұқсайды. Сабақтың қызықты өткені соншалық, 45 минут қалай өткенін байқамай да қалдық. Осылай бірнеше сабақ өткізген Батырхан Әбдікәрімұлы түскі үзіліс уақытында қазіргі уақытта қолға алынып жатқан «Бөлімдік жиынтық бағалау» және «Тоқсандық жиынтық бағалау» бойынша тапсырмаларын құрастырып, оған сараптама жасайтын жұмыстарымен айналысты. Түстен кейін де сабақтарын жалғастырды. Сағат 17:00-де оқушылар негізгі сабақтарын аяқтағаннан соң, оларды Батырхан қосымша сабаққа жинады. Бұл дәрісте оқулықтан басқа тарихи әдебиеттерді, хрестоматияларды қолдана отырып, тақырыптарды тереңдете оқытады екен. Кешкі сағат 18:00-де бізбен қоштасып, қала шетіндегі ауылда орналасқан үйіне қайтты.
Ол оқушыларына сабақ барысында айтқан тарихи деректерді, ежелгі ғимараттардың архитектураларын көзбен көрсетіп, таныстыру үшін сенбі күнгі демалысын саяхатқа арнайды. Оқушыларымен бірге өз облысымыздағы тарихи орындармен қоса, өзге өңірлерге де экскурсия ұйымдастырады. Сонымен қатар, сенбінің демалысында оқушылармен игерілген материалдарды бекіту үшін тест тапсырмалары, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ол мұғалімнің оқушылармен үнемі тікелей байланыс жасап отыруын маңызды деп біледі. Себебі, мұндай іс-шаралар оқушыларға тек академиялық ғана емес, рухани жағынан баюына септігін тигізеді. Осындай тәрбиелік мәндегі жасалған дүниелер оқушыларға зор ықпал етіп, оларды алға жетелейді, дайындалуға ынталарын арттырады.
– Осы лицейге жұмысқа келгенге дейін «Достық» білім беру орталығында жұмыс істедім. Бірақ, лицейдің жаратылыстану-математика ғылымына бейімделген олимпиадалық бағыты оқушылардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығының төмендігімен астасып, жоспарларыма өзіндік кедергілерін келтірді. Дегенмен, оқушыларымның Қазақстан Білім Олимпиадасынан жүлделі орындарды иеленуі ерік-жігерімді ұштай түсті. Өзге олимпиадалық топтардың жетістікке жетудегі тәжірибелерінен сабақ ала отырып, келесі жылдары оқушыларым облыстық олимпиадаларда топ жара бастады. Осылайша, Қазақстан тарихы пәні олимпиадасында өзара ықпалдастық жүріп, буындардың тұрақты алмасуы орын алды. Ең алғашқы ірі жетістік 2021-2022 оқу жылындағы Республикалық пән олимпиадасынан иеленген алтын медаль еді. Бұл өзге де жас тарихшыларға үлкен мотивация берді. Бірнеше оқушымен қатарымыз толығып, жаңа жоспарлар жасадым. Жоспарларым өз нәтижесін беріп, 2022-2023 оқу жылында екі бірдей оқушым Халықаралық Түркі дүниесі олимпиадасында толағай табыстарға жетті, біреуі алтын, екіншісі қола медальді жеңіп алды. Ағымдағы оқу жылында дайындықты одан әрі күшейтіп, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, облыстық олимпиададан 11 оқушы, республикалық олимпиададан 3 оқушы жеңімпаз атанды, – деді мақсаты айқын, талабы биік мұғалім Батырхан бізбен қоштасар сәттегі сұхбаттасуында.
Батырханның пікірінше, жетістіктерге қол жеткізгісі келетін әрбір ұстаздың өмірлік ұстанымы айқын болуы тиіс, ол ең алдымен тәрбиеге негізделсе ұтымды болмақ.
Қамар ҚАРАСАЕВАА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді