Есімің жердің бетінде, желдің өтінде емес, елдің есінде қалсын
- author «Ақ жол»
- 10 маусым, 2024
- 423
Ғылымда мұндай әрекет вандализм болып саналады. Бұл туралы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ой қозғап, қоғам тәрбиесіне алаңдаушылық білдірген еді. Келелі жиында Президент мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштерден бөлек, ауладағы ойын алаңдарындағы, көшедегі аялдамалар мен лифтілерді шимай-шатпақпен бүлдіру қоғамдық кесел екендігін, мұның бәрі тәртіпсіздік, мәдениетсіздіктен туындайтындығын баса айтып, өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керектігін жеткізген болатын.
Қоғамның мұндай кеселімен күресіп келе жатқандар да бар. Мәселен, былтырдан бері шаһар еріктілерінен құралған «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері «TazaLike» жобасы аясында вандализмге қарсы күрес жұмыстарын жүргізуде. Олар көне шаһардың басты тарихи орындарының төңірегін тазалап, тастардағы жабайы жазуларды өшірген.
– «Вандализмге жол жоқ!» Дәл осы ұран еліміздегі рухты жастарды біріктіріп, былтыр ауқымды акцияның басталуына түрткі болған. Еліміздің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық іс-шараға облыстың жастары да үлес қосып, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» кесенесі, «Төрткүл» керуен сарайы, сая-бақтар мен киелі орындардағы келеңсіз көріністерді ретке келтірді. Сондай-ақ, белсенділер жақын күндері қала аумағында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе отырып, қабырғаларға салынған есірткі граффити жарнамаларын жойды. Қоғамның айнасы, бет-бейнесі жасаған ісіміз арқылы көрінетіндіктен, үнемі жақсыға ұмтылып, жаманнан жиреніп, ізгі істің бастамашысы болуымыз керек, – дейді Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали.
Бұдан бөлек, бүгінде қала тазалығына жауапты басты мекемелердің бірі – «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екені белгілі. Аталған мекеме басшысының өндірістік істері бойынша орынбасары Айдын Бейсековтың айтуынша, бүгінде қаланың барлық саябақтарында бей-берекет жазылған жазулар мен көрікті жерлердің сықпытын құртқан суреттер жетерлік. Әсіресе, мұндай мағынасыз «мозайкалар» өңірдің тарихи нысандарында көптеп кездеседі.
– Қала аумағында Жеңіс, Желтоқсан, Денсаулық пен орталық саябақтарда, Жастар аллеясында, «Біз – біргеміз» монументі маңында, шаһардың шығыс қақпасында, тіпті, «Қазақ хандығы» ескерткішінің тұсында, Үшбұлақ жағалауында жабайы жазулар жетерлік. Әсіресе, қаланың орталығында орналасқан «Көне Тараз» этно-мәдени ескерткішінде бүлінген нысандар қатары көп. Оларды жою бойынша жүргізілетін жұмыстар ұзақ уақытты, қаражатты қажет етеді. Әдетте мұндай әрекеттер жастар тарапынан жасалады. Біздің әр аймаққа жауапты қызметкерлеріміз бүлінген нысандар туралы бірден орталыққа хабарлап, арнайы құрылыс бөлімі жөнелтіледі. Заңбұзушылар оқиға орынында ұсталған жағдайда, полиция пункттермен байланысып, соларға тапсырамыз. Алайда, мұндай сәтті жайттар үнемі бола бермейді, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Маман пікірі орынды. Өйткені, ешкім де жаман істі жалпыға жар салып жасамайтыны да анық. Десе де, көшеге жазу жазып, саябаққа сурет салу үшін де оның бір себебі болуы шарт. Осы тұста келешегіміздің кеселді іске байланып қалуына не түрткі деген сауалмен психолог мамандардың да пікірін білдік.
– Бір қарағанда көңіл аудара қоярлық іс еместей көрінгенімен, мұндай әрекеттер де вандализм болып саналады. Психологияда жағымсыз әдеттердің қалыптасуының негізгі алғышарты адам бойындағы ашу мен ызадан, үрейден, қаттылықтан пайда болады да, бұл бойдағы агрессия ошақтарының белгісі болып есептеледі. Мұндай әдеттерге отбасы институтындағы тәрбиенің әлсіздігі, баланы шамадан тыс еркіндікке жіберу мен жағымсыз орта әсер етеді. Бүгінгі ғылым 11 жастан асқан жеткіншектердің вандализмге жиі баратынын дәлелдеп отыр. Олардың бірі – жағымсыз іске ессіздіктен ұмтылса, бірі қызығушылықтан барады. Кеселдің жолын кесудің жалғыз жолы – алғашқы әрекеттің алдын алу, – дейді №2 қалалық емхананың психологы Замира Байдулаева.
Қалай десек те, қоғам мүлкіне қолмен зиян келтіру құптарлық іс емес. Осыны жете түсінген халық қалаулылары наурыз айында жаңа заң жобасын бекіткен болатын. Енді вандализм үшін 100-200 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Айыпталушы бұған келіспеген жағдайда 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылу арқылы немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынып жазасын өтейді. Ал, қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, 36 920 теңгеге өсті. Қылмыс қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі есеге артатын болады. Заңды қанша қатайтқанымен, жауапкершілік алдымен адамның өзіне артылады. Сондай-ақ, халқымыз қара жерге атын жаза бергенді де жақсыға балай бермейді. Сондықтан замандастарымыз есімін жердің бетінде, желдің өтінде емес, елдің есінде қалдырса екен дейміз...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді