«Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылған еске алу кешіне арнайы шақырылған филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» директоры, археолог, тарихшы Сауран Қалиев, аталған орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова, облыстық архивтің бөлім басшысы – бас қор сақтаушы Жібек Есентаева, Мақұлбек Рысдәулеттің ұлы Нұрқуат Мақұлбекұлы қатысты.
Жиында алғаш сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ ардагер журналистің өнегелі өмірі мен шығармашылығына тоқталып, жылы естеліктерімен бөлісті.
– Мақұлбек ағамыз жан-жақты азамат. Оның азаматтық болмысының ерекшелігі – қалтқысыз қызметінің патриотизмге бағытталуында. Журналистің туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі журналистік қызметінде де айқын танылды. Аймақтың бас басылымы саналатын «Aq jol» газетінде редакторлық еткен жылдары оның басшылығымен газет бетінде тарихи, мәдени-рухани бағыттағы көлемді мақалалар жарияланып, кесек-кесек мәселелер өткір көтеріліп жүрді. Газеттің қосымшасы есебінде әр жылдары жарияланған мақалалар жинақталып, «Атпал Ақжол» жинағы жарияланды. Ағамыздың білікті басшы екендігі жастарға жол ашып, оларды үнемі қолдап отыратындығынан анық байқалатын, – деді профессор С.Кұлбарақ.
Сондай-ақ, жиында әдебиеттанушы Мақұлбек Қайыпбекұлының өлкетанушылық қыры туралы ой қозғап, облыстың 80 жылдығына орай жарым жылдан кем уақытта 80 томдық жинақ шығару ісіндегі табандылығын атап өтті. Ал, тарихшы Сауран Қалиев журналистің өлке тарихын зерттеудегі ерен еңбегі оның туған жеріне деген құрметінің белгісі екендігін айтты.
– Мақұлбек ағамызбен өңір тарихына байланысты ойларымыз жиі бір ортадан тоғысатын. Ол қандай істе болсын өзінің бірбеткейлігімен, тік мінезділігімен танылды. Оның бұл қасиеті туған жері Жуалы табиғатынан дарыса керек. Батыр Баукең мен Шерағаң секілді алты Алашқа танымал азаматтарды түлеткен киелі мекеннің таза ауасы мен тұмса табиғатындай тазалық ағамыздың бойынан да табылатын. Ғылымда нағыз зерттеушіге қажет қасиеттің бірі осы. Менің зерттеушілік қабілетімді арттырып, архив ісінде түрлі құжаттармен жұмыс істеуді үйреткен де сол кісі еді, – деді археолог Сауран Қалиев.
Бұдан бөлек, жиында жазушы-журналистің қайраткерлік қыры мен архив ісіндегі жемісті жұмыстары жайлы да сөз қозғалып, тұлға өмірінен естеліктер айтылды. Айта кету қажет, қаламгер архив саласында облыстың 75, 80 жылдық мерейтойларына қатысты жинақтар мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған құнды еңбекті құрастыруға да зор үлес қосқан. Сондай-ақ, жазушының қаламынан Жуалы жерінің тарихы мен өлкеден қанат қаққан танымал азаматтар, тағдырлы тұлғалар жайында «Бақатерек», «Желсаз», «Көңіл құсы», «Құс жолы», «Мәңгілік ерлік» сияқты бірнеше кітаптар жарық көрген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді